ВС РК - Постановление от 18.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1956 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 ақпан 6001-24-00-6ап/1956 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

жауапкер өкілі К.Ғ.Махмуттың қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Базаргали Тыныштыкович Тлемисовтың жауапкер Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкіміне (бұдан әрі – Әкім) 2005 жылдың 25 тамыздағы шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұраған.

Талап қоюшы немесе оның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда Әкімнің шешімдеріне сай, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы, Жаңабай шымырауынан жалпы көлемі 1000 га., талап қоюшының әкесі Т.Тлемісұлына, жер учаскесі 2002 жылғы 14 тамызда беріліп, ал 2005 жылғы 25 тамызда аталған жер учаскесінің 100 га. Р.Тулешовке берілген.

Б.Т.Тлемисов Әкімнің 2005 жылғы 25 тамызда жер учаскесінің 100 га. Р.Тулешовке заңсыз берілгенін көрсетіп, жоғарыдағы талаппен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген. Әкімінің 2005 жылғы 25 тамыздағы шешімі талап қоюшыға 2023 жылғы 4 қыркүйекте нақты белгілі болып, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2024 жылдың қаңтар айында жүгінген, ол бойынша сот істі тоқтату туралы ұйғарым шығарған, сот ұйғарым заңды күшіне енген.

Бұдан басқа, 2005 жылдың 11 қазанында талап қоюшының әкесі Т.Тлемісұлы Түпқараған аудандық сотына жерін даулау туралы талаппен жүгініп, сот отырысында талабынан бас тартып, талап қоюы қайтарылған.

ӘРПК-нің 136-бабы бірінші бөлігіне сай көрсетілген дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Б.Т.Тлемисов болса осы талап қоюын әкімшілік сотқа 2024 жыдың 9 сәуірінде берген.

Талап қоюшы әкімшілік актіні даулауға берілген мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алғаны сотта анықталған.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Істің бұл тұрғысында соттардың ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Базаргали Тыныштыкович Тлемисовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.