Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1433 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 қазан №6003-25-00-2к/1433 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,

арыз беруші Т.А.Артыкбашевтың, оның өкілі А.У.Шойбековтың, мүдделі тұлға өкілі Э.А.Сапарбаеваның қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы,

ашық сот отырысында арыз беруші Тохтасин Абдиханович Артыкбашевтың мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне қайтыс болған анасының асырауында болғаны туралы заңды маңызы бар фактіні анықтау туралы арызы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі арыз беруші өкілінің Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Т.Артыкбашев сотқа жоғарыда аталған арызбен сотқа жүгінген.

Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы шешімімен арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз, арызданушының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Арызданушы өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар оның уәждері мен дәлелдемелеріне дұрыс баға бермегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды. Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 305-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, соттар адамның біреудің асырауында болу фактісін сот анықтайды.

2002 жылғы 28 маусымдағы №13 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 5 тармағына сәйкес, соттар адамның біреудің асырауында болу (АПК-нің 305-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасы) фактілерін анықтаудың мұраны (АК-нің 1068-бабы), асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы (АК-нің 940-бабы) алу үшін және заңда көзделген басқа да жағдайларда заңды маңызы бар екенін

ескеруге тиіс. Бұл ретте арыз берушінің жалақысы болған, ол зейнетақы, стипендия және тағы басқа алған жағдайларда күтіп-бағатын адамның тарапынан көмек тұрақты және негізгі күнкөріс көзі болғанын анықтау қажет екенін ескеру қажет. Тек қайтыс болған адамның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері ғана асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқылы.

Іс құжаттарына сәйкес арыз беруші Т.Артыкбашев 1982 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. 2005 жылы 28 сәуірдегі №0234958 анықтамада Т.Артықбашевтың бала күнінен 2 топтағы мүгедек екендігі көрсетілген. Оның анасы С.Артыкбашева 2006 жылғы 5 маусымда, 49 жасында ауырып дүниеден өткен. С.Артықбашева қайтыс болған кезде С.Артықбашев 24 жаста болған. Бұған дейін ол үйленіп, отбасын құрып, ортақ некеден балалары туылған. Қазіргі кезде ол 6 баланың әкесі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат беру анықтамасына сәйкес, 2024 жылғы қараша айына арыз беруші Т.Артыкбашевқа жұмыс беруші Түркістан облысы, Сауран аудандық білім бөлімімен міндетті зейнетақы аударым жүргізілген. Бұл фактіні кассациялық сотта арызданушы өкілі де растады.

Сондықтан жергілікті соттар арыз беруші жұмысқа жарамды екендігі, жұмыс істеп табыс табуға толықтай мүмкіндігі бар екендігі анықталған деген тұжырымға келген.

Сонымен қатар, азаматтық істі қарау барысында Т.Артыкбашев өзінің медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты анасының тірі кезінде оның асырауына мұқтаж болғандығы туралы және оған анасы тарапынан көмек тұрақты көрсетілгені және анасының табысы оған негізгі күнкөріс көзі болғаны туралы дәлелдемелер келтіре алмаған.

Істің мұндай тұрғысында сот актілері заңды, әрі негізді болып табылады.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтаған, іс материалдары толық, жан-жақты және объективті зерттелген, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған.

Кассациялық шағымның уәждері материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен олар негізсіз деп саналады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Арыз беруші өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.