Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4769(2) (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 ақпан №6003-25-00-2к/4769(2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Б.Б.Орынбековтың, жауапкер өкілі Б.С.Мадияровтың, үшінші тұлғалар өкілдері Ә.Ұзақбаевтың және Б.Т.Сәдірдің бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Сарсенов С» атауымен әрекет етуші Султан Батырович Сарсенов жеке кәсіпкерін (бұдан әрі - Кәсіпкер) жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Кәсіпкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 маусымдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат берілгенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған және мемлекет пайдасына сот шығыны 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген. Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді. Анықталғаны, 2025 жылғы 30 қаңтарда Басқармамен Қызылорда облысының білім басқармасының «Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің «№ 47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және 2025 жылғы 31 қаңтарда «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «№ 266 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурс ұйымдастырылған.

2025 жылғы 7 наурыздағы ашу хаттамасына сәйкес бірінші конкурсқа қатысуға өтінімдерді алты әлеуетті өнім берушілер ұсынған: Кәсіпкер, «АйАру-жан» жеке кәсіпкері, «БЕРЕКЕ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Махамбетова Гульшат Амангельдиевна» жеке кәсіпкері, «Утепбергенова М» жеке кәсіпкері, «Rich Azamat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

2025 жылғы 10 наурыздағы ашу хаттамасына сәйкес екінші конкурсқа қатысуға өтінімдерді төрт әлеуетті өнім берушілер ұсынған: «Матжанов» жеке кәсіпкері, Кәсіпкер, «Rich Azamat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қызылорда-ЭМС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Конкурстық өтінімдерді қарау барысында 2025 жылғы 13 наурызда Басқармамен «Батыс Қазақстан облысының әкімдігі білім басқармасының «Теректі колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Кәсіпкер тарапынан еңбек ресурсы ретінде ұсынылған аспазшылар Р.С.Ахановаға, А.Л.Ибраимоваға, И.А.Беркалиевке және Н.Г.Агаеваға берілген «аспазшы» біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білімі туралы дипломдардың шынайылығын анықтап, олардың осы колледжде оқығаны туралы ақпаратты жолдауды сұраған. Аталған колледждің 2025 жылғы 14 наурыздағы хатына сәйкес аталған аспазшыларға дипломдар берілмегені және олар «Аспазшы» мамандығы бойынша білім алмағаны хабарланған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген білім алушыларды тамақтандыруды қызметтерін сатып алу бөлігінде құқықтық қатынастарды реттейтін «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондайақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының

қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» 6-қосымшасына сай Кәсіпкер конкурсқа қатысу туралы келісімді қабылдап, оның 4-тарауына сәйкес конкурстық құжаттамамен танысқандығын, сапалық және өзге де сипаттамалары (жеткізілетін тауарды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) туралы дұрыс емес мәліметтер бергені үшін жауапкершілігі, сондай-ақ тиісті заңдық нормаларда көзделген өзге де шектеулерді сақтау туралы хабардар етілгендігін растайтындығы, конкурсқа қатысу өтінімінде және оған қоса берілетін құжаттарда мұндай дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатындығы туралы келісімін беріп, тиісті түрде электрондық цифрлық қолтаңба қою арқылы оны растаған.

Яғни, Кәсіпкер конкурстық құжаттамада аспазшыларға қатысты дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, тиісінше Кәсіпкер конкурстық құжаттамада ұсынған мәліметтердің шынайлылығына жауап беруге міндетті.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкер «Сарсенов С» атауымен әрекет етуші Султан Батырович Сарсенов жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.