ВС РК - Постановление от 18.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1952 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 ақпан 6001-24-00-6ап/1952 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшы А.Т.Шегировтың және оның өкілі М.С.Байгуановтың, мүдделі тұлғалар:

Г.Д. Кулсарина мен Г.М.Кулсаринаның өкілі Р.Е.Чанчаровтың,

  • С.Г.Куловтың өкілі А.М.Даутованың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Абат Тулешович Шегировтың жауапкерлер Ақтөбе қаласының әкімдігі (бұдан әрі – Әкімдік), Ақтөбе қалалық жер комиссиясы (бұдан әрі – жер комиссиясы), «Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі) Әкімдіктің 2022 жылғы 3 маусымдағы №2576 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, жер комиссиясының 2022 жылғы 15 сәуірдегі №20 «Лесной» бау-бақша ұжымында орналасқан №70,71 жер учаскелеріне құқықтарын рәсімдеуге келісім беру жөніндегі хаттамалық қорытындыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Жер комиссиясының 2022 жылғы 15 сәуірдегі №20 «Лесной» бау-бақша ұжымында орналасқан №71 жер учаскесін Гульден Маратовна Кулсаринаға келісім беру туралы хаттамалық қорытынды бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Әкімдіктің 2022 жылғы 3 маусымдағы №2576 қаулысының Гульден Маратовна Кулсаринаға «Лесной» бау-бақша ұжымындағы алаңы 0,1048 га №71 жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Қалған бөлігінде сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшы А.Т.Шегиров кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлға өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Жауапкерлер әкімдік пен Жер қатынастары бөлімінің, мүдделі тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы филиалының өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.

Сот алқасы талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, мүдделі тұлғалардың қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Ақтөбе қаласы әкімінің 2022 жылғы 25 ақпандағы №983 қаулысымен А.Т.Шегировке бағбаншылық үшін «Лесной» бау-бақша ұжымында орналасқан №41 «А» жер учаскесі (көлемі 0,1200 га) 3 жылға жалға берілген.

Ақтөбе қаласы әкімінің 2022 жылғы 3 маусымдағы №2576 қаулысымен Г.Д.Кулсаринаға және Г.М.Кулсаринаға бағбаншылық үшін «Лесной» баубақша ұжымында орналасқан №70, 71 жер учаскелері (0,0952 га және 0,1048 га) жеке меншікке берілген. Олардың меншік құқығы тиісті тәртіппен тіркелген.

2022 жылғы 22 тамызда Г.Д.Кулсарина және М.Т.Балғазин, К.К.Жаманкарина араларында №70 учаскені сатып алу – сату шарты жасалған. №70 жер учаскесіне құқықтар М.Т.Балғазин, К.К.Жаманкаринаның атына рәсімделген. 2023 жылғы 13 мамырдағы сатып алу – сату шартына сай М.Т.Балғазин, К.К.Жаманкарина №70 жер учаскесін С.Г.Куловқа сатқан.

Әкімдіктің 2023 жылғы 1 шілдедегі қаулысына сай №70 жер учаскесінің нысаналы мақсаты «үй-жайлар орналастыру және (құрылыстар мен құрылғылар) ғимаратына қызмет көрсету үшін» деп өзгертілген.

Сол сияқты 2022 жылғы 22 тамызда Г.М.Кулсарина және М.Т.Балғазин, К.К.Жаманкарина араларында №71 жер учаскесін сатып алу – сату шарты жасалған. №71 жер учаскесіне құқықтар М.Т.Балғазин, К.К.Жаманкаринаның атына рәсімделген.

2023 жылғы 13 мамырдағы сатып алу – сату шартына сай М.Т.Балғазин, К.К.Жаманкарина №71 жер учаскесін С.Г.Куловқа сатқан.

Әкімдіктің 2023 жылғы 1 шілдедегі № KZ28VBH00184140 қаулысына сай №71 жер учаскесінің нысаналы мақсаты «үй-жайлар орналастыру және (құрылыстар мен құрылғылар) ғимаратына қызмет көрсету үшін» деп өзгертілген.

А.Т.Шегиров өзіне жер бөлінгеніне қарамастан, жалға беру туралы шарт берілмегенін. Бөлінген жер учаскесінің бір бөлігі өзен суының бойында болғандықтан, осы жерге құқықтар рәсімделмегенін. Одан бөлек аталған жер учаскесінің үстінен Г.Д.Кулсаринаға және Г.М.Кулсаринаға жер учаскелері заңсыз бөлінгенін көрсетіп жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген.

Бірінші саты соты талап қоюды ішінара қанағаттандырғанда А.Т.Шегировке 2021 жылғы 8 желтоқсандағы оң қорытындысының қолданылу мерзімі 2022 жылғы 8 желтоқсанға дейін болғанына қарамастан, сол учаскенің бір бөлігі Г.М.Кулсаринаның өтініші бойынша қайтадан Жер комиссиясының қарауына беріліп, нәтижесінде 2022 жылғы 15 сәуірдегі №20 хаттамалық қорытындысымен Г.М.Кулсаринаға жер беруге келісілгені заңсыз деген тұжырымға келіп, алаңы 0,1048 га №71 жер учаскесіне жеке меншік құқығын Г.М.Кулсаринаға беру бөлігінде Әкімдіктің қаулысын және жер комиссиясының қорытындысын бұзу және заңсыз деп тану бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.

А.Т.Шегировке өзіне берілген жер учаскесін рәсімдеуге екі жағдай кедергі болғаны: бөлінген жер учаскесі Сазды өзенінің су қорғау белдеулерінің шегінде болуы және оған берілген учаскенің бір бөлігі Г.М.Кулсаринаға берілгені де ескерілген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші саты соты шешімінің талапты қанағаттандырған бөлігінің күшін жойып, оны қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1,6-тармағына, 4, 5 және 6- баптарына сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды. Іс құжаттарына қарағанда №71 даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығы 2022 жылғы маусымда Г.М.Кулсаринаға тіркелген, оны иеліктен шығаруға байланысты С.Г.Куловқа құқық тіркелген.

А.Т.Шегиров болса өзіне 3 жылға, яғни 2025 жылғы 26 ақпанға дейін уақытша бөлінген № 41 «А» жер учаскесіне заңда көзделген тәртіппен құқығын тіркемеген.

Құқықтық кадастрда Г.М.Кулсарина мен Г.Д.Кулсаринаға тиесілі даулы жер учаскелеріне тіркелген меншік құқықтары талап қоюшыға бөлінген жер учаскесіне тіркелмеген пайдалану құқықтарының алдында басымдыққа ие.

Сонымен қатар сот алқасы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 261-бабына сай жер учаскесіне құқығын тіркетпеген талап қоюшының даулы жер учаскесін адал алушы С.Г.Куловтан талап етіп алдыруға құқылы емес екенін атап өтеді.

Апелляциялық сатыдағы соттың келтірген басқа негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Абат Тулешович Шегировтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.