Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Чаcтное определение от 19.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1504 (Гражданское)

Ж Е К Е Ұ Й Ғ А Р Ы М

2025 жылғы 19 қараша №6003-25-00-2К/1504 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,

талап қоюшы Б.Избасаров пен оның өкілі Г.Темирханова, жауапкер Г.Маметалиева және үшінші тұлғаның өкілі З.Әлиевтің қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Бекмурза Избасаровтың жауапкер Гульназ Бекмурзакызы Маметалиеваға, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін жауапкерлер жағындағы үшінші тұлғалар Шымкент қаласының нотариусы Нұрсұлтан Қаржаубайұлы Қандаулетовке, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына сатып алу - сату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысына талап қоюшы Б.Избасаровтың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Б.Избасаров жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2024 жылғы 12 шілдедегі Б.Избасарова мен Г.Маметалиева арасында жасалған даулы тұрғын үйді жер учаскесімен бірге сатып алу - сату шарты жарамсыз деп танылған, жауапкерден мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімі қалпына келтірілген.

Даулы шартты жасаған кезде Шымкент қаласының жеке нотариусы Н.Кандаулетовпен заң бұзушылыққа жол берілген.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 26-бабы 2, 3- тармақтарына сәйкес, меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 223бабына сай, ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан әрі - Неке және отбасы кодекс) 33-бабы 1- тармағына сәйкес, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады. Неке және отбасы кодексінің 34-бабы 3-тармағына сәйкес, ерлiзайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.

Аталған мәмiлені жасасуға нотариатта куәландырылған келiсiмi алынбаған жұбайы осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі №155 Заңының (бұдан әрі – Нотариат туралы заң) 18-бабының 1) тармақшасына сәйкес нотариус осы Заңның, "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасының нотариат қызметiн реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес нотариаттық әрекеттер, сондай-ақ электрондық тіркеуге байланысты әрекеттер жасауға міндетті.

Осы Заңның 53-бабына сәйкес нотариус мәміле заң талаптарына қайшы келмейтiнiн тексеруге мiндеттi.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 бұйрығымен бекітіліп, 2012 жылы 28 ақпанда №7447 тіркелген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінің 43, 44 тармақтарына сәйкес, меншік иесінің ортақ бірлескен немесе үлестік меншік құқығындағы мүлікті иеліктен айыру, барлық қатысушылардың келісімімен жүргізіледі.

Нотариаттық куәландыруды немесе мемлекеттік тіркеуді талап ететін мәмілелерді жасау кезінде, нотариус ортақ меншіктің басқа қатысушыларының мәмілелерді жасауға берген келісімі туралы нотариалды куәландыруға жататын келісімді талап етеді.

Жұбайлардың біреуі жұбайлардың ортақ мүлкіне билік ету жөніндегі мәміле жасасқан кезде, егер неке шартымен мүліктің өзге тәртібі белгіленбеген болса, екіншісінің келісімі керек болады.

Нотариус мәміле жасау кезінде ерлі-зайыптылардың неке қатыныстарын

БНАЖ арқылы "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорында, "АХАЖ тіркеу пункті" ақпараттық жүйесінде және некені тіркеу туралы куәлік бойынша не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат бойынша тексереді, бұл туралы келісімде жазба жасайды және куәліктің нөмірін, берілген күнін және құжатты берген органның атауын көрсетеді (неке Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелгенді қоспағанда).

Нотариаттық қызметтерді алуға жүгінген тұлға некенің жоқтығы туралы өтініш берген жағдайда да нотариус БНАЖ арқылы "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорында, "АХАЖ тіркеу пункті" ақпараттық жүйесінде (неке Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелгенді қоспағанда) тіркелген некенің болуын (болмауын) тексереді.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Б.Избасаров пен Б.Избасарова 1970 жылғы 27 маусымында заңды некеге тұрған.

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 194-орам, Спатаев көшесі, №149 «А» мекенжайында орналасқан жер телімі мен тұрғын үй (бұдан әрі - даулы жылжымайтын мүлік) 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 4058 сатып алу-сату шарты және 2024 жылғы 24 мамырдағы №2442 салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес ерлі-зайыпты Б.Избасаров пен Б.Избасароваға тиесілі болған.

2024 жылғы 12 шілдедегі сатып алу-сату шартына сәйкес, даулы жылжымайтын мүлікті Б.Избасарова өзінің қызы Г.Маметалиеваға 24 872 910 теңгеге сатқан. Бұл мәмілені жеке нотариус Н.Кандаулетов куәландырылған. Сол күні шарт жасалғанға дейін Б.Избасарова даулы жылжымайтын мүлік сатып алынғанда некеде болмағаны туралы нотариуспен куәландырылған арызға қол қойған.

Б.Избасаров 2024 жылдың 14 қарашасында қайтыс болған жұбайы Б.Избасарова мен қызы Г.Маметалиеваның арасындағы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын ортақ мүлікті сатуға келісімін бермегенімен негіздеген.

Сот шешімімен ерлi-зайыптылардың бiрлескен ортақ меншiгiндегі тұрғын үй иелерінің біреуінің келісімінсіз сатылғандықтан мәміле жарамсыз деп танылған.

Талап қоюшы Б.Избасаровтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 2, 3-тармақтарымен меншік құқығына берілген кепілдік нотарустың мәміле жоғарыда аталған заң талаптарына қайшы келмейтiнiн тиісті түрде тексеруді қамтамасыз етпегенінен бұзылған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны

басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Нотариат туралы заңының 26-бабының 1-тармағына сәйкес жеке нотариустардың Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасын, кәсіби нормаларын сақтауын қамтамасыз ететін ұйым болып табылады.

Сондықтан сот нотариуспен жол берілген заң бұзушылықтары туралы Қазақстан Республикасының нотариаттық палатасының төрағасына тиісті шаралар көру үшін хабарлау қажет деп санайды. АПК-нің 270-бабын басшылыққа алып, сот

Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І :

Қазақстан Республикасының Нотариаттық палатасының төрағасына Шымкент қаласының нотариусы Нұрсұлтан Қаржаубайұлы Кандаулетовтың заң бұзушылықтары туралы хабарлансын.

Қолданылған шаралар жөнінде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа бір айдың ішінде хабарлансын.

А.Тоқсанбаев

Төрағалық етуші

Судьялар

А.Даненова

М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.