Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 сәуір №6003-25-00-2к/3783(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Ш.К.Кусаиновтың, жауапкер өкілдері Д.Т.Жұмаділда мен А.М.Кулбаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «АстанаЖарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «District-BК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Мекеме сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік тарапынан шарт міндеттемелері тиісінше орындалмағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
«Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағына сай мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар АК-нің 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің
негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет.
2025 жылғы 5 қаңтарда тараптар арасында №2ГЗ мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасалған, оған сәйкес Серіктестік «1С:Кәсіпорын» бағдарламасы ақпараттық жүйені қостау және техникалық қолдау көрсету бойынша қызмет көрсетуге міндеттенген, шарт сомасы 310 000 теңгені құраған, орындау мерзімі - қол қойылғаннан бастап 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Серіктестік шартта көрсетілген қызметтерді техникалық ерекшеліктерге сай тиісті түрде көрсетпеуіне байланысты шарт 2025 жылғы 21 ақпанда Мекемемен біржақты бұзылған.
Серіктестік шарт талаптарының орындалмауын Мекеме тарапынан тіркеу кілтінің берілмеуіне негіздесе, Мекеме бұл кілтті Серіктестікке беру жөніндегі міндеттеме не шартпен, не техникалық ерекшелікпен көзделмегенін алға тартады.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 шілдедегі шешімімен Серіктестіктің шартты біржақты бұзуды заңсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Осы дау сотта қаралған кезінде компьютерлік технологияның құралдарын зерттеу сараптамасы тағайындалып, сараптаманың 2025 жылғы 10 шілдедегі №7496 қорытындысына сәйкес: 1) Зерттеуге ұсынылған «1С:Кәсіпорын «E-Sandyq»» конфигурациясы №ГЗ мемлекеттік сатып алу қызметтері бойынша келісімшарттың техникалық сипаттама талаптарына ішінара сәйкес келеді. Бағдарламалармен және әртүрлі деңгейдегі жүйелермен, деректермен және жүйелік құралдармен интеграцияға байланысты функционалды орнату үшін, «ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің талаптарына сәйкес өзгертілген электрондық шаблон файлдарын уақтылы ұсыну», «ЭСФ порталымен интеграция», «Мемлекеттік сатып алу порталымен интеграция», «Мүлікті есепке алу есебін жүктеу» үшін тіркеу кілтінің болуы қажет. Техникалық немесе функционалдық параметрлерге жатпайтын талаптарға қатысты сәйкессіздіктерді анықтау сарапшының құзыретіне кірмейді.
Бағдарламалар мен әртүрлі деңгейдегі порталдармен толық интеграцияны жүзеге асыру үшін тіркеу кілті міндетті.
Тіркеу журналынан алынған мәліметтерге сәйкес тексеру және зерттеу жүргізу кезінде соңғы тіркелген өзгерістер 2025 жылғы 4 шілдеде сағат 17:29:40 уақытпен белгіленген.
Демек, тараптар арасындағы дау тіркеу кілтінің берілмеуінен, соның салдарынан шарт міндеттемелерінің орындалмауынан туындаған, бұл кілттің Серіктестікке берілуі шарт талаптарын орындау үшін міндетті шарт
(сараптама қорытындысына сай), алайда тіркеу кілтінің кіммен кімге және қандай жағдайда берілуі тиістігі не шарт талаптарымен, не техникалық ерекшелікпен айқындалмаған, бұл мәселенің нақтыланбауы тапсырыс берушінің кемшілігі.
Өз кезегінде, Серіктестік мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданған (тіркеу кілтін сұрап Мекемеге бірнеше рет хаттар жазған, аудио хабарлама жолдаған), іс жүзінде «1С:Кәсіпорын» бағдарламасы Мекемеге орнатылған, алайда тіркеу кілтінің болмауына байланысты ақпараттық жүйені толық қанды қолдануға техникалық мүмкіншілік болмаған (сараптама қорытындысына сай).
Бұл мән-жайлар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 359бабының 1-тармағына сай Серіктестікті міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауапкершіліктен босатуға және АПК-нің 6-бабының 5-бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын қолдануға негіз болады.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкер «District-BК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.