КСАД РК - Постановление от 09.07.2026 по делу 6003-26-00-4к/876 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 9 шілде №6003-26-00-4к/876 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья Ә. Назарова, судьялар М. Қасымов, Д. Нұрлыбаева, жауапкердің өкілдері О[...], З[...] қатысумен

ашық сот отырысында талап қоюшы О[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) жер учаскесі туралы мәліметті жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізу әрекетін заңсыз деп танып, өзінің жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізуді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

О[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Мемлекеттік корпорацияның жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне А[...] жеке меншігіндегі Қызылорда қаласы, Саяхат тұрғын ауданы, 2 квартал, [...] учаске мекенжайындағы кадастрлық №[...] жер учаскесі туралы мәліметтерді талап қоюшы О[...] Қызылорда қаласы, Саяхат тұрғын ауданы, 30-көше, №[...] үй мекенжайындағы кадастрлық №[...] жер учаскесінің координаттары бойынша енгізу әрекеттері заңсыз деп танылған.

Мемлекеттік корпорацияға талап қоюшы О[...] Қызылорда қаласы, Саяхат тұрғын ауданы, 30-көше, №[...] үй мекенжайындағы кадастрлық №[...] жер учаскесін құқық белгілеуші құжаттарына сәйкес, нақты орналасуы бойынша жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізу міндеттелген.

Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Мүдделі тұлға А[...] өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференц байланыс арқылы қарауды сұрады.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сот мүдделі тұлғаның өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін дәлелді деп санамайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот жауапкердің өкілдерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 168-бабының 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 427-бабының 1-бөлігінің 1) тармағында апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту негіздері қарастырылған.

Осы әкімшілік іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайлар бойынша 2007 жылғы 16 ақпандағы Жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның ( бұдан әрі - жариялық комиссия) №2771 шешімімен талап қоюшы О[...] Қызылорда қаласы, Саяхат тұрғын ауданы, 4 квартал, нөмірсіз мекенжайы бойынша орналасқан, жер учаскесі мен тұрғын үйге меншік құқығы (кадастрлық нөмірі [...]) жария етілген ( қазіргі Саяхат тұрғын ауданы, 30 көше, №[...] үй) .

2007 жылғы 25 сәуірде О[...] жалпы көлемі 0,1 га жер учаскесіне сәйкестендіру актісі берілген.

Қызылорда қаласы әкімінің 2007 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен О[...] жеке меншік құқығы жария етілген тұрғын үйінің объектісінің қабылдау актісі бекітілген.

О[...] жеке меншік құқығы 2007 жылғы 23 қазанда тіркелген, жер учаскесіндегі тұрғын үйді пайдалануға рәсімделген объектіні қабылдау туралы акті 2007 жылғы 23 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.

Жер учаскесі координатталмаған, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - ақпараттық жүйе) тіркелмеген.

О[...] жер учаскесін координаттап, ақпараттық жүйеге енгізу туралы өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға жүгінген.

Мемлекеттік корпорацияның хатымен О[...] ақпараттық жүйенің деректер қорында оның жер учаскесінің орнында А[...] кадастрлық №[...] жер учаскесі туралы мәліметтер енгізілгені анықталғаны хабарланған.

Тараптар арасындағы дау жер учаскелерінің мәліметтері ақпараттық жүйеге дұрыс енгізілмеуінен туындаған.

Сотта анықталғандай, жариялық комиссияның 2007 жылғы 11 тамыздағы №9029 шешімімен мүдделі тұлға А[...] кадастрлық №[...], Қызылорда қаласы, Саяхат тұрғын ауданы, 2-квартал, 2 участок мекенжайындағы жер учаскесіне жеке меншік құқығы жария етілген.

Жер учаскесіне 2007 жылғы 16 қарашада кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі беріліп, жер учаскесіне А[...] меншік құқығы 2012 жылғы 12 наурызда тіркелген.

Алайда, талап қоюшы О[...] және мүдделі тұлға А[...] жер учаскелері координатталмаған. Соттар талап қоюды қанағаттандырған кезде мына мән-жайларды ескергені негізді.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 12-бабының 5-тармағына сәйкес бірыңғай мемлекеттік жер тізілімі-құқықтық, сәйкестендіру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын, мемлекеттік жер кадастры құрамындағы жер учаскелерін есепке алудың қорытынды құжаты болып табылады. Жер учаскелерінің құқықтық және сәйкестендіру сипаттамалары жер учаскесіне сәйкестендіру құжатында және жер кадастрлық жоспарында қамтылады. О[...] жер учаскесінің іс құжаттары бойынша жариялық комиссиясына жер учаскесінің сызбасы ұсынылған, сол сызбада жер учаскесінде тұрғын үй орналасқаны және іргелес көршісінің жер учаскесінде құрылыстың іргетасы болғаны көрсетілген.

Аталған жер учаскесінің сызбасындағы бұл мән-жайлар іс жүзінде нақты сол жер учаскесінде орналасқаны көшпелі сот отырысында анықталған, яғни О[...] жер учаскесінің сызбасы мен оның тұрғын үйі орналасқан жер учаскесі дәлме-дәл келеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы №160 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің Қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 3-тармағына сай жер кодексінің 152-бабының 7-бөлігіне сәйкес кадастрдың деректерін есепке алу мен оларды сақтау бірлігі тұйық шекарада бөліп шығарылған, белгіленген тәртіппен жер құқығы қатынастарының субъектілеріне бекітілген жер учаскесі болып табылады.

Қағиданың 6-тармағына сәйкес Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен ізденістер, жер мониторингі жөніндегі жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталарын, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын, жер-кадастр жоспарын дайындаумен қамтамасыз етіледі.

Яғни, жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді қалыптастыру кезде Қағиданың аталған тармақтарының талаптары сақтала отырып жүргізілуі тиіс.

Бұдан туындайтыны, жер учаскесі нақты орналасуы бойынша ақпараттық жүйеге енгізілуі және құжат бойынша сәйкес келуі тиіс.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметтері бойынша, ақпараттық жүйеде талап қоюшы О[...] тұрғын үйі мен жер учаскесі екі бөлек мекенжай бойынша орналасқаны анықталған.

Сондықтан, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімдері заңды және негізді болып табылады.

Соттардың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді, істе бар дәлелдемелермен расталады, әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарына қойылатын талаптарға жауап береді.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда мұделлі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М. Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.