АУДАРМАСЫ
6001-22-00-3гп-232
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 13 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.К.Шәріпов,
судьялар Ш.С.Иманиязова, Р.А.Қуанышбаева,
жауапкердің өкілі Қ[...] қатысуымен,
бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында «Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) жауапкер Қ[...] өз еркімен салынған құрылысты бұзу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған
Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының 2021 жылғы 3 наурыздағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысына жауапкердің өкілі Қ[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ (бұдан әрі - МСҚБ) жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда жауапкер жер учаскесін нысаналы мақсатты бойынша пайдаланбай отырғанын және кондоминиум жер учаскесінің алаңы 77,7 ш.м. өз бетімен иемденіп алғанын көрсеткен.
Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының 2021 жылғы 3 наурыздағы шешімімен талап қанағаттандырылған. Қ[...] Талдықорған қаласы, [...] мекенжайында орналасқан құрылысты өз есебінен бұзу міндеті жүктелген.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта жауапкердің өкілі жергілікті соттардың сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін жіберуді сұрайды. Сот істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы ережені бұзғанын, оны апелляциялық сатыдағы сот назардан тыс қалдырғанын көрсеткен. Сондайақ, тексеру басталғанға және азаматтық істі қарағанға дейін жауапкер жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш бергенін мәлімдеген. Алайда әкім ұзақ уақыт бойы оның өтініші бойынша ешқандай шешім қабылдамай, тек 2021 жылғы маусымда жер учаскесінің нысаналы мақсатын гаражға қызмет көрсетуден ғимараттар мен құрылыстарға қызмет көрсетуге өзгерткен.
Өтінішхатқа пікір ұсынылмаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхаттың дәлелдерін негіздеген жауапкер өкілінің түсінігін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, келесідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзушылықтары, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, Қ[...] 2013 жылғы 8 ақпандағы сатып алу-сату шарты негізінде Талдықорған қаласы, [...] мекенжайында орналасқан гараж қызметтін көрсету үшін берілген ауданы 0,0195 га жер учаскесінің (бұдан әрі - жер учаскесі) меншік иесі.
2017 жылғы 18 шілдедегі № 285 МСҚБ-ның актісімен Қ[...] қатысты жоспардан тыс тақырыптық тексеру тағайындалып, оның нәтижесінде жауапкер өзінің жер учаскесінде коммерциялық объектісінің құрылысын сәулет-жоспарлау тапсырмасынсыз, жобалау-сметалық құжаттамасыз, жоба сараптамасының қорытындысынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ уәкілетті органға құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны туралы хабардар етпей жүргізгені анықталған. Тексеру нәтижесі бойынша Қ[...] «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің (бұдан әрі - Кодекс) 463-бабының 1-бөлігі және 462бабының 3-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл түріндегі жаза тағайындалған.
2017 жылғы 5 қыркүйекте «Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ (бұдан әрі – Басқарма) Қ[...] қатысты жоспардан тыс тақырыптық тексеру жүргізген.
2017 жылғы 4 қазандағы тексеру нәтижесі туралы актіде Қ[...] жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбай отырғаны анықталып, осыған байланысты Кодекстің 339-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылған және бұзушылықтарды жою туралы 2017 жылғы 4 қазандағы № 173 нұсқамасы берілген. 2018 жылғы 7 ақпанда Басқарма жер заңнамасының сақталуы бойынша жер учаскесіне түпкілікті тексеру жүргізіліп, оған сәйкес Қ[...] жіберілген бұзушылықтар жойылмағаны туралы акт жасалған.
2018 жылғы 20 ақпанда Қ[...] МАӘС-нің қаулысымен Кодекстің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талаптары негізді және Азаматтық кодекстің 244-бабының нормаларына сәйкес келеді деген қорытындыға келіп, өз еркімен салынған құрылысты жауапкердің есебінен бұзылуға жатады деп таныған.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіскен.
АПК-нің 224-бабына сай сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс. «Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – № 5 нормативтік қаулы) 5-тармағында шешім процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынастарға қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестікте шығарылған кезде заңды болып табылатыны туралы түсіндірме берілген. АПК-нің 14-бабында азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі - сот ісін жүргізу тілі, ол азаматтық сот ісін жүргізу субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін маңызы бар және Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделіп бекітілген.
Сот алқасы осы іс бойынша сот ісін жүргізу тілін бұзу фактісін анықтады.
МСҚБ сотқа талап қою арызды орыс тілінде беруіне байланысты сот ісін жүргізу тілі орыс тілі болып белгіленген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкердің орыс тілін білмеуіне байланысты сот отырысына аудармашыны тартып, бұл туралы соттың 2021 жылғы 14 қаңтардағы ұйғарымы қабылданған.
Алайда аудармашы сот талқылауына қатыспай, іс материалдары мен сот актісі аударылмаған.
Сонымен қатар, Қ[...] орыс тілін сот ісін жүргізуде толыққанды коммуникациялық түрде жүзеге асыра алатындай білмеген. Жауапкер Қ[...] Республикасында (бұдан әрі - ҚХР) дүниеге келген. ҚХР-да араб әліпбиі бойынша қазақ тілінде оқыған.
«Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысының (бұдан әрі- № 13 нормативтік қаулы) 6-тармағына сәйкес сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жете түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.
АПК-нің 14-бабының 3, 4-бөліктеріне сай, іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктемелер және айғақтар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, шағымдар беру, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының көрсететін қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз етеді. Сот іске
қатысатын адамдарға сотта сөйлейтіндердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуды тегін қамтамасыз етеді.
Алайда бірінші сатыдағы сот жауапкердің тарапын аудармашының қызметімен қамтамасыз етпей, Қ[...] өз ойын сот ісін жүргізудің белгіленген тілінде еркін білдіре алмай, қиындықтарға тап болған. Апелляциялық сатыдағы сот аталған бұзушылықтарды жоймаған.
Сонымен қатар, дәл осындай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы соттың өзі жол берген.
№ 13 нормативтік қаулының 13-тармағына сәйкес сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманың талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігінің 3) тармақшасы, 438-бабының 5-бөлігі, 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасы ережелері бойынша, егер істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы ережелер бұзылған болса, сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Осыған байланысты, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібере отырып, сот шешімі мен апелляциялық қаулының күші жойылуға жатады. Сот актілерінің күші іс жүргізу бұзушылықтарына байланысты жойылуына орай, сот алқасымен іс бойынша қабылданған шешімнің мәнін талқыламады.
Жаңа талқылау кезінде сот жоғарыда айтылғандарды ескеруі, істі толық көлемде қарауы, жауапкердің дәлелдерін тексеруі, оларға тиісті баға бере отырып, істің мән-жайларын дұрыс анықтауы, қолданылатын материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дауды шешуі қажет. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының 2021 жылғы 3 наурыздағы шешімінің, Алматы облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысының күші жойылсын. Іс Талдықорған қалалық сотына басқа судьямен жаңадан қарау үшін жолдансын.
Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар Ш.Иманиязова Р.Қуанышбаева Аудармасы дұрыс Судья Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.