6001-20-00-3гп/185
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 15 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Сұлтанов, судьялар Б.Ералиева, Р.Қуанышбаева,
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ, Басқарма) жауапкер Е[...] жер учаскесіндегі өз бетімен салынған құрылысты жауапкердің есебінен бұзу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысына талап қоюшының келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-і сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2019 жылғы 1 шілдедегі шешімімен Басқарманың талап қою арызы қанағаттандырылған. Түркістан қаласы, [...] хан даңғылы, № 212 мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіндегі екі қабатты, іргетасы тұтасқұймалы бетон, қабырғасы күйінді блоктан (шлакоблок), шатыры ағаш стропилалар, үстінен профильді метал қаңылтырмен жабылған, жалпы өлшемі 19,80x6,80 метр өз бетімен салынған құрылыс нысаны Е[...] есебінен бұзылу міндеттелген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша Басқарманың талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Арызданушы өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Сот алқасы, талап қоюшының өкілі А[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкердің өкілі Ж[...] қарсы пікірін, іс материалдарын зерттеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған апелляциялық қаулының күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.
Жергілікті соттармен осы іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, Е[...] Түркістан қаласы әкімінің 2006 жылғы 7 қарашағы № 4305 қаулысымен Түркістан қаласы, [...] хан даңғылы, 212 мекенжайында бұрын салынған тұрғын үй орналасқан жалпы көлемі 0,058 га, бөлінетін жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген. Аталған жер учаскесіне мемлекеттік акт беріліп, меншік құқығы тіркеуден өтіп, жер учаскесіне [...] кадастрлық нөмірі табысталған.
2008 жылғы 28 қаңтарда Е[...] Түркістан қаласы әкімінің № 369 қаулысымен өз тұрғын үйінен сауда орны үшін, жалпы көлемі 0,0016 га, бөлінетін жер учаскесіне 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы белгіленген.
Талап қоюшы құрылысты бұзу туралы талапты мәлімдей отырып, онда жауапкер жалға берілген жер учаскесіне қажетті рұқсат құжатынсыз өз бетімен салынған құрылысты жүзеге асырғанын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандыра отырып, жауапкердің құрылыс объектісін заңсыз салу жөніндегі әрекеті уәкілетті органның хаттамаларымен расталатынын, оларға сәйкес Е[...] жобалаусметалық құжаттамасыз объект салғаны, құрылысты техникалық және авторлық қадағалаусыз жүзеге асырғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 316 және 321-баптарымен көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауаптылыққа тартылғанын, сондай-ақ құрылыс қызыл сызықта орналасып, қаланың Бас жоспарын бұзатынымен уәждеген. Бұдан басқа, жер учаскесінің жалға алу мерзімі өтіп кеткенін және жауапкер оны ұзарту туралы қандай да бір құжаттарды ұсынбағанын мәлімдеген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып іс бойынша талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдай отырып, онда объектінің басым бөлігі жауапкердің жер учаскесінде орналасқанын, объектінің құрылысы аяқталмағанын, жер учаскесінің нысаналы мақсаты анықталмағанын көрсеткен.
Осыған орай, апелляциялық сатыдағы сот аяқталмаған құрылысты бұзбай, оның кейіннен пайдалануға берілуі, сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілуі мүмкін деп есептеген.
Сот алқасы жергілікті соттардың мұндай қорытындылары мерзімінен бұрын жасалған деп есептей отырып, олармен келіспейді.
Алқа соттармен іс үшін маңызы бар нақты іс жүзіндегі мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмаған және оны анықтау үшін жеткілікті шаралар қабылданбаған деп санайды.
Іс материалдарына Шымкент қаласы әкімдігінің Түркістан қаласы, [...] хан даңғылы, 212 бір мекенжайында орналасқан көлемі 0,058 га, жер учаскесін жеке меншікке беру және 0,0016 га, жер учаскесін уақытша жер пайдалануға беру туралы қаулыларының көшірмелері тіркелген.
Бұл ретте бірінші сатыдағы сот жалға алынған жер учаскесі тұрғын үйдің жанынан берілгенін көрсеткен. Ал, апелляциялық сатыдағы сот жер учаскесі тұрғын үйдің орнынан бөлінгенін мәлімдеген.
Алайда, жергілікті соттармен аталған жер учаскелері қандай негізден тұратынын, олар әртүрлі учаскелер, әлде бұл бір жер учаскесі болып табыла ма, олардың нақты орналасқан жері мен шекаралары айқындалмаған. Жалға берілген жер учаскесінің нысаналы мақсаты қандай болғаны, бұл жер учаскесі белгіленген тәртіппен құрылыс салушыға берілуі мүмкін екендігі анықталмаған.
Сондай-ақ жергілікті соттармен жер учаскелерінің кадастрлық істері сұратылмаған.
Сонымен қатар, Басқарма талап қою арызында жауапкер дүкен құрылысын жүргізіп жатқанын көрсеткен. Ал, іс материалдарына екі және бір қабатты тұрғын үй құрылысының эскиздік жобасы тіркелген. Өз кезегінде соттар Е[...] жоғарыда көрсетілген мекенжайдағы бір қабатты тұрғын үйде тұратынын мәлімдеген.
Алайда, соттар құрылыс объектісі неден тұратынын (тұрғын үй (жаңа немесе тұрғын үйге қосымша) кәсіпкерлік қызмет объектісі), оның техникалық сипаттамалары, параметрлері, алаңдары және т.б., сондай-ақ салынған құрылыстың техникалық, өртке қарсы және санитарлық нормаларға сәйкестігі анықталмаған.
Сонымен бірге, Басқарма құрылыс нысаны Бас жоспарда көзделген қызыл сызықтарды бұза отырып салынғанын көрсеткен.
Сот отырысында құрылыс объектісі жауапкердің жеке меншік құқығындағы немесе оған уақытша пайдалануға берілген, әлде мемлекеттік меншіктегі жерлерде жүзеге асырылғаны туралы деректер нақтылы анықталмаған.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты апелляциялық қаулыны заңды деп тануға болмайды, сол себепті, қаулының күші жойылуға, ал іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады.
Істі қайта қараған кезде, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, істі толық көлемінде қарап, тараптардың уәждерін мамандарды тарта отырып көшпелі сот отырысында тексеріп, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын айқындап, оларға тиісті баға беріп, материалдық және процестік нормаларын дұрыс қолданып дауды шешу қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысының күші жойылсын, іс басқа құрамда жаңадан қарау үшін аталған облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жолдансын.
«Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-нің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.Сұлтанов
Судьялар
Б.Ералиева
Р.Қуанышбаева
Көшірмесі дұрыс Судья
Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.