Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3074 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3074

№6003-25-00-2к/3074 (2) ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің,

талап қоюшының өкілі Н.С.Утепбергеновтың, жауапкердің өкілі Г.Ш.Киргизованың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы Шымкент қаласының әкімінің (бұдан әрі -Әкім) жауапкер Хатира Миркамильевна Анарметоваға мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының және жауапкер өкілінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Әкім сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Х.М.Анарметоваға тиесілі: Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабы, №467А учаскесі мекенжайындағы, кадастрлық №19-309-235467 жер учаскесінің алаңы 0,0053 га бөлігі мен үстінде орналасқан жылжымайтын мүлік мемлекет мұқтажы үшін жалпы құны 2 354 811 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Х.М.Анарметовадан мемлекет кірісіне 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, тараптардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны «VIPADWISER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) 2024 жылғы 2 сәуірдегі №SHYMK-0600-24/ГЗ бағалау есебімен айқындалған 867 987 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Жауапкер өкілі де сот актілерімен келіспей берген кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық және процестік нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар өкілдерінің өз кассациялық шағымдарын қолдаған түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.

АК-нің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 84бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға

немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, 2019 жылғы 15 мамырдағы сатып алу-сату шартына сай, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабы, №467А учаскесі мекенжайындағы тұрғын үй және ол орналасқан, алаңы 0,0750 га, кадастрлық №19-309-235-467 жер учаскесі Х.М.Анарметованың меншік құқығына тиесілі.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 31 шілдедегі №1896 қаулысы бойынша Х.М.Анарметоваға меншік құқығымен тиесілі жалпы алаңы 0,0750 га жер учаскесінің 0,0053 га бөлігі мемлекет мұқтажы үшін алынуға жатады.

Жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататыны жөнінде хабарлама Х.М.Анарметоваға табысталған.

Талап қоюшы жауапкерге мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататын жер учаскесіне өтемақыны «VIP-ADWISER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі №SHYMK-0600-24/ГЗ бағалау есебімен айқындалған 867 987 теңге көлемінде ұсынған. Алайда, жауапкер онымен келіспеген.

Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының сарапшысының 2025 жылғы 28 наурыздағы №493 қорытындысымен жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктердің нарықтық құны 2 354 811 теңгені құрайтыны жөнінде тұжырым жасалған. Тараптар ұсынған дәлелдемелерді және сарапшының сот ұйғарымы бойынша қылмыстық жауапкершілігі ескертіле отырып өткізген сараптама қорытындысын бағалай келе, бірінші сатыдағы сот, оны дұрыс негізді деп тапқан. Өйткені, сарапшының бұл қорытындысы бағалау жүргізу заңнамасына сәйкес жасалынған, жер учаскесінің нарықтық құны сол аумақтағы жер учаскелерімен салыстырмалы әдісімен белгіленген және Заңның 67-бабының талаптарына сай келеді.

Апелляциялық сот жауапкер өкілінің Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алу және жаяу жүргіншілер жолын салу барысында Х.М.Анарметоваға тиесілі тұрғын үй қызыл сызық шегіне еніп кетуіне байланысты, меншік иесінің жылжымайтын мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы шектеліп отырғандығы жөніндегі уәждерін орынды негізсіз деп тапқан. Өйткені, көрсетіліп өткен мән-жайлар өз бекімін тапқан жағдайда, туындаған мәселе тиісті талап қою арқылы шешілуі мүмкін.

Кассациялық шағымның жауапкер Х.М.Анарметованың жер учаскесінің бір бөлігін мемлекет мұқтажы үшін алып қойған жағдайда, оның қалған аумағы пайдалануға жарамсыз болып қалатыны жөніндегі уәждеріне де апелляциялық сотпен тиісті құқықтық баға берілген. Себебі, жауапкер тарапының бұл уәждері олардың бастапқы ұстанымына қайшы келеді. Атап көрсеткенде, істің қаралуы барысында анықталған мән-жайларға қарағанда, жергілікті атқарушы органның 2022 жылғы 3 ақпандағы №188 қаулысымен Х.М.Анарметоваға тиесілі жер учаскесінің 0,0098 га бөлігін алып қою қарастырылған. Кейіннен Х.М.Анарметова мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататын жер учаскесінің аумағымен келіспегендіктен, әкімдіктің 2023 жылғы 31 шілдедегі №1896 қаулысымен 2022 жылғы 3 ақпандағы №188 қаулыға өзгерістер енгізіліп, осы қаулы бойынша Х.М.Анарметоваға тиесілі жер учаскесінің 0,0053 га бөлігін алып қою көзделген. Осы азаматтық істің сотта қаралуы кезінде жауапкер тарапы сотқа қарсы талап қоюмен жүгініп, онда «2022 жылғы 3 ақпандағы №188 қаулыға Х.М.Анарметоваға тиесілі кадастрлық №19-309-235-467 жер учаскесінің иеліктен 0,0040 га бөлігі алынсын» деп өзгеріс енгізу туралы талап қойған. Ал, қазіргі кезде жауапкер тарапы өз ұстанымын өзгертіп, Х.М.Анарметоваға тиесілі жер учаскесі толығымен мемлекет мұқтажы үшін алынуы қажет деген уәждер келтіріп отыр.

Сондай-ақ, кассациялық сот жауапкер өкілінің Х.М.Анарметованың меншігінде жер учаскесінің бөлінбейтін мәртебесі ескерілмеген деген уәжін негізсіз деп табады. Себебі, жоғарыда көрсетілген Әкімнің қаулылары қазіргі кезде заңды күшінде және олар заң талаптарына сай жауапкермен дауланбаған.

Кассациялық шағымдардағы уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Тараптардың іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының және жауапкер өкілінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.