6001-23-00-6ап/2334
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшы С[...] жауапкерлер жеке сот орындаушысы У[...], «ST[...]» ЖШС-не, «НИ[...]» ЖШС-не 2023 жылғы 24 мамырдағы тыйым салу қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 маусымдағы ұйғаруына және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 шілдедегі ұйғаруына талап қоюшының өкілі Д[...] келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
С[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгініп, негіздемесінде 30 қараша 2020 жылы «НИ[...]» ЖШС-нің директоры Б[...] сату-сатып алу шартына сәйкес соққылы ұнтақтатқыш-сұрыптау құрылғысын сатып алғанын, алайда сот орындаушысы аталған құрылғыға негіссіз тиым салғанын негіздеген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 маусымдағы ұйғарымымен талап арыз қараусыз кері қайтарылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Д[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданаған сот актілерімен келіспейтіндігін көрсете келе, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай аталған ұйғарымдардың күшін жоюды, істі негізінен қарау үшін бірінші саты сотына қайта қарауға жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 127-бабына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі шешімі мен әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе мұндай әрекеттерді жасаудан бас тартуға өндіріп алушы немесе борышкер сотқа шағым жасай алады.
Іс құжаттарына қарағанда, атқарушылық іс жүргізу Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «ST[...]» ЖШС-нің пайдасына «НИ[...]» ЖШС-нен ақшалай соманы өндіріп алу туралы берген атқару парағының негізінде қозғалып, оның шеңберінде борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы қаулы қабылданған.
Аталған қаулымен келіспеген талап қоюшы С[...] оны даулау туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алайда, С[...] аталған атқарушылық іс жүргізу өндірісі бойынша өндіріп алушы немесе борышкер болып табылмайды, ал тыйым салынған мүліктің иесі екенін, яғни мүдделі тұлға екенін дәлелдейтін дәлелдеме табыстамаған.
Талап қоюшының ұсынған 30 қараша 2020 жылғы «НИ[...]» ЖШС-нің директоры Б[...] сату-сатып алу шарты тиісті түрде тіркеуден өтпеген, яғни даулы мүліктің иесі екенін дәлелдейтін құжат табыстамаған.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, егер арызға оған қол қоюға және немесе оны ұсынуға өкілеттігі жоқ адам қол қойса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Жергілікті соттар талап арызды қайтару туралы шешім қабылдағанда талап қоюшы АПК-нің 251-бабына сәйкес мүлікті тыйым салудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқығы бар деген тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 маусымдағы және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Б.Т. Нажмиденов
Е.Ж. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.