№6001-22-00-6ап/2622
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 30 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, жауапкерлердің өкілдері Н[...], С[...], мүдделі тұлға «АB2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі Х[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Э[...]» ЖШС-нің жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алу басқармасы), «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Энергетика басқармасы) конкурс қорытындылары туралы хаттамаға дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысы мен жеке ұйғарымына Мемлекеттік сатып алу басқарманың келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол конкурстық комиссияның қорытындысымен келіспей, «A2[...]» ЖШС-на шартты жеңілдік артық есептелгенін көрсеткен. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Шымкент қаласының «Тұран» шағын ауданында солтүстік шығыс бөлігіндегі инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым салу (№1№13 көшелерді жарықтандыру. Бағдаршам объектілерін жайластыру)» бойынша 2022 жылғы 1 маусымдағы №7315848-ОК2 мемлекеттік сатып алу қорытындылар туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «AB2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы 2022 жылғы 23 маусымдағы №115 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарты жарамсыз деп танылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2022 жылғы 26 қазандағы жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан орын алған заң бұзушылықтар жөнінде Шымкент қаласы әкімінің назарына жеткізілген.
Жауапкер кассациялық шағымдарында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
«Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекеме мен талап қоюшының істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарау туралы өтінішхаттары қараусыз қалдырылады, өйткені сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, Мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдастыруымен «Шымкент қаласының «Тұран» шағын ауданында солтүстік шығыс бөлігіндегі инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым салу (№1-№13 көшелерді жарықтандыру. Бағдаршам объектілерін жайластыру)» жұмыстары бойынша ашық конкурс өткізілген. Жұмысты сатып алудың жоспарланған құны - 1 590 170 152 теңге.
Конкурсқа 9 өнім беруші өтінім тапсырған: «AB2[...]» ЖШС, «ХШ[...]» ЖШС, «JKQ[...]» ЖШС, «ГХ[...]» ЖШС, «Э[...]» ЖШС,«СИЖ7[...]» ЖШС, «ОС[...]» ЖШС, «ЭК[...]» ЖШС, «ҚҚ[...]» ЖШС.
Өзге әлеуетті өнім берушілерге конкурстық комиссия келесідей шартты жеңілдіктер берген: «AB2[...]» - 10%, «ХШ[...]»– 9,6 %, «ҚҚ[...]»– 8,4%, «Э[...]» - 8%, «JKQ[...]»– 5%, «ОС[...]»– 4,7%, «ГХ[...]» - 1%.
2022 жылғы 1 маусымдағы №7315848-ОК2 қорытындылар туралы хаттамаға (бұдан әрі - даулы хаттама) сәйкес конкурс жеңімпазы ретінде «AB2[...]» ЖШС, екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ретінде «ХШ[...]» ЖШС айқындалған.
2022 жылғы 23 маусымда Энергетика басқармасымен «AB2[...]» ЖШС арасында №115 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
Талап қоюшы қорытындылар туралы хаттамасымен келіспей, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2022 жылғы 3 маусымда шағымданған.
Департамент тарапынан 2022 жылғы 22 шілдедегі хатымен шағым қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы Департаменттің жауабымен келіспей, 2022 жылғы 24 маусымда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Комитет) шағыммен жүгінген.
Комитет веб-порталды зерделеу нәтижесінде әлеуетті өнім беруші «AB2[...]» ЖШС-нің жұмыс тәжірибесі үшін шартты жеңілдігі 6,4%-ға тең екендігін анықтап, Департаментке аталған дәлелдерді ескере отырып, өтінішті қайта қарау жөнінде 2022 жылғы 8 шілдеде тапсырма хат жолдаған.
Кейін Департамент тарапынан аудиторлық іс-шара жүргізіліп, оның нәтижесімен, аталған конкурс бойынша жеңімпаз болған әлеуетті өнім беруші - « «AB2[...]» » ЖШС-нің жұмыс тәжірибесі дұрыс есептелмей жұмыс тәжірибесіне 6,4% орнына, негізсіз 10% шартты жеңілдік берілгені анықталған. Сонымен қатар, талап қоюшы «Э[...]» ЖШС-нің жұмыс тәжірибесі дұрыс есептелмей 10% орнына, негізсіз азайтылып 8% шартты жеңілдік берілгені анықталған.
Департамент тарапынан электрондық аудиторлық есеп 2022 жылғы 29 шілдеде жолданған, Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан бұл аудиторлық есепке қарсылық түспеген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырып, « «AB2[...]» » ЖШС-нің жұмыс өтіліне шарттық жеңілдік артық заңсыз есептегені, керісінше конкурстық комиссиясы талап қоюшының жұмыс өтіліне қатысты жеңілдікті кем есептегенін анықтаған.
Сонымен қатар Департамент тарапынан жүргізілген аудиторлық ісшара барысында конкурстық комиссия тарапынан заң бұзушылықтар орын алғаны анықталған.
Осыған қоса жеке ұйғарымда Мемлекеттік сатып алу басқармасында жоғарғы орган тарапынан бақылау мен талдау жоқ екендігі көрсетіліп, Шымкент қаласы әкімінің назарына жеткізілген. Соттардың бұл тұжырымдары негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
«АB2[...]» ЖШС-нің өкілінің сот алқасына тапсырған мемлекеттік сатып алу туралы веб-порталда «құрылыс түрі» бөлімдегі «AB2[...]» ЖШС-нің жұмыс тәжірибесі бойынша мәліметтерді «Жаңғыртудан» «Реконструкциялауға» түзетілгені туралы хат сот алқасымен назарға алынбады. Себебі бұл түзету «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (конкурс жарияланған кезде қолданыста болған) 100, 101тармақтарына қайшы жасалып, заңсыз енгізілген.
Бұл жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы веб-порталда электрондық депозитарийдің мәліметтеріне түзету енгізу тәртібі бұзылуына байланысты сот алқасы Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің атына жеке ұйғарым шығарды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысы мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
«Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс.
Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.