ВС РК - Постановление от 24.05.2022 по делу 6001-22-00-6ап/168(2) (Административное)

6001-22-00-6ап/168(2)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 24 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі К[...], жауапкер өкілі Н[...],

мүдделі тұлға «Алматы облысы білім басқармасының Жамбыл ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі О[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы « «М1[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «М1[...]» ЖШС-гі, серіктестік) жауапкер «ҚРҚМҚК[...]» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Алматы облысының № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«М1[...]» ЖШС-гі жауапкер Қазынашылық комитетінің оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 12 маусымдағы № 110798-06-21 бұйрығының күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Алматы облысының № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Алматы облысы білім басқармасының Жамбыл ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – тапсырыс беруші) ашық конкурс тәсілімен «Қайназар орта мектебінің шатырына ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу» бойынша жарияланған мемлекеттік сатып алудың 2021 жылғы 18 мамырдағы қорытындысы бойынша ең төменгі баға ұсынымы бойынша серіктестік жеңімпаз балып танылған.

2021 жылғы 8 маусымда тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу вебпарталы арқылы серіктестікке 2021 жылдың 11 маусымына дейін шартқа қол қою үшін жолдаған.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

Серіктестік Заңда көрсетілген мерзімде шартқа қол қоймаған. Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 12 маусымдағы № 110798-06-21 бұйрығымен серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған.

Төменгі сатыдағы соттар серіктестік басшысы М[...] 2021 жылғы 11-16 маусым аралығында науқастанып, стационарлық емдеудеуде болғанын көрсетіп, шартқа қол қоюдан қасақана жалтармағандығы жөнінде тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандырған. Сонымен қатар, серіктестіктің адал салық төлеуші болып табылатыны, бұрын мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерін толық орындап келгені ескерілген.

Соттардың бұл тұжырымын заңды және негізді деп санауға болмайды, себебі сот актілерінде баяндалған түйіндер істің мән-жайларына сәйкес келмейді.

АК-нің 8-бабының 4-тармақшасына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Талап қоюшының әрекеті заңның бұл талаптарына сәйкес келмейді.

Шартқа қол қоюға тиісті кезеңде серіктестік басшысының науқас болғаны теріске шығарылмаған. Бірақ оның стационарлық жағдайда ем қабдылдауы шартқа қол қоюға кедергі болғаны жөнінде соттардың тұжырымы істегі дәлелдемелерге қайшы келеді.

Соттар көрсеткендей серіктестік директоры М[...] 2021 жылғы 11-16 маусым аралығында стационарлық емдеуде болмаған.

Іске тіркелген еңбекке уақытша жарамсыздық парағына қарағанда М[...] 2-дәрежедегі қан қысымы (гипертония) ауруымен 2021 жылғы 11-14 маусым аралығында амбулаториялық емдеуде болған. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.

Серіктестік басшысы шартқа қол қою үшін өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын, бірақ объективті, оның еркіне байланысты емес мән-жайларға байланысты оған қол қоя алмағанын, оның науқасы шартқа қол қоюға қаншалықты кедергі болғанын дәлелдемеген.

Бұған қоса, соттар іс үшін маңызы бар мына мән-жайға назар аудармаған.

Тапсырыс беруші 8 420 553 теңгеге мемлекеттік сатып алуды жариялаған. Серіктестік болса бұл қызметке ақылға қонымсыз баға - 590 000 теңге ұсынған. Талап қоюшының өкілі сот алқасының мәжілісінде бұл баға қателікпен қойылмағанын бекітті.

Жеңімпаздан кейінгі әлеуетті өнім берушілер болса 3 789 248 теңгеден бастап 6 736 442,4 теңге аралығында, яғни жоғары бағалар ұсынған.

Сот алқасының мәжілісінде тапсырыс берушінің өкілі шартқа қол қою кезеңінде серіктестік өкілдері өздері ұсынған бағаға шартта көзделген жұмысты орындау мүмкін еместігін мәлімдегенін көрсетті. Сондықтан сот алқасы бұл мән-жайларды серіктестіктің шартқа қол қоймау арқылы мемлекеттік тапсырысты өзі ұсынған бағаға орындаудан жалтаруы деп бағалайды.

Жоғарыда аталған фактілер соттардың істегі дәлелдемелерді бұрмалап, дауды талап қоюшының пайдасына біржақты шешім қабылдағанын білдіреді. Сонымен қатар, бірінші саты сотының істі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған жауапкердің қатысуынсыз қарағаны анықталды.

Бұл өрескел заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот тиісті құқықтық баға бермеген. Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықталғанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда өрескел заң бұзушылық жіберілгенін, жауапкердің апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысқандығын ескере отырып, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығаруға жеткілікті негіздер бар деп санайды.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысының № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.

« «М1[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «ҚРҚМҚК[...]» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2021 жылдың 12 маусымдағы № 110798-06-21 санды бұйрығының күшін жою жайлы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын. «ҚРҚМҚК[...]» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс.

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.