6001-24-00-6ап/1509
ҚАУЛЫ
2025 жылдың 15 қаңтары Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігінің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 сәуірдегі ұйғарымдарына келіп түскен кассациялық шағымы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б[...], Қазақстан Республикасының Үкіметі аппаратының, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің, осы министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Бюджетті жоспарлау департаментінің, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің тыңдау хаттамасын жасамау әрекеттерін заңсыз деп тану және хаттаманы жасауға әрекет етуге шешім шығару туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігі сотқа Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б[...], Қазақстан Республикасының Үкіметі аппаратының, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің, осы министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Бюджетті жоспарлау департаментінің, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің тыңдау хаттамасын жасамағаны үшін олардың осы әрекеттерін заңсыз деп тану және хаттама жасауға әрекет етуге шешім шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғандығын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған іс бойынша тараптардың кассациялық алқасының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік іс материалдарын зерттеп, кассациялық шағымның дәлелдемелерін зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Іс материалдарынан талап қоюшының жауапкерлерден балаларға жергілікті жазғы демалыс орындарын (лагерьлерді) ұйымдастыру кезінде мемлекеттік сатып алудың конкурстық құжаттама талаптарына біліктілік талаптары бойынша өзгерістер енгізуді, яғни, тәлімгер - тәрбиешілердің қазақ және орыс тілдерінде бірдей (50\50) сөйлей алуы және үйрету талабымен толықтыру туралы Қазақстан Республикасының нормативтікқұқықтық актілеріне жедел түрде өзгерістер енгізуді және түрлі техникалық құралдардың көмегімен жиналыс өткізіп, тыңдау хаттамасын жасауды сұрағандығы белгілі болды.
Жауапкерлер өз кезегінде тыңдау хаттамасын жасамаған.
Сот алқасы дау айтылып отырған жауапкерлердің әрекеттері өздігінен талап қоюшыда жария құқықтар мен міндеттер туындатпайтындығын, оған қандай да бір міндеттер жүктемейтіндігін, қандай да бір құқықтары мен бостандықтарын іске асыруына тыйым салмайтындығын, шектемейтіндігін және бас тартқызбайтындығын, сондай-ақ, оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын әрекет (әрекетсіздік) емес екендігін ескереді.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтара отырып, тараптар арасында жария-құқықтық қатынастардың жоқ екендігін, жария-құқықтық қатынастар негізінен құқық субъектілерінің біреуінің нормативтікқұқықтық актілерден пайда болатын өзінің үстемдік өкілеттіктерін өзгеге қатысты жүзеге асыруына байланысты құқық субъектілерінің арасында туындайтындығын дұрыс көрсеткен.
Өз кезегінде сот бақылауына тек әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың әрекеттері жатады. Іс бойынша мән-жайлар жергілікті соттармен дұрыс анықталғандықтан, материалдық және процестік нормалар дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жоюға және оларды өзгертуге негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымы және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 сәуірдегі ұйғарымы - күшінде қалдырылсын.
«Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.