ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2657(3) (Административное)

6001-24-00-6ап/2657(3)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірəлиев, талап қоюшы Б.Қ.Құрақ, оның өкілі С.Ә.Мақсұт, жауапкер А.Е. Алшынбектің қатысуларымен,

талап қоюшы Бексейт Құрманбекұлы Құрақтың жауапкер Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Асылбек Еркінұлы Алшынбекке берешек қарызын анықтау, жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 5 шілдедегі шешіміне, ұйғарымына жəне жеке ұйғарымына, Астана қалалық сотының əкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысына жəне ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б.Қ.Құрақ сотқа жауапкер Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы А.Е. Алшынбекке (бұдан əрі – ЖСО, сот орындаушысы) жоғарыда аталған талаппен жүгініп, оны атқарушылық іс жүргізу тілінің бұзылғанын, үш баласының екеуі кəмелеттік жасқа толғанын, сондай-ақ өзі тарапынан ерікті түрде алимент төлеп келгенін негіздеген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 5 шілдедегі шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған. 2024 жылғы 17 маусымдағы берешек қарызын анықтау туралы ЖСО-ның қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы ЖСО қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Аталған соттың 2024 жылғы 5 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшы Б.Қ. Құрақтың жауапкер ЖСО А.Е.Алшынбекке борышкерге іздеу жариялау, борышкердiң белгiлi бiр əрекеттер жасауына тыйым салу туралы қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы бөлігі даулау мерзімі өтіп кетуіне байланысты кері қайтарылған.

Сонымен қатар, бірінші саты сотының жеке ұйғарымымен жеке сот орындаушысы А.Е.Алшынбектің тарапынан орын алған заң бұзушылықтары жөнінде, яғни атқарушылық іс жүргізу тілін бұзуға жол бергені Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының назарына жеткізілген.

Астана қалалық сотының əкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысымен жəне ұйғарымдарымен жоғарыда аталған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Б.Қ.Құрақ кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете отырып, оларды өзгертуді жəне талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды, жеке ұйғарымды кассациялық шағымда көрсетілген заңсыздық фактілерімен толықтыруды сұраған.

Сот алқасы, талап қоюшы Б.Қ.Құрақтың жəне оның өкілі С.Ә.Мақсұттың кассациялық шағым уəждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер А.Е.Алшынбектің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уəждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Төменгі саты соттары талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда ЖСО А.Е. Алшынбек борышкердің берешек қарызы бойынша 2011-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 797 930 теңге төленгендігін жəне 2021 жылғы 6 мамырдан Астана қаласы атқарушылық округінің ЖСО атқарушылық іс жүргізуінде болған күннен бастап 230 000 теңге төленгендігі ескерілмегендігін негізге алып, борышкердің алимент бойынша берешек қарызы ЖСО қайта есептеуге жатады деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2011 жылғы 12 тамыздағы сот бұйрығымен Б.Қ.Құрақтан өндіріп алушы П.А.Тыхиеваның пайдасына борышкердің табысының ½ бөлігі мөлшерінде балаларының асырауына алимент өндірілген.

2017 жылғы 15 мамырда Түркістан облысы атқарушылық округінің сот орындаушысы Т.Т.Балабековтың қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғап, 2019 жылғы 19 сəуірде борышкердің алимент бойынша қарызы 4 457 668 теңге деп анықтап, борышкердiң белгiлi бiр əрекеттер жасауына тыйым салу туралы қаулы қабылдаған.

2021 жылғы 3 мамырда аталған сот бұйрығы аумақтылығы бойынша НұрСұлтан қаласы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданып, 2021 жылғы 6 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы атқарушылық округінің ЖСО Е.К. Кушековтың, содан кейін А.Е.Алшынбектің қаулыларымен атқарушылық іс жүргізу қозғалып, өндірісіне қабылданып, соңғының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен борышкердің алимент бойынша қарызын 7 269 537 теңге деп анықтап, борышкерден мүліктік жағдайы туралы ақпарат алып, борышкерге атқару құжатын орындау туралы хабарлама ұсынған.

2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен борышкердің алимент бойынша қарызын 8 217 861 теңге деп анықтаған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық өндіріс жəне сот орындаушылардың мəртебесі туралы» Заңының (бұдан əрі - Заң) 126-бабының 3-тармағына сəйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке жəне заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Заңның 126-бабы 1-тармағының 3)-тармақшасында ЖСО атқарушылық əрекеттер жасау кезіндегі құқықтарын пайдалана отырып, атқарушылық іс жүргізудің қатысушылары мен өзге де адамдардан түсініктеме алып, арнайы мекемелерге сұрау салып, жоғарыда көрсетілген мəн-жайларды тексеруге тиіс деп көзделген.

Алайда, борышкер тарапынан алимент ретінде 797 930 теңге төленгендігін және 230 000 теңге төленгендігі тиісті дәрежеде ескерілмеген, құқықтық баға берілмеген.

Сонымен қатар, Заңның 33-бабының 1-тармағының 1) - тармақшасында сот орындаушы атқарушылық құжаттың мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы талаптары үш айдан астам орындалмаған жағдайда борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға міндетті деп қарастырылған.

Яғни, атқарушылық құжаттың талаптары орындалмаған жағдайда борышкерді еліміздің аумағынан шығуына уақытша шектеу қоюға Заң сот орындаушысын тікелей міндеттейді.

Осыған орай, 2024 жылғы 17 маусымдағы ЖСО А.Е. Алшынбек атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында талап қоюшыға жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша тоқтату туралы қаулысын заңды əрі негізді болып табылады.

Орын алған заң бұзушылықтар жөнінде жəне тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті соттар жеке қаулы қабылдап, Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының назарына жеткізгеніде заңды əрі негізді болып табылады, себебі АПК-нің 270-бабына сəйкес заң бұзушылық анықталған жағдайда сот жеке ұйғарым шығаруға құқылы.

Талап қоюшының 2021 жылғы 3, 14 маусымдағы сот орындаушысының қаулыларын даулау жөніндегі талабы сотқа жүгіну мерзімі өтіп кетуіне байланысты дұрыс қайтарылған, себебі ӘРПК-нің 136-бабы 4-бөлігіне сəйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) талап қою əрекет жасалған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде сотқа беруге құқылы екені ескерілген.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымдарында көрсетілген уəждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 5 шілдедегі шешімі, ұйғарымы жəне жеке ұйғарымы, Астана қалалық сотының əкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысы жəне ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Бексейт Құрманбекұлы Құрақтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Нұрбаев Г.К.

Судьялар

Өмірəлиев Е.Ж.

Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.