ҚАУЛЫ
2024 жылғы 16 шілде 6001-24-00-6ап/389 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
прокурор М[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-сі өкілі Д[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы арқылы келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Б[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшының өкілдері істі қашықтықтан бейнеконференциялық байланыс арқылы қарау туралы сотқа өтініш келтірген.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалуына байланысты, сот талап қоюшының өкілдерінің сот отырысына келмеуі туралы уәждерін дәлелді деп санамайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілінің қарсы пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы 2017 жылы Шымкент қаласы, [...] ғимараты мекен жайында орналасқан жылжымайтын мүлікті 9 362 400 теңгеге өткізген, деседе ол жөнінде жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырмаған немесе ондай мәліметтерді төмендеткен (бұзушылық сомасы 936 240 теңгені құраған).
Талап қоюшы 2020 жылғы 30 қаңтарда 2017 жылға жеке табыс салығы бойынша 240.00 СЕН декларациясын тапсырып, қосымша 936 240 теңге салық сомасын есептеген.
Ол туралы жауапкермен 2020 жылғы 21 желтоқсандағы камералдық бақылау нәтижелерін растау туралы қорытынды жасалып, нәтижесінде талап қоюшының бет есебінде, 936 240 теңге берешек есептелген.
Талап қоюшы 200 000 теңге төлем жасаған, берешек сомасының қалдығы 736 240 теңге болған.
2023 жылғы 13 сәуірде №20000244015 санды салықтық берешегі туралы хабарлама түзіліп, талап қоюшыға жолданған. Хабарлама орындалмағандықтан 2023 жылғы 2 маусымда №21000044681 санды жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылған.
Талап қоюшы аталған бұйрықпен келіспей, оны заңсыз деп танып, күшін жою туралы сотқа талап қоюмен жүгініп, аталған жылжымайтын мүлік К[...] меншік құқығы 1/12 ортақ үлесте 2011 жылғы 28 қазандағы мұрагерлік құқығы туралы куәліктің негізінде пайда болып, уәкілетті органда 2011 жылғы 18 қарашада тіркеуден өткен. Кәмелетке толмаған К[...] заңды өкілі ретінде талап қоюшы әрекет жасап, К[...] және Е[...] мүлікті айырбастау жөнінде 2017 жылғы 6 сәуірде шарт жасасқан, уәкілетті органда 2017 жылғы 25 мамырда тіркеуден өткен.
Осы шарттың талаптарына сәйкес талап қоюшы аталған мүліктің 1/12 үлесін К[...] мен Е[...] тиесілі басқа мүліктегі үлеске және 30 000 АҚШ долларына (9 362 400 теңгеге балап) айырбастаған.
Талап қоюшы жылжымайтын мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске салық берешегін өндіріп алу туралы бұйрықпен келіспей, оны заңсыз деп танып, күшін жою туралы сотқа талап қоюмен жүгінген. Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, төменде көрсетілген мән-жайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 331 – бабы 1-тармағының 6)тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды: осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгенді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік.
Жоғарыдағының негізінде, Салық кодексінің 114 бабына сәйкес, 2023 жылдың 13 сәуір айында салықтық берешегі туралы №20000244015 хабарламасы қалыптастырылып жолданған, 2023 жылы 29 мамырда хабарлама жетіп, 2023 жылы 2 маусымда хабарламаның орындау мерзімі өткен. Ары қарай, сол күні салықтық бұйрық шығарылған.
Салық кодексінің 128-бабының 1-тармағында дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 1 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі салықтық берешегін жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады және оны шығарған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді деп көрсетілген.
Салықтық берешегі өтелмегендіктен 2023 жылғы 2 маусымда №21000044681 санды жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылған.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола табылмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ.Әлжанов
Судьялар Ж.Ермағамбетова
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.