ВС РК - Постановление от 04.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/829 (Административное)

6001-22-00-6ап/829

2022 жылғы 4 қазан Астана қаласы

Қ А У Л Ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Д.А.Токмурзина, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

талап қоюшы «SP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - «SP[...]» ЖШС, Серіктестік) - өкілі О[...],

«Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) өкілі Н[...], Ж[...],

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «SP[...]» ЖШС-нің Комитетке тауарларға арналған №50711/150621/0004295 декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы 2021 жылғы 11 қыркүйектегі шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«SP[...]» ЖШС-і сотқа аталған әкімшілік талап қоюмен жүгініп, тауарларға арналған №50711/150621/0004295 декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы 2021 жылғы 11 қыркүйектегі шешімін заңсыз деп тануды сұраған.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мәнжайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Алғаш декларация жасақталған уақытта да, кейін бағаны дәлелдеуді талап еткен кезде де тауардың кедендік құнын дәлелдеуге қажетті барлық құжаттарды, яғни контракт, ақша аударғанды растайтын банктік төлем құжаты, Қытай елінен тауарды шығарған экспорттық декларация, жүк құжат, прайс-парақшасы, инвойс табысталғанын, бірақ осы құжаттардың барлығы бола тұра, жауапкер тауардың кедендік құнына негізсіз күмән келтіріп, тауардың кедендік құнын анықтау үшін заңсыз өзге тәсіл қолданып, қосымша декларация тапсыруға және сонымен бірге қосымша кедендік баж 8 503 605 теңге төлеуге заңсыз мәжбүрлеп отырғанын көрсетіп, декларацияны заңсыз деп тануды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын бұзұға жол берген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 5 сәуірде «S[...]» ЖШС мен «XINJIANG OU LISHENG INTERNATIONAL TRADE CO.LTD» компаниясы арасында №OLS-2020 сыртқы экономикалық келісімшарт жасалған (әрі қарай – Келісімшарт).

Келісімшартты орындау барысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы аумағына Қытайдан сыныптауға сәйкес тауарлар әкелген: отвод - 1590 дана, тройник - 70 дана, переход - 37 дана, заглушка - 10 дана, контейнер - 2 дана (келісімшарттың №1 және 2 қосымшалары). Талап қоюшы жалпы сомасы 26807, 80 АҚШ долларына (11 441 837, 12 теңге) сатып алынған тауардың кедендік құнын көрсете отырып, №50711/150621/0004295 декларациясына сәйкес тауарларды кедендік декларациялауды жүргізіп, кедендік баж салығын, 2 820 000 теңге сомасында ҚҚС төлеген.

«Электрондық декларациялау орталығы» Басқармасы 2017 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кедендік кодексі) 393 – бабына сәйкес тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі–ТБЖ) негізінде Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде кедендік бақылау жүргізгені анықталды.

Кедендік кодекстің 396-бабының ережелеріне сәйкес кедендік декларациялау кезінде мәлімделген, әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындаудың және мәлімдеудің (тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін таңдаудың және қолданудың, тауарлардың кедендік құнының құрылымы мен шамасының, тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтерді құжаттамалық растаудың) дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде кеден органы декларанттан тауарлардың бағасын қалыптастыруға әсер ететін факторлар туралы, сондай-ақ ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысы бар өзге де мән-жайлар туралы жазбаша нысанда түсініктеме сұратуға құқылы.

ЕАЭО-ның кедендік аумағына енгізілетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу ерекшеліктері Комиссияның 2008 жылғы 27 наурыздағы №42 Шешімімен реттеледі.

Кедендік кодекстің 410-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының негізінде кеден органы декларанттан кеден декларациясында көрсетілген құжаттар туралы мәліметтерді сұратқан.

2021 жылғы 25 маусымдағы №14/21 түсініктемесінде декларант әкелінетін тауарлардың өзі тұтынуы үшін сатып алынғанын хабарлаған. Бұған дейін бірдей және біртекті тауарлар сатып алынбағанын, барлық тауарлар сатушының прайс-парақшасы бойынша сатып алынғанын, сыртқы экономикалық келісімшартқа қосымша келісім жоқ екенін көрсеткен.

Сол күні декларант әкелінетін тауарлардың Қазақстан Республикасы аумағында сату үшін сатып алынғаны туралы № 15/21 нақтыланған жаңа түсініктеме жолдаған.

2021 жылғы 11 қыркүйекте Комитет «SP[...]» ЖШС-нің аталған шарт бойынша тауарларға арналған 2021 жылғы 15 маусымдағы №50711/150621/0004295 декларациясында мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу, қосымша декларация тапсыру туралы шешім қабылдаған.

Декларацияда бағалық ақпарат көзін қолдана отырып, берілген мәліметтерді тексеру қорытындысы бойынша «Астана-1» деректер базасына сәйкес 8 503 605 теңгеге есептеу нысаны қалыптастырылған.

Комитет шешім қабылдауға негіз ретінде талап қоюшының ұсынған құжаттарынан енгізілетін тауардың кедендік құнының дұрыстығы мен толықтығын анықтау мүмкін еместігін көрсеткен, атап айтқанда:

-«SP[...]» ЖШС-нің 2021 жылғы 25 маусымдағы №14-21 хатында келетін тауарлар жеке пайдалану үшін деп көрсетілгенімен, бұл мәлімет үшінші тұлға «ЖА[...]» ЖШС-мен 2021 жылғы 15 ақпанда жасалған №3 жеткізу келісім шартымен теріске шығарылатыны;

-сыртқы экономикалық шарттың 2.2 тармағына сәйкес шарттың жалпы құны 54 390 АҚШ долларды құрап, шарттың 3.2 тармағына сәйкес сатып алушы «SP[...]» ЖШС алдын ала 100% төлем жасауы тиіс болғанымен, 2021 жылғы 9 сәуірдегі №1377 ақша аудару туралы өтінішіне сәйкес 46000 АҚШ доллар аударғаны, ал №50711/150621/0004295 тауарларға арналған декларацияда 26 807,80 АҚШ доллар кедендік құн мәлімделгені, осылайша келісімнің шарттары бұзылғаны;

-прайс-парақшасында тауар бағасының әрекет ету кезеңі мен жеткізу шарттары көрсетілмегені;

-инвойста жеткізу шарты көрсетілмегені келтірілген.

Осыған байланысты кеден органы мәміле бойынша тауарды сатып алу бағасы (№1 әдіс) назарға алынбаған және кеден органының иелігіндегі мәліметтер негізінде 6 резевтік әдіс бойынша кедендік құнға түзету жүргізілген. Атап айтқанда, №50517/040620/0008475 декларациясы бойынша ресімделіп әкелінген тауардың құны негізге алынған.

Жергілікті соттар істі қарау барысында талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, «SP[...]» ЖШС-нің тауарлар декларациясына қоса берілген құжаттары кеден құнды тиісті түрде растамаған, ұсынылған мәліметтер тауарлардың кедендік құнын растау үшін жеткіліксіз болған. Жауапкердің тауарларының кедендік құнын айқындау кезікті резервтік әдісті (6 әдіс) қолдануын заңды деп таныған.

Алқа жергілікті соттардың аталған тұжырымдарымен келіспейді, өйткені олар істің мән-жайларына сәйкес келмейді және материалдық құқық нормаларына қайшы келеді.

ЕАЭО-тың Кедендік кодексінің 39-бабының және Кедендік кодекстің 66-бабының ережелеріне сәйкес олармен жасалған мәміленің құны, яғни ЕАЭО-тың кедендік аумағына кіргізу үшін оларды сату кезінде осы тауарлар үшін нақты төленген немесе төленуге жататын және 67-бапқа сәйкес толықтырылған баға әкелінетін тауарлардың кедендік құны болып табылады

Келісімшарттың 2.1-тармағының талаптары бойынша жеткізілетін тауардың бағасы АҚШ долларымен белгіленеді және осы келісімшартқа қосымшада (ерекшеліктерде) көрсетілген.

Сыныптама: 1, 2, 3, 4-қосымшаға сәйкес жиынтықта, саны мен бағасы бойынша (келісімшарттың 1.2-тармағы).

Келісімшарттың жалпы сомасы 54 390 АҚШ долларын құрайды. Тауардың бағасына: тауардың құны, қаптама, контейнер, көлік шығындары, межелік станцияға дейінгі сақтандыру (2.2-тармақтар және 2.3 келісімшарт) кіреді.

Келісімшарт бойынша жеткізу CIP-Ақтау қаласы, Маңғышлақ – Товарная теміржол станциясы. Келісімшарттың 3.2-тармағы бойынша талап қоюшы тауар үшін 100% төлем жасауға міндеттенген.

2021 жылғы 9 сәуірдегі ақша аудару туралы өтініш талап қоюшының сатып алушыға 46000 доллар жіберу фактісін растайды.

Келісімшарт тараптары арасында 01.01.2021-31.05.2021 жылдар аралығындағы кезеңде салыстыру актісі бойынша төмендегі өзара есеп айырысулар жүргізілген:

  • осы кезеңдегі айналым 26807,80 АҚШ долларын құраған.

  • талап қоюшымен 2021 жылғы 9 сәуірдегі №45 және 2021 жылғы 21 сәуірдегі №46 төлем тапсырмаларымен 54 390 теңге мөлшерінде сома төленген. 2021 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша сатушының келісімшарт бойынша берешегі тауарлардың ішінара жеткізілуіне байланысты 27 582,20 теңгені құраған.

Келісімшарттың 1 және 2 қосымшаларына сәйкес тауарлардың сыныптамасы, олардың атауы, саны, әрбір данасы мен партиясының бағасы, жалпы құны, ТН ВЭД коды көрсетілген. Тауарлардың құнына 2 контейнердің (тара) бағасы және көлік шығындары да кірген.

№1 қосымша жалпы сома 12 994,2 АҚШ долларын, №2 қосымша бойынша сома 13 813, 6 АҚШ долларын құраған. Барлығы: 26 807, 8 АҚШ доллары.

Сатушы ресімдеген 2021 жылғы 30 сәуірдегі А-1 және А-2 инвойстарына сәйкес талап қоюшының атына (белгіленген станция: Маңғышлақ – Товарная) тауарлардың сыныптамасын, кодын, санын, әрбір данасы мен партиясының құнын көрсете отырып, жалпы құны 26 807, 8 тауарлар жіберілген.

Тауарлардың атауының сандық көрсеткіштері, олардың әрбір данасы мен партиясының құны, тауарлардың кодтары және келісімшарт пен инвойс қосымшаларында көрсетілген жалпы құны толығымен сәйкес келеді.

Сонымен қатар талап қоюшы 2021 жылғы 19 наурыздағы «XINJIANG OU LISNENG INTERNATIONAL TRADE CO.LTD» сатушы компаниясының сатылатын тауарлардың бағалары көрсетілген прайс-парақшасын ұсынған (келісімшарт жасалғанға дейін 15 күн бұрын).

26 807,8 АҚШ доллары сомасындағы тауарларды жеткізу фактісі ҚХР – ның №7856 және 7857 экспорттық кедендік декларацияларымен (бұдан әрі - ЭКД) расталады.

Кеден органының шағымдалған шешімнің негізіне алынған қорытындылары төмендегілермен теріске шығарылады:

  1. 2021 жылғы 25 маусымдағы №14/21 бастапқыда ұсынылған түсініктемелерде көрсетілген мәліметтердің қателігін декларант сол күні әкелінетін тауарлардың Қазақстан Республикасы ішінде сату үшін сатып алынғаны туралы хабарланған №15/21 жаңа түсініктеме жолдаған.

  2. Сатып алушының жеткізілетін тауар үшін толық төлемнің жоқтығын білдірген келісімшарт талаптарын бұзғаны туралы жауапкердің қорытындысы ұсынылған құжаттарға сәйкес келмейді. Сатып алушы келісімшарттың жалпы сомасын төлегені анықталып, бірақ сатушы тауарды ішінара 26 807,8 АҚШ долларына жеткізген. Берешектің қалған бөлігіне тараптар арасында өзара есеп айырысулардың салыстыру актісіне қол қойылған. Бұл ретте, кеден декларациясы сатып алушы әкелген және төлеген барлық тауарға сыныптамасы бойынша ресімделген.

  3. Тауарларды жеткізу шарттары (CIP) келісімшартта көрсетілген, тауарлардың құнына баратын жерге дейін тасымалдау қосылған. Бұл ретте Инкортермс 2020 сәйкес баға (CIP) тауар үшін келісімшарттық баға тауардың өзіндік құнының, межеленген жерге дейін жеткізу құнының және тауарды сақтандыру құнының сомасын қамтығанын білдіреді.

ЭКД-да FOB жеткізу әдісін қате көрсету (тауарларды теңіз немесе ішкі су көлігімен тасымалдау) мәміленің бағасына әсер етпейді, өйткені істе теміржол тасымалдау құжаттары бар.

  1. Инвойстарда №OLS-2020 келісімшарты, контейнер нөмірлері, жөнелту және белгіленген станциялары көрсетілген.

Кеден органының ЭКД-да көрсетілген сатушы атауының сәйкестігі туралы дәлелдерін талап қоюшы тиісінше аударылған ЭКД ұсыну жолымен жойған.

Аударма бюросының директоры жеке кәсіпкер Белокурованың түсіндірмесі бойынша кедендік декларацияны қытай тілінен орыс тіліне аударуда сатушының атауын дұрыс көрсетпеудегі қателік аудармашының кінәсінен болғанын көрсеткен.

Әкелінген тауарлардың техникалық паспорттарында «XINJIANG OU LISNENG INTERNATIONAL TRADE CO.LTD» компаниясы өндіруші зауыт ретінде көрсетілген, темір жол жүк құжатында, жүктердің келуі және инвойстар туралы хабарлама парағында да осы компания көрсетілген.

Сот алқасы серіктестік тарапынан әкелінген тауарлардың құнын, атап айтқанда тауарлардың мәлімделген кедендік құнын растайтын құжаттар ұсынылған деген қорытындыға келеді .

Жоғарыда айтылғандай, жауапкер кедендік декларация бойынша резервтік әдісті қолданған.

Ал тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде кеден органдары ЕАЭО Кедендік кодексінің 5-тарауын және Кедендік кодекстің 6-тарауын басшылыққа алуы тиіс.

Кедендік кодекстің 72-бабының талаптарына сәйкес, егер әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 66, 68, 69, 70 және 71 баптарына сәйкес айқындала алмаған жағдайда, осындай тауарлардың кедендік құны Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында бар мәліметтер негізінде осы тараудың қағидаттары мен ережелері негізге алына отырып айқындалады.

Кедендік кодекстің 68 және 69 баптарына сәйкес Кодекстің 66-бабына сәйкес айқындалған және кеден органы қабылдаған осы тауарлардың кедендік құны бірдей және біртекті тауарлармен мәміле құны болып табылады.

Осыған ұқсас нормалар ЕАЭО Кедендік кодексінің 41, 42 және 45баптарында көзделген.

Бұл жағдайда тауар әкелінетін тауарлармен мәміле бағасы бойынша кедендік құнын айқындай отырып, кедендік тазартудан өткен (1-әдіс).

Алқа жауапкердің 2020 жылғы 4 маусымдағы кедендік декларация бойынша дереккөзді қолданғанын, яғни талап қоюшы бір жыл бұрын декларацияланып әкелінген тауарларға ресімделгенін анықтады.

Кедендік кодексінің 72-бабының 2) тармақшасына сәйкес, бағаланатын тауарлардың кедендік құнын бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны негізінде айқындау кезінде осы Кодекстің 68 және 69баптарына сәйкес белгіленген, бірдей немесе біртекті тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылуға және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бағаланатын тауарлар әкелінген немесе оған сәйкес келетін, бірақ бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінерден күнтізбелік тоқсан күннен ерте емес уақыт кезеңінде әкелінуге тиіс деген талаптардан ақылға қонымды түрде ауытқуға жол беріледі; (осыған ұқсас норма ЕАЭО Кедендік кодексінің 45-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген).

Жауапкердің есебінен, әкелінген қара металдан жасалған бұйымдардың 1 тоннасының бағасы 1 190 926 теңгені құраған, ал талап қоюшы ұсынған 2021 жылдың наурыз-сәуір айларында ұқсас бұйымдарды сататын компаниялардың («Қ[...]» ЖШС, «М[...]» ЖШС) прайспарақтарына сәйкес Ақтау қаласында 1 тоннаға бағасы 350 000 - 450 000 теңгені құраған. Талап қоюшы әкелген тауардың 1 тоннасының құны кедендік ресімдеуді, салықтар мен баждарды және сатушының өзге де шығындарын есепке алмағанда 261 051 теңгені құраған. Баяндалғандармен сондай-ақ жауапкер қолданған бірдей және біртекті тауарлар құнының резервтік әдісінің сәйкес келмеуі туралы талап қоюшының дәлелдері расталады.

Сот алқасы талап қоюшы кеден органына тауардың құнын растаған құжаттарды ұсынғанын, жауапкер ақпараттың баға көзі ретінде негізсіз бір жыл бұрын ресімделген тауар бойынша декларацияны қолданғаны, талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған деп санайды.

Істің бұл тұрғысында іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І: Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 наурыздағы қаулысының күштері жойылсын.

«SP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің талап арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің 2021 жылғы 11 қыркүйектегі №50711/150621/0004295 тауарларға декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылсын.

«SP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне талап қою арызын және кассациялық шағым беру кезінде төленген 21 877 (жиырма бір мың сегіз жүз жетпіс жеті) теңге мөлшеріндегі мемлекеттік бажы қайтарылсын.

«SP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Г. Дуйсенбаев

Д. Токмурзина

Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.