Қ А У Л Ы 2026 жылғы 12 наурыз №6003-25-00-2к/4441 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшы өкілі А.Салиевтың, жауапкер өкілі А.А.Кругловтың, аудармашы Е.А.Төкештің бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Altynzhol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және шарт міндеттемелерін толықтай орындауды міндеттеу туралы электрондық азаматтық істі Cеріктестіктің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанына негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және шарт міндеттемелерін толықтай орындау міндеттелген, мемлекет пайдасына 3 932 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерін өзгертуді, талаптың мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді қарап, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-тің 449-бабының 2-бөлігінде кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы екені бекітілген.
2019 жылғы 4 қазанда тараптар арасында құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №36 шарт (бұдан әрі - негізгі шарт) жасалып, негізгі шарттың №1 қосымшасына сәйкес Серіктестік « 2 589 297 263 теңге құрайтын Өмірзақ» кентінен бастап Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автомобиль жолын салу. Түзету» құрылыс-монтаж жұмыстарын жасауға міндеттенген.
Негізгі шартқа 17 қосымша шарттар жасалған: 2019 жылғы 16 қазанда №1, 2019 жылғы 13 желтоқсанда №2, 2020 жылғы 13 наурызда №3, 2020 жылғы 11 мамырда №4, 2020 жылғы 8 желтоқсанда №5, 2020 жылғы 24 желтоқсанда №6, 2021 жылғы 12 қаңтарда №7, 2021 жылғы 15 маусымда №8, 2021 жылғы 26 қазанда №9, 2022 жылғы 26 желтоқсанда №10, 2023 жылғы 20 қаңтарда №11, 2023 жылғы 27 қаңтарда №12, 2023 жылғы 22 мамырда №13, 2023 жылғы 31 шілдеде №14, 2023 жылғы 17 қарашада №15, 2023 жылғы 5 желтоқсанда №16 және 2024 жылғы 21 маусымда №17 шарттар.
Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды қабылдап алу туралы актілеріне сай Серіктестікке барлығы 2 484 886 000 теңге төлеген.
№17 қосымша шарт талаптарына сай құрылыс-монтаж жұмыстары «Аумақтық қазынашылық органында шарт тіркелген күннен бастап 2024 жылдың 30 қазанына дейін» аяқталуы тиіс болған, 2024 жылғы 26 маусымдағы №7737778 хабарламаға сәйкес бұл қосымша шарт жергілікті қазынашылық органдарында тіркелген.
Алайда құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылғы 30 қазанға дейін аяқталуы тиіс болса да орындалмаған, Басқармамен кемшіліктерді жою және құрылыс монтаж жұмыстарын аяқтау жөнінде 2024 жылғы 1 қарашада ескерту хаты да жолданған.
Аталған мән-жайларды тараптар жоққа шығармады.
Бұл жағдайда жергілікті соттар тараптар арасында құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын тиісінше қолданып, Серіктестік өзіне жүктелген шарттық міндеттемелерін тиісті түрде орындамауына байланысты ол мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылуға жатады деген дұрыс қорытындыға келген.
Серіктестіктің 2021 жылғы 8 желтоқсаннан бастап 2023 жылғы 27 қаңтарға дейінгі жұмыстарды орындау мерзімі шарттармен реттелмегені туралы уәждері негізсіз болып табылады.
Себебі, негізгі шарт бірнеше жылға өтпелі шарт, негізгі және қосымша шарттардың барлығы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жасалған, оларға тараптар өз еріктерімен, орындау мерзімдері мен сомаларымен келісе отырып қолдарын қойған, бүгінгі күні Серіктестік тарапынан аталған шарттардың ещқайсысы дауланбаған, Серіктестік соңғы
№17 қосымша шарт талаптарымен келісіп, оған қол қойған, яғни жұмыстарды осы қосымша шартпен белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде міндеттеме алған. Сонымен қатар, соттар талаптың шарт міндеттемелерін толықтай орындауды міндеттеу туралы бөлігін қанағаттандыру жөніндегі шешімдерін Серіктестік негізгі шарт бойынша міндеттемелерін толық орындаудан бас тартқан жоқ деп негіздеген.
Жергілікті соттардың аталған тұжырымдары талаптың бұл бөлігін қанағаттандыруға негіз бола алмайды және материалдық құқық нормаларына қайшы келеді.
АПК-тің 4-бабына сәйкес азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, азаматтық айналымда заңдылықты сақтау, істің толық, уақтылы, әділ қаралуын және шешілуін қамтамасыз ету, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылады.
Азаматтық заңнамада бұзылған құқықты қорғаудың түрлі тәсілдері көзделген, олар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 9-бабында көрсетілген.
Басқарма негізгі шарт бойынша міндеттемелерді орындауды міндеттеу туралы талап қоюын негізгі шарттың тиісінше және жұмыстардың жобалықсметалық құжаттамаға сәйкес орындалмағанымен негіздеген.
Негізгі шартпен өз міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындамау үшін тараптардың жауапкершілігі көзделген.
Негізгі шарттың 8.4-тармағына сәйкес тауарды жеткізу мерзімі кешіктірілген жағдайда, тапсырыс беруші жеткізушіден шарттың жалпы сомасының әрбір кешіктірілген күні үшін 0,1 % мөлшерінде айыппұл (өсімпұл, айыпақы) өндіре отырып, шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
Сонымен қатар, Заңның 12-бабының 4-тармағымен негізгі шарт талаптарын бұзғаны үшін өнім берушіні мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп танудың негіздері белгіленген. Яғни, қолданыстағы азаматтық заңнамаға, Заңға, сондай-ақ негізгі шарт талаптарына сәйкес міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, айыппұл өндіріп алу не шартты бұзу түріндегі жауапкершілік көзделген. АК-тің 8-бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.
Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады. Сотта Серіктестік тарапынан міндеттемелердің орындалмағаны, нысанның пайдалануға берілмегені, негізгі шарттың әрекеті 2025 жылғы 31 желтоқсанда тоқтатылғаны анықталды.
Басқарманың қойған талабы бұзылған немесе даулы құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталмағандықтан, ал міндеттемелерді орындау міндеті Негізгі шарттың өзінен туындағандықтан, Негізгі шарт бойынша міндеттемелерді орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары ретінде орындаушыны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және айыппұл (өсімпұл) өндіру көзделген. Сондықтан азаматтық құқықтарды қорғаудың қатке тәсілін таңдау талап қоюдың шарт міндеттемелерін толықтай орындауды міндеттеу туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартуға дербес негіз болып табылады.
Бұл талаптар заңға негізделмегендіктен, ал жұмыстарды орындау негізгі шарт негізінде міндет болып табылатындықтан, негізгі шарт бойынша жұмыстарды орындауды міндеттеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту қажет.
Істің мұндай тұрғысында соттардың сот актілері өзгертіліп, талап ішінара қанағаттандырылуға, талаптың шарт міндеттемелерін толықтай орындауды міндеттеу туралы бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің талап қоюшы «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Altynzhol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шарт міндеттемелерін толықтай орындауды міндеттеу туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер «Altynzhol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.