ҚАУЛЫ
2023 жылғы 7 наурыз 6001-22-00-6ап/1967 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшы Ш[...],
жауапкер Байзақ ауданы әкімінің өкілі – Т[...], мүдделі тұлғалар -
«Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) өкілі – Т[...],
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өкілі – С[...],
С[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ш[...] жауапкер Байзақ ауданы әкіміне қаулыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотының 2022 жылғы 29 сәуіріндегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 23 тамыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотының 2022 жылғы 29 сәуіріндегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы Ш[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер Байзақ ауданы әкімі мен мүдделі тұлға «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» КММ-нің өкілдері қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырсуыз қалдыруды сұраған.
Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша соттар тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілмеген. Ш[...] пен С[...] әрқайсысына жер учаскелерінің берілу уақыттары, негіздемелері, техникалық сипаттамалары сот актілерінде толық баяндалған. Істің бұл мән-жайлары бойынша тараптардың арасында дау келтірілмейді.
Істің мән-жайына қарағанда Ш[...] өзіне тиесілі жер учаскесі С[...] заңсыз ресімделгенін көрсетіп сотқа жоғарыдағы талаптармен жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда Ш[...] берілген жер учаскесін орналастыру жұмыстары қате - жүргізілгендіктен, құжаттары дұрыс қалыптастырылмағандығымен, сондай ақ, Ш[...] даулап отырған «Түймекент» өндірістік кооперативінің аумағындағы «Ж[...]» (Б[...]) шаруа қожалығының жер учаскесі С[...] берілген жер учаскесінен бөлек орналасқандығымен негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымдары сотта жан-жақты және толық зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келеді. Сондықтан заңды қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотының 2022 жылғы 29 сәуіріндегі шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 23 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Ш[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.