Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/809 (Гражданское)

6003-26-00-2к/809

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.О.Тогумбетова, А.К.Тлеубаева, прокурор А.Е.Қадылбековтың, талап қоюшының өкілі К.Ж.Нурмановтың, жауапкердің өкілі К.Ж.Абдрахмановтың, үшінші тұлғалар И.А.Онғарбаевтың және «Болтаева Қ» шаруа қожалығының өкілі К.А.Болтаеваның қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (одан әрі- Департамент) жауапкерлер «Шаңырақ» шаруа қожалығына, Қызылорда қаласының әкіміне, «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамына жер учаскесін жалға беру шартын және оның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысына жауапкер «Шаңырақ» шаруа қожалығының кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Қызылорда қаласы әкімінің 1999 жылғы 5 сәуірдегі №2055 шешімімен азаматтардың жер үлестері негізінде құрылған «Шаңырақ» шаруа қожалығына Ақжарма ауылынан көлемі 715 гектар жер учаскесі «Ақжарма-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Үміт»

өндірістік кооперативі, «Дәулет» өндірістік копперативінің жерлері есебінен табысталған.

2005 жылғы 3 мамырдағы № 1565 Қызылорда қаласы әкімінің қаулысы бойынша Ақжарма ауылынан «Шаңырақ» шаруа қожалығының 25 үлескеріне № 4 ауыспалы егістіктен жалпы көлемі 132,3 гектар, оның ішінде үлесі № 1 жер учаскесінен қосымшаға сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жыл мерзімге табысталып, 2006 жылғы 14 қаңтарда № 347 жалға беру шарты жасалған.

Қызылорда қаласының әкімінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 4629 қаулысы негізінде жалдау мерзімі 10 жыл мерзімге ұзартылған, 2015 жылғы 19 желтоқсанда № 811 қосымша жалға беру шарты жасалған.

2017 жылғы 9 ақпандағы Қызылорда қаласы әкімінің № 7081 қаулысы бойынша жоғарыда аталған 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1565 қаулысына № 4 ауыспалы егістік №2 ауыспалы егістікке ауыстыру түрінде өзгеріс енгізіліп, 2017 жылғы 20 ақпанда № 1788 қосымша шарт жасалған.

Аталған жер учаскесінің кадастрлық нөмірі 10-156-083-061.

2024 жылғы 11 қаңтардағы №4367 Қызылорда қаласы әкімінің қаулысы негізінде «Азаматтардың жер үлестері негізінде құрылған «Шаңырақ» шаруа қожалығының жер шекарасын бекіту туралы» Қызылорда қаласы әкімінің 1999 жылы 5 сәуірдегі № 2055 шешімінің 1-тармағында «тұрақты пайдалану» деген сөздері «уақытша өтеулі пайдалану (жалдау)» құқығы 49 жыл мерзімге өзгертіліп, № 2 ауыспалы егістіктің көлемі 565,9 гектар, оның ішінде (3-ші учаскеден) көлемі 23 гектар, оның ішінде егістігі 19 гектар, басқа алқаптары 4 гектар жер учаскесіне жалға беру туралы 2024 жылғы 10 қаңтарда № 57 даулы шарт жасалған.

Даулы жер учаскесінің кадастрлық нөмірі 10-156-083-062.

Бірінші сатыдағы сотпен даулы шарт негізінде «Шаңырақ» шаруа қожалығына кадастрлық нөмірі 10-156-083-062 жер учаскесінің Жер кодексінің талаптары бұзыла отырып табысталғаны анықталған.

Аталған қорытындылармен апелляциялық саты келіскен.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

2024 жылғы 11 қаңтардағы №4367 Қызылорда қаласы әкімінің қаулысында «Шаңырақ» шаруа қожалығына жер учаскесін табыстау көзделмеген. Алайда даулы шартты жасауға, жер учаскесін табыстауға аталған қаулы негіз болған. Сонымен бірге, кадастрлық нөмірі 10-156-083-062 жер учаскесінің орналасуы мен бұрын Қызылорда қаласы әкімінің 1999 жылғы 5 сәуірдегі №2055 шешімімен «Шаңырақ» шаруа қожалығына табысталған жер учаскесінің орналасуына сәйкес келмейді.

Сондықтан «Шаңырақ» шаруа қожалығының даулы шартта көрсетілген бұрын берілген жер учаскесі деген уәжі қате болып саналады.

Сондай-ақ, бірінші сатыдағы соты жерге орналастыру жобасын әзірлеу және даулы шартты жасау кезінде «Шаңырақ» шаруа қожалығының үлескерлерінің жер учаскесін алу құқықтарын 2005 жылғы 3 мамырдағы қаулымен жүзеге асырғаны ескермей, сол үлескерлерге 2-ші ауыспалы егістіктен ауыл шаруашылығы мақсатында жаңа жер учаскесін екінші рет қайталап 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулыдан туындаған даулы шартпен іс жүзінде табысталғаны анықталған.

Даулы шартта жер учаскесінің «Шаңырақ» шаруа қожалығының мүшелеріне ортақ бірлестік меншікке негізделген шаруа қожалығын жүргізу үшін табысталғаны көрсетілген.

Даулы жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатына жатады. Мұндай жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру Жер кодексінің 43-1-бабының тәртібімен конкурс негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Алайда, «Шаңырақ» шаруа қожалығымен заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле - 2024 жылғы 10 қаңтардағы №57 жер учаскесін жалға беру туралы даулы шарт жасалған.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес. Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Талап қоюшының шағымдағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердін кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Л.Мамырбаева А.Тогумбетова

Судьялар:

А.Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.