Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 маусым №6003-26-00-4к/895 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья М.А. Манабаева,
судьялар - Н.Е. Нуралыева, Н.М. Кабдрахманова
талап қоюшының өкілі Т[...], жауапкердің К[...] қатысуымен
ашық сот отырысында О[...] «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жауапкерге жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қыркүйектегішешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды. Шағымының негіздемесі ретінде соттар тәуелсіз сарапшының қорытындысын негізсіз басшылыққа алғанын, ал арыз иесінің пікірінше, сарапшы өзіне қойылған сұрақтардың шегінен шығып, арнайы тергеп-тексеру комиссиясының құзыретіне жатады өндірістегі жазатайым оқиғаның өндіріспен байланыстылығы туралы мәселені іс жүзінде шешкенін көрсетеді. Сондай-ақ арыз иесі жұмыс берушінің қызметкерді міндетті медициналық қараптексеруден өткізбегеніне, жазатайым оқиғаны қайтадан тергеп-тексеру жүргізу кезінде жіберілген бұзушылықтарға, атап айтқанда талап қоюшының өкілі комиссия құрамына енгізілмегеніне және істің мән-жайы толық зерттемегеніне сілтеме жасайды.
Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының өкілінің түсініктемесін, жауапкер өкілінің қарсылығын тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, мынадай тұжырымға келді.
Қазақстан Републикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі -ӘРПК)169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Төменгі тұрған соттар осы іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол бермеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 26) тармақшасына сәйкес еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі. Еңбек кодексінің 186-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскерлердің еңбек қызметіне байланысты және еңбекке қабілетсіздігіне не қайтыс болуына әкеп соққан денсаулығының зақымдану жағдайлары тергептексерілуге жатады. Бұл ретте, туындаған зардаптар мен зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлардың әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстың анықталуы жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты деп танудың міндетті шарты болып табылады.
Еңбек кодексінің 188 және 189-баптарына сәйкес жазатайым оқиғаның мән-жайларын, себептерін анықтау және оның еңбек қызметімен байланысы болуы не болмауы туралы шешім қабылдау жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құзыретіне жатады.
Соттар анықтағандай, «Каламкас Газ» АҚ-мен еңбек қатынастарында болған С[...] 2021 жылғы 26 желтоқсанда жұмыс орнында болған кезде денсаулығының жай-күйі күрт нашарлап, кейіннен қайтыс болған.
Соттар тәуелсіз сарапшы Т[...] қатыстырып, 2024 жылы комиссия жүргізген қайта арнайы тергеп-тексеру нәтижелері бойынша С[...] миокард инфарктінен туындаған денсаулық жағдайының кенеттен нашарлауы салдарынан қайтыс болғанын анықтаған. Бұл ретте, қызметкердің қайтыс болуына байланысты себептік байланыстағы зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлардың әсері анықталмаған.
Аталған мән-жайлар тергеп-тексеру материалдарымен, тәуелсіз сарапшының қорытындысымен және оның сот талқылауы барысында берген түсіндірмелерімен расталады. Сарапшы С[...] қайтыс болуына миокард инфаркті себеп болғанын, ал өндірістік факторлар аталған жағдайдың дамуына әсер етпегенін растаған. Кассациялық шағымның сарапшы өзіне қойылған сұрақтардың шегінен шығып, жазатайым оқиғаның өндіріспен байланыстылығы туралы мәселені өз бетінше шешкені туралы уәждері негізсіз болып табылады. Іс материалдары бойынша сарапшы тек өзінің арнайы біліміне қатысы бар медициналық мәселелерді зерттеген, ал қызметкердің қайтыс болуының еңбек қызметімен байланысты еместігі туралы түпкілікті қорытындыны арнайы тергеп-тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 188 және 189-баптарында берілген өкілеттіктері шегінде қабылдаған. Дауланып отырған актінің заңсыздығын растамайды, сарапшының бұрын берген, жұмысшының амбулаториялық картасында көрсетілген аурулар мен өлімге әкелген жедел коронарлық синдром арасындағы себептік байланыстың жоқ екені туралы қорытындысына сілтеме жасауы да негіз болып табылмайды.
Бұл дауланып отырған актінің заңсыздығын дәлелдемейді, сондай-ақ арыз иесінің қызметкердің амбулаториялық картасында көрсетілген аурулар мен оның қайтыс болуына әкеп соққан жедел коронарлық синдром арасындағы себеп-салдарлық байланыстың жоқтығы туралы сарапшының бұрын берген қорытындысына сілтеме жасауы да аталған мән-жайларды теріске шығармайды. Аталған қорытындының өзі өлімнің өндірістік факторлардың әсерімен байланысын растамайды және жүргізілген тергептексеру нәтижелерін жоққа шығармайды.
Сондай-ақ, арыз иесінің жұмыс беруші Еңбек кодексінің 182 және 185баптарының міндетті мерзімді медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға қатысты бөлігінің талаптарын бұзғаны жазатайым оқиғаның өндірістік сипатта болғанын дәлелдейді деген уәждері де негізсіз.
Соттар қызметкердің соңғы медициналық тексеруден 2020 жылғы 27 шілдеде өткенін анықтаған, алайда іс материалдарында кезекті медициналық тексерулердің өткізілмеуі оның қайтыс болуына себеп болғанын немесе орын алған салдарлармен себептік байланысы бар екенін растайтын дәлелдемелер жоқ. Жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарын бұзғаны зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлардың әсері болмаған жағдайда, оқиғаны еңбек қызметімен байланысты деп тануға сөзсіз негіз бола алмайды.
Кассациялық шағымның тергеп-тексеру толық жүргізілмегені, заңды күшіне енген сот актілері тиісінше орындалмағаны және талап қоюшының өкілі комиссия құрамына енгізілмегені туралы уәждер де соттардың тұжырымының заңдылығын теріске шығармайды. Соттар анықтағандай, бұрын жасалған актілердің күші жойылғаннан кейін жауапкер соттардың нұсқауларын ескере отырып, жаңадан тергеп-тексеру жүргізген, іс бойынша барлық қолда бар дәлелдемелерді зерттеп, тәуелсіз сарапшының қорытындысын алған. Бұл ретте, арыз иесі аталған бұзушылықтардың салдарынан анықталмай қалған әрі комиссияның қорытындыларына әсер етуі мүмкін мән-жайларды көрсетпеген.
Істің мұндай тұрғысында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар С[...] қайтыс болуы өндірістегі зиянды немесе қауіпті факторлардың әсерінен емес, денсаулық жағдайының кенеттен нашарлауы салдарынан болған деген қорытындыға келгені дұрыс. Осыған орай, бұл оқиғаны еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп тануға ықпал ететін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 1 және 186-баптарында көзделген негіздер жоқ.
Кассациялық шағымның уәждері соттар анықтаған іс мән-жайлары мен зерттелген дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Алайда бұл мәнжайлар мен дәлелдемелерге төменгі сатыдағы соттар тиісті құқықтық баға берген. Сондықтан, кассациялық сатыдағы сот төменгі сатыдағы соттардың материалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсететін қандай да бір негіздерді анықтамады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
М. Манабаева
Төрағалық етуші
Судьялар Н. Нуралыева
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.