№6001-22-00-6ап/982
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 22 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
жауапкердің өкілі Н[...],
мүдделі тұлғаның өкілі М[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Фермерлік шаруа қожалығы» жеке кәсіпкер У[...] (бұдан әрі – Жеке кәсіпкер) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитет) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Жеке кәсіпкер жауапкер Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 13 қазандағы №118979-10-21 мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы бұйрығының (бұдан әрі – даулы бұйрық) күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен күшінде қалдырылған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Даулы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшының өкілі А.Н.Нұрлыкәрімұлы сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін ескере отырып, әкімшілік істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдау туралы және мүдделі тұлғаның пікірлерін тыңдап, сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер жергілікті соттармен орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 27 қыркүйекте мемлекеттік сатып алу конкурсының №45506107-ОК1 лоты бойынша жоспарланған бағасы – 5 790 500 теңге және №45506220-ОК1 лоты бойынша - 2 540 050 теңге, Жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып танылған.
2021 жылғы 7 қазанда «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасы» МКК (бұдан әрі - тапсырыс беруші) мемлекеттік сатып алу туралы шартты талап қоюшыға қол қою үшін жолдаған. Жеке кәсіпкер келісім шартқа заңда көзделген мерзімде қол қоймаған.
Осыған байланысты, Қазынашылық комитетінің Б[...] кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабының 3-тармағы, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу вебпорталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Жергілікті соттар талап қоюшының шартты орындауға толық мүмкіндігі болғаны, оның шарт жасасудан жалтаруға ниеті болмағаны, алайда жауапты маманның ұқыпсыздығының салдарынан келісім шартқа қол қойылмағаны жөнінде тұжырымға келген.
Соттар шешім қабылдағанда Жеке кәсіпкердің ұзақ жылдар мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс атқарып жүргенін, 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін талап қоюшының ет өнімдерін жеткізу қызметін көрсету бойынша тапсырыс берушілер арасында 100-ден астам сатып алу шарттары жасалынған.
Сонымен қатар, Жеке кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу вебпорталында шартқа уақытылы қол қоймауының нәтижесінде тапсырыс берушіге елеулі түрде зиян келтіргені, яғни теріс салдардың туындауы туралы нақты дәлелдемелер ұсынылмаған.
Бұған қоса, жауапкер сотқа талап қоюшының шарт жасасудан жалтаруға ниеті бар екендігі туралы дәлелдемелер ұсынбаған.
Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 694 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу туралы» Қағидалардың 22-тармағына сай, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші Заңда белгіленген мерзімде мемлекеттік сатып алу туралы шартқа веб-портал арқылы қол қоймаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның веб-портал арқылы қабылдаған шешімімен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне автоматты түрде енгізіледі. Алайда, Қағиданың бұл нормасы Заңның 12-бабының 5-тармағымен, 44-бабының 1-тармағымен сәйкес келмейді, өйткені онда Қазынашылық комитетіне автоматты түрде тиісті шешім қабылдау туралы тікелей талап қойылмаған.
Демек, Қазынашылық комитеті тапсырыс берушінің ұсынысы бойынша шешім қабылдағанда мемлекеттік сатып алу туралы заңнамамен қатар әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібі бөлігінде ӘРПК-нің қағидалары мен ережелерін басшылыққа алу тиіс.
ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
ӘРПК-нің 10-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.