№6001-25-00-6ап/162
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өміралиев, Ш.Т.Даниярова болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Әлімханова Бибігүл Бауыржанқызының жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесіне қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 тамыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға жеке кәсіпкер К.Т.Иманованың келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Б.Б. Әлімханова жоғарыда көрсетілген талаптарымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 тамыздағы шешімімен Б.Б.Әлімханованың талаптары қанағаттандырылған.
2024 жылғы 27 сәуірдегі №11978203-ОК1 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне №11978203-ОК1 конкурстың қорытындыларын қайта қарауға міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер К.Т.Иманова кассациялық шағымында іс бойынша шешім қабылдағанда соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілінен істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарау туралы өтінішхаты қараусыз қалдырылады, өйткені сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласы білім басқармасының «№134 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – тапсырыс беруші) тапсырысы бойынша, «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдар әрі – ұйымдастырушы) №11978203-ОК1 оқушыларды тамақтандыру қызметін сатып алу жөнінде электронды ашық конкурс өткізілген.
2024 жылғы 27 сәуірдегі №11978203-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес конкурстың жеңімпазы болып жеке кәсіпкер К.Иманова айқындалған (14 балл), жеке кәсіпкер З.Бейсебаева екінші орын (14 балл) және жеке кәсіпкер Б.Әлімханова (бұдан әрі – талап қоюшы) үшін орын алған (13 балл).
Талап қоюшы конкурс нәтижесімен келіспей «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Lепартамент) шағымданған.
Департаменттің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 22 мамырдағы №790000000КпОПО-32-289289 хабарламасына сәйкес талап қоюшыға жалпы 18 балл тиесілі екені көрсетілген.
Ұйымдастырушы департаменттің хабарламасымен келіспей, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі апелляциялық департаментіне (бұдан әрі – Апелляциялық департамент) қарсылық жолдаған. Апелляциялық Департаменттің 2024 жылғы 27 маусымдағы №13090 қарсылық қарау нәтижелері бойынша қорытындысымен қарсылық қанағаттандырылған, тиісінше конкурс нәтижелері сол күйінде қалған. Талап қоюшы аталған конкурс нәтижесімен келіспей, сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда К.Имановаға қатысты мына мән-жайды негізге алған.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасына сай конкурс өткізілетін тиісті аймақта ағымдағы жылдың өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы: басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде әлеуетті өнім берушінің атына берілген объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны қоса бере отырып, қоғамдық тамақтану объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерімен (жекеменшік, (меншік құқығын растайтын құжаттар қоса берілсін), жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару және т.б. (жалға берушінің меншік құқығын растайтын құжаттар және т.б. қосымша қоса берілсін) расталады.
К.Иманова конкурстық құжаттамаға Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, М.Дулати көшесі, №200 А ғимаратында орналасқан кафеге және Асқарова көшесі, 9 үйде орналасқан кафеге 2017 жылғы 19 қаңтардағы №20Р-19-4-76 және 2017 жылғы 11 қаңтардағы 20Р-5-4-50 санитарлықэпидемиологиялық қорытындыларын тіркеген.
Алайда, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы хатында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды тіркелмегендігі туралы мәлімет берген.
Осыған байланысты жергілікті соттар К.Имановаға негізсіз балл қойылған деген тұжырымға келген.
Бірақ сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 21) тармақшасында рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі – берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған, ұзартылған, қайта басталған және қолданысы тоқтатылған рұқсаттар және олардың телнұсқалары туралы, сондай-ақ алынған хабарламалар туралы мәліметтер қамтылған рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің құрауышы деген ұғым берілген.
Осы Заңның 13-бабының 4) тармақшасына сай рұқсат беру органдарының құзыретіне рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу жатады.
Яғни, Заңда және «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №543 бұйрығымен бекітілген «Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидаларында» ондай тізілімді жүргізу рұқсат иесіне емес, мемлекеттік органдарға жүктелген.
Уәкілетті органның жіберген кемшілігін рұқсат иесіне, қаралып отырған жағдайда жеке кәсіпкерге, кінә ретінде тағуға болмайды.
К.Иманова ұсынған санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының жарамсыздығы жөнінде жауапкерлер сотқа дәлелдемелер ұсынбаған.
Сондықтан аталған санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жөнінде соттардың тұжырымы қате болып табылады. Істің бұл тұрғысында іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылуы тиіс.
Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықтағанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгенін ескере отырып, істі жаңадан қарауға жібермей талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауға жеткілікті негіздер бар деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 тамыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша талап қоюшы жеке кәсіпкер Б.Б. Әлімханова талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.
Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер К.Т.Иманованың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өміралиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.