6001-25-12-3П/2
ҰЙҒАРЫМ
2025 жылғы 10 қантар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Г.Қ.Жүсіпбекова,
талап қоюшы «Rus&Co Financial Group» Коллекторлық Агенттігі» ЖШС-нің жауапкер Нұржау Жаңалықұлы Жұмағалиевтен 4 198 950 теңге өндіру туралы азаматтық ісі бойынша Алматы қалалық сотының азаматтық істің соттылығын анықтау туралы ұсынысын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
2024 жылдың 3 қыркүйегінде талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен Қызылорда облысы Арал аудандық сотына жүгінген.
2024 жылдың 24 қыркүйегінде талап қою сот өндірісіне қабылданған.
Аталған соттың 2024 жылғы 31 қазандағы ұйғарымымен жауапкер Н.Ж.Жұмағалиев қазіргі таңда Алматы қаласы, Түріксіб ауданы, Жангельдин көшесі, № 209 үйде тұрып жатқандықтан, азаматтық іс соттылығы бойынша Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотына жолданған.
Алматы қалалық соты ұсынысында жауапкердің Алматы қаласында тұрақты тұруын дәлелдейтін құжаттар жоқ екенін көрсетіп, азаматтық істің соттылығын анықтауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
АПК-нің 29-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 16-бабының 1- тармағына сай, азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.
Қазақстан Республикасының Құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесіндегі мәліметтер негізінде жауапкер Нұржау Жаналыкұлы Жұмағалиев Қызылорда облысы, Арал ауданы, Арал қаласы, Алтыбай Құмаров көшесі, 25 үй, мекенжайы бойынша тіркелген, есептен шығарылмаған.
Оның Алматы қаласы Түрксіб ауданында тіркелгені туралы іс материалдарында ешқандай құжат жоқ.
Яғни, бұл арыз Қызылорда облысы Арал аудандық сотына жауапкердің тұрғылықты жері бойынша дұрыс берілген.
АПК-тің 34-бабының 1 бөлігіне сәйкес соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған іс кейіннен ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, сот оны мәні бойынша шешуге тиіс.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, Қызылорда облысы Арал аудандық сотымен азаматтық іс соттылығы бойынша Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотына негізсіз жолданған.
АПК-тің 34-бабының 6-бөлігін басшылыққа алып, судья
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Талап қоюшы «Rus&Co Financial Group» Коллекторлық Агенттігі» ЖШС-нің жауапкер Нұржау Жаңалықұлы Жұмағалиевтен 4 198 950 теңге өндіру туралы азаматтық ісі соттылығы бойынша Қызылорда облысы Арал аудандық сотына жолдансын.
Алматы қалалық сотының ұсынысы қанағаттандырылсын.
Ұйғарым түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.
Г. Жүсіпбекова
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.