Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2614 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-2к/2614 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова, аудармашы Р.А.Таласпаева, талап қоюшының өкілдері И.Б.Болатов, С.Баганаев, жауапкер Д.Д.Дарменкулова, оның өкілдері Д.М.Мұрат, А.Э.Свечниковтің қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Шинар Булатовна Матжанованың жауапкер Диана Даулетбайқызы Дарменқұловадан қарыз ақшаны өндіру туралы талап қоюымен қабылданған

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ш.Б.Матжанова сотқа қойған талап қоюында жауапкер Д.Д.Дарменқұловаға қолхат арқылы қолма-қол 2024 жылдың 1 қаңтарында 11 300 000 теңге қарызға ақша бергенін, осы уақытқа дейін жауапкер сол соманың тек 800 000 теңгесін қайтарғанын, қалған ақшаны қайтармағанын көрсетіп, жауапкерден 10 500 000 теңге қарызды және сот шығындарын өндіруді сұраған.

Ақтөбе облысы Қобда аудандық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтамағанын, атап айтқанда сотпен 2024 жылғы қаңтарға дейін осы қарыздың 8 415 570 теңгесі қайтарылғанын көрсеткен. Сондықтан, алқаның қаулысын бұзып, істі апелляциялық алқаға басқа құрамда қайта қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық сот жауапкерді және оның өкілдерінің шағымды қанағаттандыру туралы уәждерін, талап қоюшының өкілдерінің шағымға қарсылықтарын тыңдап, шағым уәждерін тексеріп, төмендегі негіздерге байланысты қаулы күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 277- баптарына сәйкес мiндеттеме-мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес уақтылы орындалуға тиiс.

АК-нің 290-бабына сәйкес мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.

Көрсетілген заң талабы бойынша борышқор қарызды толық немесе ішінара өтеген кезде несие берушіден орындаған бөлігі бойынша қолхат талап етуі қажет. Жауапкердің талап қоюшыдан 11 300 000 теңге қарыз алғандығы дауланбайды.

Сот отырысында талап қоюшы тарапынан электронды іске тіркелген қолхат зерделенді, осы қолхаттың мазмұны төмендегіше «Мен Дарменқұлова Диана 01.01.2024 ж. Матжанова Шынар Болатовнадан 11 300 000 (он бір миллион үш жүз мың теңге) алғанымды растаймын. Осы сумманы 1-жыл көлемінде бөліп, толық төлеймін 01.01.2025 ж. 01.01.2024. жауапкердің қолы».

Қолхат мазмұны бойынша жауапкер талап қоюшыдан 2024 жылғы 1 қаңтарда қарызға ақша алғаны көрсетіліп, бұл қарыз 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін бөліп қайтарылатыны көрсетілген. Жауапкердің 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін қарыздың 8 415 570 теңге бөлігін қайтарғандығы туралы уәжі өз дәлелін тапқан жоқ.

Тараптар арасындағы туындаған мәмілені жарамсыз деп тану туралы Ақтөбе облысы Қобда аудандық сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі №154225-00-2/122 азаматтық ісі бойынша қабылданған шешіммен Д.Дарменқұлованың талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Шешім заңды күшіне енген.

Талап қоюшының уәжі бойынша тараптар бір-бірін бұрыннан білетіндерін, бірнеше рет қарызға ақша бергенін, уақтылы қайтарып отырғанын, бұл қарызды да қайтарады деп сенімді болғанын көрсеткен. Мессенджер «WhatsApp» желісі арқылы жүргізілген хат алмасуға сәйкес 2024 жылғы жазбаларда жауапкер өзінің 10 500 000 теңге қарызын қайтармағанын, қайтаруға шаралар іздеп жүргенін көрсеткен.

Іс бойынша барлық мән-жайлар алқа тарапынан дұрыс анықталып, іс қаралу барысында ұсынылған дәлелдерге сәйкес келеді және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Осылайша, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен істің мән-жайы толық анықталып, заң нормалары дұрыс қолданылып, заңды сот актісі қабылданған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының

бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер расталмады. Сонымен қатар, жауапкер тарапынан бірінші саты сотының шешіміне шағым келтірілмеген. Кассациялық сот шағымды АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес шағым шегінде қарады. Жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждері сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан жауапкердің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы осы іс бойынша күшінде қалдырылсын. Жауапкер Д.Д.Дарменкулованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Талап қоюшы Ш.Б.Матжанованың пайдасына жауапкер Д.Д.Дарменқұловадан өкілдің көмегіне жұмсалған 600 000 (алты жүз мың) теңге өндірілсін.

Төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев Судьялар А.Б.Тоқсанбаев

А.А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.