Қ А У Л Ы
2025 жылғы 3 желтоқсан №6003-25-00-2к/2879 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,
талап қоюшы Ш.И. Жолдасов,
жауапкерлер Г.С.Туркменбаев, Р.М.Артикбоева,
«ASTER AUTO Шымкент» ЖШС-нің өкілі А.А.Жумабеков,
«Еуразиялық банк» акционерлік қоғамының өкілі Онгаров Ж.Д.,
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Жолдасов Шымыралы Изетбаевичтің жауапкерлер Туркменбаев Галымжан Сапарбаевичке, Ахметов Мухтар Сейтбековичке, Аманбеков Галымжан Кенесбековичке, Артикбоева Руза Мухаммадкизина, «ASTER AUTO Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамына берген, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Гарант 24 Ломбард» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, автокөлікті сату туралы келісім шарттарды және кепіл шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,
2020 жылғы 1 ақпанда Ш.И.Жолдасов пен «Гарант 24 Ломбард» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС-і) арасында талап қоюшыға тиесілі «Toyota Corolla» маркалы, 2013 жылы шығарылған, шанақ нөмірі 5ҮFBU4EEDP167272, түсі қара, мемлекеттік белгісі 730ВКА17 автокөлікті (бұдан әрі - даулы автокөлік) 5 500 000 теңгеге құнын бөліп төлеу арқылы сату-сатып алу шарты жасалған.
2020 жылғы 1 ақпанда осы мәмілені орындау мақсатында Ш.И.Жолдасов Б.С.Муслимовқа автокөлікті тіркеуден шығаруға және сатуға нотариуспен куаландырылған сенімхат берген.
Әрі қарай, даулы автокөлікті сату туралы бірнеше мәмілелер жасалған. 2020 жылғы 5 ақпанда Ш.И.Жолдасов (оның атынан әрекет етуші өкілі Б.С.Муслимов) пен М.С.Ахметов арасында, 2020 жылғы 20 ақпанда М.С.Ахметов пен Г.К.Аманбеков арасында, 2024 жылғы 4 қаңтарда Г.К.Аманбеков пен Г.С.Туркменбаев арасында, 2024 жылғы 20 наурызда Г.С.Туркменбаев пен «ASTER AUTO Шымкент» ЖШС-і арасында, 2024 жылғы 23 наурызда «ASTER AUTO Шымкент» ЖШС-і мен Р.М.Артикбоева арасында келісім шарттар жасалған.
2024 жылғы 27 наурыздағы Р.М.Артикбоева мен «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - АҚ) арасында жасалған кепіл шартына сай даулы автокөлік кепілге қойылған.
Ш.Жолдасов талап қоюында өзімен «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-і арасында жасалған мәміле алдау жолымен рәсімделгені себепті жарамсыз екенін, сондықтан осы мәміле негізінде жасалған келесі мәмілелер де жарамсыз
болатынын көрсетіп, соттан даулы автокөлікті сату-сатып алу туралы жоғарыда аталған келісім шарттарды жарамсыз деп тануды сұраған. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшы апелляциялық сатыдағы соттың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің, жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қаралып отырған іс бойынша аплелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Ақтөбе қаласының №2 сотының 2022 жылғы 26 тамыздағы заңды күшіне енген үкімімен сотталушы Ж.Т.Есіркепов және басқа да сотталушылар қылмыстық топ болып, 2018 жылы алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау мақсатында «Пайдалы несие» ЖШС-гі, «Гарант 24 ломбард» ЖШС-гі, «Estate Lombard» ЖШС-гі, «Nur-Ali Capital» ЖШС-гі қаржы пирамидаларын құрып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған, оның ішінде «Гарант 24 ломбард» ЖШС-нің басшысы А.П.Мурзабеков Ш.И.Жолдасовқа тиесілі даулы автокөлікті алдау жолымен иеленіп сатқаны анықталған.
Бұл қылмыстық іс бойынша Ш.И.Жолдасов жәбірленуші болып танылған және оған келтірілген материалдық залал мөлшері 5 500 000 теңгеге бағаланған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 158бабының 2) тармағына сай, қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен белгіленген мәміле маңызсыз болады.
Бірінші сатыдағы сот сот үкімімен даулы автокөлік Ш.И.Жолдасовтың меншігінен қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған әрекеттер салдарынан, оның ерік білдіру бостандығынсыз шығып қалғаны себепті, алғашқы мәміле де және одан кейінгі мәмілелер де жарамсыз болады деп тұжырымдаған.
Алайда, сот АК-нің 261-бабы 1-тармағының талаптарын ескермеген.
Осы заңға сай егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы болатыны белгіленген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 13) тармағына сай, соттар мәміленің жарамсыздығының салдарларын қараған кезде адамды адал иеленуші деп тану туралы жауапкердің қарсы талап қоюы талап етілмейді, өйткені бұл мәселені шешу іс бойынша дәлелдемелерге баға беру кезінде соттың міндетіне кіреді.
Апелляциялық сатыдағы сот даулы автокөлікке қатысты жасалған алғашқы сату-сатып алу шарты бойынша Ш.И.Жолдасовтың автокөлігін сатуға сенімхат арқылы «Гарант 24 ломбард» ЖШС-не өз қалауымен тапсырып бергенін, яғни оның өрескел бейқамдыққа жол бергенін, ал, автокөлікті сатып алушылар талап қоюшының алдануда болғанын білмегенін, білуге тиіс болмағанын, олармен жасалған мәмілелердің нысаны мен мазмұны заң талаптарына сәйкес келетінін ескеріп, жауапкерлердің адал иеленушілер болатынын анықтаған.
Мұндай жағдайда, аплелляциялық сатыдағы сот АК-нің 158-бабы 2- тармағында көрсетілген мәмілені жарамсыз деп тануға арналған негіздер талап қоюшы мен «Гарант 24 ломбард» ЖШС-нің арасында жасалған шарттан кейінгі мәмілелерге қатысты негіз бола алмайтыны жөнінде дұрыс тұжырым жасаған. Осыған орай, апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқаны заңды.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждерге апелляциялық сатыдағы сотта дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, сот актісі заңды әрі негізді, олардың күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев Судьялар А.Даненова
Судьялар
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.