№6001-23-00-6ап/1575 №6001-23-00-6ап/1575 (2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 14 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова,
жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Х[...] жауапкерлер Төлеби ауданы әкіміне, Төлеби аудандық маслихатына Төлеби ауданы әкімінің 2015 жылғы 31 шілдедегі №348 қаулысымен сауда-саттықта сатуға ұсынған жер учаскелер тізбесіне Леңгір қаласы, [...] жалпы көлемі 0,07 га жер учаскесін енгізуі жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп тану, қаулының күшін жою, Төлеби аудандық маслихатының сауда-саттықта сатуға ұсынған жер учаскелер тізбесіне Леңгір қаласы, [...] жалпы көлемі 0,07 га жер учаскесін енгізуі жөніндегі аудан әкімі қаулысын бекіту туралы 2015 жылғы 4 тамыздағы №43/214-V шешімін заңсыз деп тану, оның күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының Төлеби аудандық сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының өкілдері Б[...], М[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілдері кассациялық шағымдарда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымдардың уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
ӘРПК-тің 136-бабының бесінші бөлігінің талабына сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Іс материалдарын анықталғандай, даулы әкімшілік актілер 2015 жылғы 31 шілдеде және 2015 жылғы 4 тамызда қабылданған.
Талап қоюшы даулы актілер бойынша әкімшілік рәсіміне қатыспаған адам болып табылады, сондықтан талап қоюшы үшін актілерді даулау туралы мерзімі 2016 жылғы 31 шілдеде және 2016 жылғы 4 тамызда аяқталған.
Соттар талап қоюды кері қайтарып, талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруге талап қоюшы негізді себептер келтірмегендігін көрсеткен.
Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.
ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағымдар өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған. Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының Төлеби аудандық сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілдері Б[...], М[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.