ҚАУЛЫ
2023 жылы 10 қзазан 6001-23-00-6ап/140 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығының жауапкерлер Қызылорда қаласының әкіміне, Қызылөзек ауылдық округі әкіміне, «Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жер комиссиясының хаттамалық шешіміне дау айту, әкім қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп тану, бұзылған құқығын қалпына келтіруді міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 қарашасындағы қаулысына мүдделі тұлға Т[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 шілдедегі шешімімен ШҚ «А[...]»-дің талабы ішінара қанағаттандырылған. Жер комиссиясының 1 сәуір 2022 жылғы №6 хаттамалық шешім заңсыз деп танылып, күші жойылған. Қызылорда қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 2430 қаулысының С[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. 2022 жылғы 6 сәуірдегі Жер қатынастары бөлімі мен С[...] арасында жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған. Талаптың өзге бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 қарашасындағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға Т[...] кассациялық шағымында ШҚ «А[...]»дің осы аумақтан берілген 1000,0 га жер учаскесі бола тұра, қайтадан уақытша өтеулі пайдалануға жер учаскесін алуға құқығы жоқ екені, шектi (ең жоғары) мөлшерден асатын мөлшерлерде жер учаскесін беруге заңмен тыйым салынғаны келтірілген. Талап қоюшының даулы учаскеге салған құрылыстары заңсыз екенін, бұл оның кәсіпкерлік тәуекеліне жатататын көрсеткен. Сонымен қатар, шағым иесі бірінші сатыдағы сот тарапынан істі қарау барысында процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер Қызылорда қаласының әкімі мүдделі тұлғаның кассациялық шағымындағы негіздерді қолдап, жергілікті сот актілерін күшін жойын сұрады.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.
Тараптар және басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Кассациялық сот алқасы дауланып отырған конкурс нәтижелерін заңсыз деп таныған жергілікті сот актілерімен толық келіседі.
Қаралып отырған даудың шеңберінде әкімшілік әділеттің мақсаты жергілікті атқарушы органның жер заңнамасында көзделген әкімшілік рәсімді, оның барлық кезеңдерінің кезектілігін сақтай отырып, дұрыс және толыққанды жүргізгенін тексеру, қабылдаған әкімшілік актілерінің заңдылығына құқықтық баға беру болып табылады.
Жалпы, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-1-бабының ережелерімен, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларымен (бұдан әрі –№1Қағида) реттеледі. Жер кодексінің 43-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі келісуші органдар мен ұйымдар жалпы санының кемінде төрттен үші оң қорытынды берген жағдайда келісілді деп есептеледі. Осы ретте, дауланып отырған конкурс бойынша заңда көзделген келісілу тәртібінің сақталғанын тексеру мақсатында қала әкімдігінен келісілу жүргізу құжаттары (келісуші органдар мен ұйымдар қорытындыларымен қоса) сұратылып, зерттелді.
Сот сұратуына сәйкес жауапкер тарапынан ұсынылған құжаттарда заңда көзделген келісілу рәсімінің формальды түрде жүргізілгенін анықталды, хаттарда және хаттамаларда қандай жер учаскелеріне келісім берілгені көрсетілмеген, қорытындылар (оң немесе теріс) қамтылмаған, келісімдер жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан емес, кент (ауылдық округ) әкім аппараттарынан алынған.
Іс құжаттарында даулы конкурсқа шығарылған жер учаскелерінің тізбесі жергілікті атқарушы органмен 2021 жылғы 1 қазанда бекітілген, ал келісімдердің бір бөлігі маусым айының 6-10 аралығында берілсе, Қызылорда қаласы қоғамдық кеңесі келісімін 2021 жылғы 15 қарашада, «МИК[...]» ЖШС-ы - 2022 жылғы 10 қаңтарда, яғни тізбе бекітілгеннен кейін берген.
Жер кодексінің 43-1-бабының 2-бөлігінде тізбеге енгізілген жер учаскелері конкурсқа жерге орналастыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шығарылатыны, жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу мерзімі көрсетілген тізбе бекітілген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспауға тиіс екені бекітілген.
Іс материалдарынан бұл мерзімдердің сақталмағаны көрінеді жерге орналастыру жұмыстары 2021 жылдың қараша айында жүргізіліп, аяқталғанымен, жер учаскелері конкурсқа тек 2022 жылғы ақпанда шығарылған.
Сонымен қатар, даулы конкурсты өткізу барысын аудио, бейнежазба құралдарының көмегімен тіркелген жер комиссиясы отырысының жазбасын жауапкер сотқа ұсынған жоқ.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығымен бекітілген Жер комиссиясы туралы үлгі ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қатысатын қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.
Даулы конкурс кезінде әрекет еткен жер комиссиясының құрамы Қызылорда қалалық мәслихатының 2021 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен бекітілген. Шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Қызылорда қалалық жер комиссиясының құрамы 13 адамнан және жер учаскелері Жер кодексінің 431-бабына сәйкес берілетін жағдайдағы комиссия мүшелерінен тұрады. Алайда аталған қосымшада Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес өткізілетін конкурс кезіндегі комиссия мүшелерінің аты-жөні және саны нақты көрсетілмеген.
Қосымшада қала аумағына кіретін кенттер мен ауылдық округтер тізбектеліп, олардың әкімі (немесе міндетін атқарушы) және қоғамдастық жиналысынан жіберген халық өкілі (жиналыс қорытындысы бойынша) деп көрсетумен шектеліп, нақты кім комиссия құрамына кіретіні көрсетілмеген. Комиссия отырысын заңды деп тану үшін кворум сақталуы шарт. Ережеге сәйкес комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса ғана заңды деп танылады. Кворумның сақталған-сақталмағанын анықтау үшін комиссия мұшелерінің жалпы саны нақты болуы керек.
Дауланып отырған конкурс бойынша 2022 жылғы 1 сәуірде комиссия отырысының екі хаттамасы жасалған - конкурсқа ұсынылған конверттерді ашу және қорытынды туралы. Хаттамаларға қол қойған комиссия мүшелерінің саны мен құрамында айырмашылық бар.
Сонымен қатар, Жер кодексінің 43-1-бабының 9 және 10тармақтарында, №1Қағиданың 11-14-тармақтарында конкурсқа ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар көрсетілген.
Аталған заң талаптарына сәйкес конкурстық ұсыныста өтінім беруші ұсынған міндеттемелер мен бизнес-жоспар келешекте конкурс жеңімпазымен жасалатын жер учаскесін жалдау шартының ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан олардың ұсынылуы міндетті.
Жоғарыда аталған талаптарға сай келмейтін конкурстық өтінім қабылдамай тастауға жатады және жер комиссиясының барлық өтінімдерді олардың сәйкестігі, толықтығы, есептемелердегі қателіктердің, құжаттардағы барлық қолтаңбалардың бары тұрғысынан зерделейтіні, сондай-ақ, жалпы рәсімдеудің дұрыстығын тексеретіні, конкурстық ұсыныста көрсетілген бизнес-жоспар, оның ішінде, инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен өтінімдерді бағалайтыны, салыстыратыны көрсетілген .
Қағида талаптарына сәйкес конкурстық өтінімді конкурсқа қатысушы беттері нөмірленіп, тігілген түрде мөрленген немесе өшірілмейтін сиямен жазылған жабық конвертте ұсынады, конкурстық ұсыныстың соңғы беті жеке тұлғалар (немесе сенімді өкіл) үшін - қатысушының қолымен және заңды тұлғалар үшін - бірінші басшының (немесе сенімді өкіл) қолымен және мөрімен (бар болса) куәландырылады .
Даулы конкурстың құжаттарын зерттегенде қатысқан үш қатысушының да (ШҚ «А[...]», С[...], С[...]) конкурстық өтінімдері қағида талаптарына сай болмаған. Құжаттар ксерокөшірме түрінде ұсынылған. Беттері нөмірленіп, тігілмеген, тиісті түрде куәландырылмаған. Өтінімде келтірілген мәліметтерді (ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы, т.с.) растайтын құжаттар тіркелмеген.
Конкурстық өтінімдерде өтінім беруші ұсынатын міндеттемелер қамтылмаған. Мұндай жағдайда, жоғарыда көрсетілгендей, конкурстық өтінімдерді қабылдамай тастау қажет болған.
Конкурс барысында орын алған заң бұзушылықтарды ескере келе, оның нәтижесін заңсыз деп танып, күшін жойған жергілікті сот актілерімен сот алқасы толық келіседі.
Осындай жағдайда, жергілікті соттардың сот актілері шешімін өзгертуге не оның күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК 169-бабы және АПК 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 19 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 қарашасындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С.Баймаханов Судьялар Е.Өміралиев
Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.