6001-24-00-6ап/873
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 14 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Алихан Төреханович Сулейменовтің жауапкер Түркістан облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ескали Бекмуратович Абдирешовке жеке сот орындаушының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.Т.Сулейменов жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде, сот орындаушысының қызметіне ақы сомасын бекіту туралы қаулысы негізсіз қабылданғанын, себебі анасы К.Сулейменованы жеке сот орындаушысының әрекетінсіз-ақ үйге өзі кіргізгенімен негіздеген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы А.Т.Сулейменов кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Кентау қалалық сотының 2016 жылғы 16 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюшы К.Сулейменова мен жауапкер А.Т.Сулейменов арасында дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бекітілген.
Келісімге сәйкес, жауапкер А.Т.Сулейменов 6 (алты) айдың ішінде, яғни 2017 жылғы 16 ақпанға дейін талап қоюшы К.Сулейменоваға Кентау қаласынан 2 (екі) бөлмелі пәтер алып беруге, алып бермеген жағдайда талап қоюшының Кентау қаласы, Абай даңғылы №4 үйдің №39 пәтеріне кіруіне және пайдалануына кедергі келтірмеуге міндеттенген.
2023 жылғы 27 наурызда Кентау қалалық сотының 2023 жылғы 13 наурыздағы атқару парағы мен өндіріп алушы К.Сулейменованың арызы негізінде ЖСО Е.Б.Абдирешов атқарушылық іс жүргізуді қозғаған. Талап қоюшы 2023 жылғы 16 қазанда Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жауапкерге атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуды міндеттеу туралы талап қоюымен жүгінген.
2023 жылғы 18 қазанда жауапкер «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 42-бабының 13)-тармақшасына сәйкес, соттан қайтарылғанға дейін атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулы қабылдап, атқарушылық іс жүргізу өндірісін сотқа жолдаған.
2023 жылғы 24 қазанда сот атқарушылық іс жүргізу өндірісін жауапкерге қайтарғандықтан, жауапкер Заңның 46-бабының талаптарын негізге алып, атқарушылық іс жүргізуді қайта жалғастыру туралы қаулы қабылдаған.
Осы күні жауапкер куәгерлердің қатысуымен Кентау қалалық сотының 2016 жылғы 16 тамыздағы ұйғарымымен бекітілген дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бойынша К.Сулейменова Кентау қаласы, Абай даңғылы №4 үйдің №39 пәтеріне кіргені және оның осы пәтерге кіруіне А.Сулейменовпен кедергі келтірілмегені туралы актіні толтырып, бейнежазбаға түсірген.
2023 жылғы 24 қазанда Заңның 47-бабының 1-тармағының 7)тармақшасына сәйкес атқарушылық құжаттың орындалуына байланысты жауапкер атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдап, сол күнмен борышкер А.Сулейменовтен жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу сомасы 172 500 теңге деп бекіту туралы қаулы қабылданған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулысын заңды әрі негізді қабылданған, себебі сот орындаушысы тарапынан сот шешімін орындауға қатысты тиісті әрекеттер жасалған деген тұжырымға келген. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Заңның 118-бабы 2-бөлігінде, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжаттың борышкері оны мәжбүрлеп орындатуға бергенге дейін орындаған жағдайда өндіріп алынбайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысымен бекітілген жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшері, мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін – жеке тұлғалардан 50 айлық есептік көрсеткіш өндірілуге жататыны көрсетілген.
Жергілікті соттармен жеке сот орындаушысы тарапынан сот шешімін орындауға бағытталған әрекеттердің жасалғаны толығымен анықталған.
Заңның 120-бабының 3-тармағына сәйкес, борышкердің атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысының қатысуынсыз орындауы оны орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы талапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Алихан Төреханович Сулейменовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Г.К. Нурбаев
Е.Ж. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.