Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/2833 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/2833 Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья К.С.Манакаева, судьялар Д.Д.Махметова, А.К.Айкенова, прокурор Қ.Қ.Тогаев

талап қоюшы А.Ж.Қалданның және оның өкілі А.И.Садыковтың, жауапкердің өкілі Д.Ж.Дауылбаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Айболат Жалелұлы Қалдан жауапкер «Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты өзіне қатысты бөлігінде заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру туралы талап коюы бойынша Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап, А Н Ы Қ Т А Д Ы:

А.Ж.Қалдан сотқа аталған талап қоюымен жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы өкілі іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалып, анықталмағанын, себебі Ж.Кобеев пен Ж.Палимбетов және А.Қалданның өзі есірткі қылмысына қатысы бар деп күдіктелген. Дегенмен тергеу органы А.Қалданның қатыстылығын анықтай алмағанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабының 1-тармағының 12), 13) тармақшаларында қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады делінген. Талап қоюшы А.Ж.Қалдан Қызылорда облысының полиция Департаментінің (бұдан әрі - Департамент) Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы лауазымын атқарған.

Анықталғаны, Департаментке Қызылорда қаласының тұрғындары Ж.Көбеев пен Ж.Палимбетов есімді азаматтар өздерінің тұрғылықты мекенжайларында аса ірі мөлшерде «марихуана» есірткі заттарын сақтап, тасымалдап, өткізіп жүргендері туралы ақпарат түскен, осы дерек бойынша 2024 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297бабының 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру басталған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы іске талап қоюшының қатыстылығы бар екендігі, яғни оның күдіктілер Ж.Көбеев пен Ж.Палимбетовке есірткі затын сату үшін жеткізіп беретіні жайлы мәлімет түсіп, талап қоюшы мен күдікті Ж.Көбеевтің араларындағы әңгімелерге жүргізілген жедел тергеу әрекеттері барысында күдікті Ж.Палимбетовтың есеп шотынан талап қоюшының есеп шотына ақша аударылғаны анықталып, ол күдікті ретінде танылған. Сот-психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына сәйкес Ж.Көбеев пен талап қоюшының араларындағы әңгімеде қандай да бір затты алдыруды талқылайтын сөздер бар, алайда коммуниканттардың пресуппозитивті сөйлемдерді қолдануына байланысты есірткі затын сату, сатып алу мәнді сөздерін анықтау мүмкін болмаған. Осыған орай, талап қоюшының әрекеттерінде қылмыс құрамының белгілері болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

Дегенмен, аталған сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысымен аудиожазбадағы әңгімелерден талап қоюшы тарапынан күдікті Ж.Көбеевке бұрын қарызға берген ақша қаражаттарын сұрау мағыналық компоненті жоқ екені бекітілген.

Сот отырысында куә ретінде жауап берген күдікті Ж.Көбеевте талап қоюшыдан көршісі ретінде ақша сұрап алғанын, соны қайтару мақсатында сөйлескен әңгімелері жазылғанын көрсеткенімен, нақты қашан, қанша теңге алғаны, оның қаншасы қайтарылғаны, қалдығы қанша екені жөнінде көрсете алмады.

2024 жылғы 10 қазандағы қызметтік тексеру қорытындысымен талап қоюшының қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, лауазымдық нұсқаулығындағы міндеттерімен жауапкершілік тараптарын орындамай, тәртіптік теріс қылық жасағаны толығымен дәлелденді деп есептеліп, тәртіптік жауапкершілігін Департаменттің тәртіптік комиссиясында қарауға ұсынылған.

2024 жылғы 14 қазандағы №249 тәртіптік комиссияның шешімі бойынша талап қоюшы Заңның 16-бабының және Қазақстан Республикасы құқық қорғау

органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі -Әдеп кодексі) 3,4тарауының талаптарын бұзып, теріс қылық жасағаны үшін, оны құқық қорғау органынан шығару түріндегі тәртіптік жаза жариялауды ұсынған.

Нәтижесінде талап қоюшы Департаменттің 2024 жылғы 16 қазандағы №475 ж/к бұйрығы (бұдан әрі - даулы бұйрық) негізінде Заңның 80-бабы 1- тармағының 12),13) тармақшалары негізінде құқық қорғау органдарынан шығарылған.

Талап қоюшы құқық қорғау органдарынан шығарумен келіспей, сотқа осы талап қоюмен жүгінген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Заңның және Әдеп кодексінің талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.

Даулы болып тұрған сот актілерін қабылдау барысында соттар жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің жасаған терiс қылық әрекеттерінің мазмұны мен сипатын, ауырлығын, кiнәлігінің дәрежесiн, өзге де айтарлықтай мән-жайларын ескеріп, талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген дұрыс тұжырымға келген.

Себебі, талап қоюшымен қызметтік қатынастар Заңға және тиісті нормативтік құқықтық актілерге сәйкес реттелген.

Іс құжаттарынан талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару Заңның 80-бабы 1-тармағының 12),13) тармақшалары бойынша жүзеге асырылғаны анықталды.

Іс бойынша анықталған мән-жайлар талап қоюшы мен күдікті Ж.Көбеевтің араларындағы әңгімелерге жүргізілген жедел тергеу әрекеттері барысында күдікті Ж.Палимбетовтың есеп шотынан талап қоюшының есеп шотына ақша аударылғаны анықталып, ол күдікті ретінде танылғанын, ол аудиожазбамен дәлелін тапқанын айғақтайды. Бұл әрекеттер Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметтен шығаруға негіз болып табылады. Яғни құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасаған.

Дегенмен жауапкер Департамент тарапымен даулы бұйрықта талап қоюшының Заңның 80-бабының 1-тармағының 12)тармақшасында көзделген қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны жайлы негізсіз көрсетілген. Себебі жоғарыда аталған Заңның 80-бабының 1-тармағының 12)тармақшасында көзделген әрекеттерді талап қоюшының жасағаны анықталмаған.

Мұндай жағдайда кассациялық сот даулы бұйрықта Департамент Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына қате сілтеме жасағанын, осы баптың 1-тармағының 13) тармақшасымен талап қоюшы жұмыстан шығарылған болып есептеледі деп санайды.

Қызметтен шығару туралы даулы бұйрық уәкілетті лауазымды тұлға тарапынан қабылданып, белгіленген тәртіппен рәсімделген.

Талап қоюшыға қатысты қызметтік теріс қылық фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалған, жазбаша түсініктеме алынған, оның құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тиісті қорытынды жасалған.

Қызметтен шығару тәртібі мен мерзімдері заң талаптарына сәйкес сақталған.

Жауапкер тарапынан ұсынылған бұйрық, қызметтік тергеу іс құжаттары және өзге де дәлелдемелер талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару кезінде заң талаптарының бұзылмағанын растайды.

Талап қоюшының құқық қорғау органдарынан шығару заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.

Аталған мән-жайларды ескеріп, сот талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару заңды, негізді және уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырылған деген қорытындыға келеді.

Сондықтан талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюға, бұрынғы лауазымына қайта орналастыруға, лажсыз бос жүрген уақытына жалақысын өндіруге құқықтық негіздер жоқ.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.С.Манакаева

судьялар Д.Д.Махметова А.К.Айкенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.