ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 наурыз 6001-24-00-6ап/3132 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,
аудармашы Р. Шайхының, талап қоюшының өкілдері С.А.Жаманбаева мен Қ.С.Сұлтанғазиновтың, жауапкерлер өкілі К.К.Исмаиловтың,
мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) өкілі Ж.Б.Улмесековтың қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Нұрым Ғалымұлы Шомайдың жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №1231662-2090 медициналық-әлеуметтік сараптаманың (бұдан әрі – МӘС) актісін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандыусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, Департамент пен Комитет өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Н.Г.Шомайға алғаш рет 2021 жылдың 15 қарашасында жол-көлік оқиғасында ауыр жабық бас сүйек-ми жарақатын алғаннан және төбе аймағының батыңқы сынуын жою үшін жасалған отадан кейін куәландырылып, 1 жыл мерзімге жалпы ауру және жалпы еңбекке жарамсыздықтың 70 пайызы себебінен мүгедектіктің 2-тобы белгіленген.
2022 жылғы 21 қарашада Н.Г.Шомайды қайта куәландыру кезінде мүгедектіктің 3-тобы және жалпы еңбек ету қабілетінен айырылудың 50 пайызы белгіленген.
2023 жылғы 14 шілдеде Н.Г.Шомай өндірістік жарақат алғаннан кейін «Sana Vita clinic» ЖШС-гі медициналық ұйымы мерзімінен бұрын қайта куәландыруға жіберілген.
Шағымдардың, объективті тексеру деректерінің, ұсынылған медициналық құжаттарды талдаудың негізінде, организмнің тіршілік әрекетінің негізгі санаттарының шектелуіне әкелетін организм функцияларының шамалы айқын бұзушылықтарын анықтай отырып, МӘС қайта куәландыру үшін негіз белгіленбеген. 2023 жылғы 4 желтоқсанда кезекті куәландыру кезінде организм функцияларының бұзылу дәрежесі және тіршілік-тынысы шектелуі бойынша оған бір жыл мерзімге мүгедектіктің 3-тобы белгіленген.
Бұл қорытындымен келіспеген Н.Г.Шомай жоғарыдағы талаппен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 26-тармағына сәйкес мүгедектік тобы организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелу дәрежесіне байланысты белгіленеді.
Қағидалар бойынша мүгедектікті және (немесе) еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу (немесе) әлеуметтік қорғаудың қажетті шараларын айқындау мемлекеттік қызмет көрсету болып табылатыны және көрсетілетін қызметті алушының қажетті құжаттарды (Қағидаларға №3 қосымша) қоса беруімен өтініш негізінде ұсынылатыны шығады. Бұл ретте құжаттардың толық емес топтамасын, тиісті емес құжаттарды ұсыну мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіз болып табылады. МӘС организм функцияларының бұзылуы және тыныс – тіршілігінің шектелуі дәрежесін бағалау кезінде объективті деректерге - талап қоюшыны қарау нәтижесіне және медициналық құжаттарға сүйенген.
Мүгедектік тобын өзгертуге негіздемелердің болуын анықтау және денсаулық жағдайын бағалау мақсатында апелляциялық саты соты сот медициналық-әлеуметтік сараптама тағайындаған.
Сот медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысына сай талап қоюшының бірінші дәрежелі еңбек ету қабілетіне, бірінші дәрежелі қозғалысқа қабілеттілігінің орташа айқын білінетін шектелуіне әкелетін аурулармен, жарақаттардың салдарымен немесе ақаулармен шартталған организм функцияларының тұрақты орташа айқын бұзылулары бар, бұл мүгедектіктің 3-тобын белгілеу үшін негіз болып табылады.
Яғни, бұл сот сараптама қорытындысымен МӘС қорытындысының дұрыстығы бекітілген.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Нұрым Ғалымұлы Шомайдың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.