Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/1653 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-2к/1653 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,

судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,

прокурор Л.Е.Жолманованың,

талап қоюшының өкілі М.Қ.Сугурбековтың, жауапкерлер А.Б.Жунисовтың, Сайрам ауданы әкімінің өкілі Х.Тойчибаевтің, Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімінің өкілі Л.Алтынбекованың, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі М.К.Садирмековтың қатысуымен бейнеконференциялық байланыс арқылы ашық сот отырысында, талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Габит Абдыкаппарович Журимбаевке, Анаркул Болатович Жунисовқа, Клара Алимхановна Бурихановаға, Сайрам ауданының әкіміне, Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінің әкіміне, «Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, нотариус Кайсар Нурмаханович Копбаевке мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі жауапкер А.Б.Жунисовтың Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына келтірген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 6 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Жауапкерлер Г.А.Журимбаев пен А.Б.Жунисовтың арасында жасалынған 2023 жылғы 27 сәуірдегі №1512 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты және Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі мен А.Б.Жунисовтың арасында 2023 жылғы 25 қыркүйекте №251 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырылған.

Жауапкер А.Б.Жунисов кассациялық шағымында Сайрам аудандық мәслихатының 2013 жылғы 27 тамыздағы №1811 бекітілген Бас жоспарына сай оның меншігіндегі жер учаскесі кәсіпкерлік аумақ деп көрсетілгеніне апелляциялық сот еш назар аудармай, істің мән-жайын дұрыс анықтамағанын,

материалдық құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін және прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Іс құжаттарына қарағанда, Сайрам ауданы әкімінің (бұдан әрі - Әкім) 2011 жылғы 29 қыркүйектегі №1047 қаулысының 1-тармағының 5- тармақшасына сәйкес, жауапкер Г.А.Журимбаевке Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі аумағынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жерден жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін алаңы 0,25 гектар жер учаскесі жеке меншік құқығымен табысталып, кадастрлық №19-295-057-4027 сәйкестендіру (мемлекеттік) актісі рәсімделген (бұдан әрі - Даулы жер).

2023 жылғы 27 сәуірде №1512 жер телімін сатып алу-сату келісім шарты (бұдан әрі - 1-Мәміле) негізінде Г.А.Журимбаев Даулы жерді жауапкер А.Б.Жунисовқа сатқан. А.Б.Жунисов жоғарыда аталған жалпы алаңы 0,25 гектар жер учаскесінің алаңы 0,03673 гектарынан бас тарту туралы өтініш беріп, алаңы 0,21327 гектарына жер учаскесіне жаңадан кадастрлық №19-295-065-2946 сәйкестендіру (мемлекеттік) актісі рәсімделген.

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі №268 шешімімен Даулы жердің нысаналы мақсаты кәсіпкерлік үшін үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін өзгертіліп берілген. Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі мен А.Б.Жунисовтың арасында 2023 жылғы 25 қыркүйекте №251 Даулы жерді сатып алу-сату келісім шарты жасалған (бұдан әрі - 2-Мәміле).

Департамент жауапкерлерге Даулы жерді заңсыз табыстаған деп Әкімнің 2011 жылғы 29 қыркүйектегі 1047 қаулысының 1-тармағының 5) тармақшасын, Қарасу ауылдық округі әкімінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі №268 шешімін және осы Даулы жерге қатысты жасалынған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 06 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюдың Әкімнің 2011 жылғы 29 қыркүйектегі 1047 қаулысы 1- тармағының 5) тармақшасын және Қарасу ауылдық округі әкімінің 2023

жылғы 18 қыркүйектегі №268 шешімін жарамсыз деп тану бөліктері бойынша сот іс жүргізу тоқтатылған.

2011 жылғы 23 қыркүйектегі №30 Аудандық тұрақты жер комиссиясының қорытындысының 8-тармағы 5) тармақшасына сәйкес жер комиссиясы Даулы жерді Г.А.Журимбаевке беруге келісімін берген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі -Жер кодексі) 43-бабы 2-бөлігіне сәйкес қабылданған жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде Әкімнің 2011 жылғы 24 қыркүйектегі №1047 қаулысының 1- тармағы 5) тармақшасымен жауапкер Г.А.Журимбаевке жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Даулы жерге жеке меншік құқығы табысталған.

Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағында осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар мөлшерде тегін беріледі.

Департамент талап қоюында аталған заң нормасына сілтеме жасай отырып, Әкімдік жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерден берілетіндігіне қарамастан жауапкер Г.А.Журимбаевке жайылымдық жерден Даулы жер учаскесі заңсыз берілген көрсеткен.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарғанда осы көрсетілген уәждерді, яғни бастапқы кезде Г.А.Журимбаевке жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Даулы жер учаскесі жайылымдық жерден берілгенін негізге алған.

Алайда, апелляциялық сот Әкімнің 2011 жылғы 24 қыркүйектегі №1047 қаулысымен Г.А.Журимбаевке Даулы жер учаскесі бөлінген кезде Жер кодексінің 102-бабының 1-тармағына (сол кездегі қолданыста болған редакциясында) сай, Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елді мекендердің жерінен және босалқы жерден берілетінін назарға алмаған.

Жер кодексінің 97-бабының 1-тармағына сай, ауыл шаруашылығының қажеттері үшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.

Осы баптың 4-тармағында ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жататыны көрсетілген.

Демек, сол кездегі қолданыста болған заң нормаларына сай азаматтарға қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерден берілген.

Даулы жер суарылмайтын жайылымдық жер болғандықтан Жер кодексінің 50-бабына сай Әкімнің 2011 жылғы 24 қыркүйектегі №1047 қаулысымен Г.А.Журимбаевке 0,25 га мөлшерінде берілген.

Сонымен қатар, Г.А.Журимбаевке Даулы жер учаскесі берілгеннен соң көп ұзамай, Сайрам аудандық мәслихатының сессиясының 2013 жылғы 27 мамырдағы №18-114/V шешімімен Қарасу ауылының бас жоспары бекітілген.

«Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мәліметінде дау туындап отырған кадастрлық №19295-065-2946 жер учаскесі Қарасу ауылының қолданыстағы бас жоспарына сай, жобаланған тұрғын үйлер аумағы ретінде көрсетілген.

Бұл мән-жай іске тіркелінген Қарасу ауылдық округіндегі орналасқан жеке тұрғын үйлердің схемасымен де дәлелденген.

Қазіргі кезде Даулы жер учаскесі тұрғын үйлер аумағына жатады.

Аталған себептерге байланысты кассациялық сот апелляциялық соттың Әкімнің 2011 жылғы 29 қыркүйектегі №1047 қаулысымен Г.А.Журимбаевке Даулы жер учаскесі Жер кодексінің талаптарын бұза отырып берілген деген тұжырымын негізсіз деп табады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 188-бабының 2- тармағына және Жер кодексінің 21-бабының 1-тармағына сай, меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.

Г.А.Журимбаевтің меншік иесі ретінде өз құқығын жүзеге асырып, 2023 жылғы 27 сәуірде Даулы жерді 1-Мәміле бойынша А.Б.Жунисовқа сатуы заң талаптарына қайшы келмейді және де бұл мәміле бойынша А.Б.Жунисов адал ниетті сатып алушы болып табылады.

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі №268 Даулы жердің нысаналы мақсатын кәсіпкерлік үшін үйжайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін өзгерту туралы шешімін қабылдағанда және осы шешім негізінде Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі мен А.Б.Жунисовтың арасында 2023 жылғы 25 қыркүйектегі 2-Мәміле жасалынғанда заң талаптарының бұзылуы орын алмаған.

Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы негізді.

Сондықтан кассациялық сот апелляциялық соттың қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ: Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысының күші жойылсын. Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 6 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкер А.Б.Жунисовтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.