ВС РК - Постановление от 20.06.2025 по делу 6001-25-00-6ап/3657 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 маусым 6001-25-00-6ап/3657 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Г.Б. Дуйсенбаев, Е.Ж. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың, талап қоюшының өкілдері М.С.Мадияровтың, Ж.Ж.Таластың

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Нұрғаным-А» бөбекжай-бақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бақылау басқармасы) 2024 жылғы 11 сәуірдегі, 2024 жылғы 26 сәуірдегі және 2024 жылғы 10 мамырдағы дәлелді бас тарту туралы шешімдерін заңсыз деп тану, жауапкер «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесін (бұдан әрі – Білім басқармасы) 2024 жылғы 11 сәуірден бастап Серіктестікке 175 балаға қаржыландыруды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысына Түркістан облысы прокурорының келтірген кассациялық өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Бақылау басқармасының 2024 жылғы 11 сәуірдегі, 2024 жылғы 26 сәуірдегі, 2024 жылғы 10 мамырдағы дәлелді бас тартулары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Білім басқармасына 2024 жылғы 11 сәуірден бастап Серіктестікке қаржыландыру міндеттелген.

Түркістан облысының прокуроры кассациялық өтінішхатында 175 балаға қаржыландыруды міндеттеу туралы талап қою негізсіз болуына және ол әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындықтан сот актілерінің бұл бөлігінің күшін жоюды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, талап қоюшы өкілідерінің кассациялық өтінішхатқа қарсы болған пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Серіктестік бала-бақша орналастыру үшін Түркістан қаласы, Ұлы дала көшесі, №55 мекен-жайдағы екі қабатты ғимараты (бұдан әрі – ғимарат) пайдалануға қабылдаған.

2024 жылғы 2 сәуірде Серіктестік ғимаратқа қатысты қорытынды алу үшін Бақылау басқармасына өтінішпен жүгінген.

Ғимараттың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау жүйесі құжаттарының талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізіліп, Серіктестікке 2024 жылғы 11 сәуірде оң қорытынды беруден дәлелді бас тартылған.

Бұл бас тартуға ғимараттың бірінші және екінші қабаттағы екі топтық үй-жайдың дәретханасы мен ас тарату орындарының ауданы нормаға сай келмейтіні, ғимаратқа кіру-шығу жолдары қатты жабынмен қапталмағаны және ғимарат сыртында жөндеу жұмыстары толық аяқталмағаны негіз болған.

Серіктестіктің 2024 жылғы 16 және 29 сәуірдегі 175 баланы орналастыруға (7 топ) қайталап берген өтініштеріне де дәл сондай негіздермен тиісінше 2024 жылғы 26 сәуірде және 2024 жылғы 10 мамырда оң қорытынды беруден бас тартылған.

Серіктестік 2024 жылғы 13 мамырда жауапкерге 125 баланы орналастыруға (5 топ) қорытынды беруді сұраған. Бұл өтініш бойынша Басқармамен 2024 жылғы 20 мамырда оң қорытынды берілген.

Сонымен қатар Серіктестіктің 50 балаға (2 топ) қосымша қорытынды беру туралы 2024 жылғы 20 маусымда өтінішіне де 2024 жылғы 1 шілдеде оң қорытынды берілген. Апелляциялық сот актісінің жауапкердің 2024 жылғы 11, 26 сәуірдегі және 2024 жылғы 10 мамырда оң қорытындыны беруден бас тартуларын заңсыз деп танылған бөлігіне кассациялық шағым берілмеген.

Сондықтан, іс АПК-нің 449-бабына сай прокурордың кассациялық өтінішхаты, яғни Білім басқармасына 2024 жылғы 11 сәуірден бастап Серіктестікке 175 балаға қаржыландыруды міндеттеу туралы талап қою шегінде қаралады.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдырғанда оның негізсіз екендігі жайлы тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот талаптың бұл бөлігін қанағаттандырудың дербес негіздемелерін келтірмей, заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданатыны көзделген ӘРПК-тің 84-бабы үшінші бөлігіне ғана сілтеме жасаған. Бұл ретте Бақылау басқармасының оң қорытындыны беруден бас тартуларының күші жойылғандығы ескерілген.

Аталған соттың Білім басқармасына 2024 жылғы 11 сәуірден бастап Серіктестікті қаржыландыруды міндеттеуі істің мән-жайларына сәйкес келмейді және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмаған.

Жоғарыда көрсетілгендей 2024 жылғы 11, 26 сәуірдегі және 2024 жылғы 10 мамырда оң қорытындыны беруден бас тартуларын Серіктестік дауламай, Бақылау басқармасына төртінші рет жүгінгенде 125 баланы орналастыруға (5 топ) алғашқы оң қорытындыны 2024 жылғы 20 мамырда алған.

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша комиссия отрысының 2024 жылғы 21 мамырдағы № 18 хаттамасына сай Серіктестікке 120 орын берілген.

Бақылау басқармасымен Серіктестікке қосымша 50 балаға (2 топ) 2024 жылғы 1 шілдеде ғана оң қорытынды берілген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №596 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта білім беруді, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидасының» (бұдан әрі – Қағида) 2-тарауының 4-тармақшасына сай, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды жергілікті атқарушы орган мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметіне мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жасалған шарттардың шегінде, ай сайынғы негізде, ағымдағы айда сол қызметтерді алған тәрбиеленушілердің нақты контингентіне есептелген көлемде жүзеге асырады.

Яғни, қаржыландыру тәрбиеленушілердің нақты санына байланысты жүзеге асырады. Сол себепті, Серіктестіктің Білім басқармасына нақты қызмет көрсетілмеген 175 балаға 2024 жылғы 11 сәуірден бастап қаржыландыруды міндеттеу туралы талабы Қағида талаптарына қайшы болып табылады. Бұдан басқа, бірінші сатыдағы сот Бақылау басқармасымен объектіге тексеру жүргізу барысында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жөндеу жұмыстары аяқталмағандығын жауапкер ұсынған фотосуреттермен анықтаған.

Сондықтан талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының аталған бөліктегі күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

Қаулының талап қоюшы «Нұрғаным-А» бөбекжай-бақшасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесін 2024 жылғы 11 сәуірден бастап 175 балаға қаржыландыруды міндеттеу туралы талап қоюын қанағаттандыру жайлы бөлігінің күші жойылсын.

Талаптың бұл бөлігінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Қаулының басқа бөлігі күшінде қалдырылысын.

Түркістан облысы прокурорының келтірген кассациялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Г. Дуйсенбаев Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.