ВС РК - Постановление от 16.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1075 (Административное)

6001-24-00-6ап/1075

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қаңтар

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,

талап қоюшы Айдын Усенович Телпекбаевтың Қарағанды облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Асем Кабидоллиевна Исахановаға (бұдан әрі – сот орындаушы, ЖСО) 2023 жылғы 28 қарашадағы алимент бойынша берешекті анықтау туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қантардағы шешіміне және Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы А.У.Телпекбаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, ЖСО А.К.Исаханова алимент бойынша берешекті анықтаған кезде заңнама талаптарын бұза отырып, көрсетілген қызметтерден алынған таза кірісті растамайтын мәліметтерді қабылдаған деп уәждеген.

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қантардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған. Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі А.Мазабекова кассациялық шағымында қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін

талқылап, келесі қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, борышкер А.У. Телпекбаевтан өндіріп алушы С.С. Сарымбаеваның пайдасына кәмелеттік жасқа толмаған баланы күтіп-бағу үшін барлық табысының 1/4 мөлшерінде кәмелетке толғанға дейін алимент өндіру туралы сот актісі негізінде 2023 жылғы 25 қаңтарында атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

ЖСО Е.К. Жабагин 2023 жылдың 31 қаңтарында борышкердің жалақысынан өндіріп алу туралы қаулы шығарып, жұмыс орны "Қазақтелеком"АҚ-ға жолдаған.

Сонымен қатар, арнайы сұратулар бойынша жауапкердің жеке кәсіпкерлікпен (ЖК) айналысатынын анықтап, 2023 жылдың 4 мамырында ұсынылған шарттар мен төлем шоттарының негізінде алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулы қабылдап, 2022 жылдың 2 қарашасынан 2023 жылдың наурыз айына дейінгі кезең үшін берешек мөлшері 2 617 971 теңге құрағаны анықталған.

Көрсетілген берешек сомасы борышкердің шотынан инкассоланған және өндіріп алушының шотына аударылған.

2023 жылдың 21 қыркүйегінде қабылдау-тапсыру актісі бойынша атқарушылық іс жүргізу ЖСО А.Қ. Исахановаға беріліп, 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен өндірісіне қабылданған.

2023 жылдың 14 қарашасындағы ЖСО А.К. Исаханованың сұрауына «Қарағанды облысы білім беру басқармасының Шет ауданы білім бөлімінің Ы. Алтынсарин атындағы мектеп жанындағы интернат» КМК 2023 жылдың сәуір айынан бастап 2023 жылдың қазан айына дейінгі кезең үшін жалпы сомма 7 512 910 теңге құрайтын қызмет көрсету шарттары мен төлем шоттарын ұсынған.

2023 жылдың 22 қарашасында ЖСО борышкерге WhatsApp мессенджері арқылы көрсетілген қызметтер бойынша Жеке кәсіпкер алған кірістен шығыстар бойынша мәліметтерді үш күн ішінде беру туралы ұсыныс жолдаған. 2023 жылдың 28 қарашасында сот орындаушысы 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап 2023 жылдың 31 қазанына дейінгі кезең үшін алимент бойынша берешекті 2 680 388 теңге мөлшерінде анықтау туралы қаулы қабылдаған.

Сол күні борышкердің шотына тыйым салу туралы қаулы шығарылып, 2 680 388 теңге мөлшерінде берешек сомасы борышкердің шотынан инкассоланған және өндіріп алушының шотына аударылған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, талапкер жауапкерге жоғарыда көрсетілген шығыстар туралы мәліметтерді ұсынбаған, берешек сомасын борышкердің кірістері туралы қолда бар мәліметтер негізінде айқындалған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (Заң) 2-бабына сәйкес осы Заңға сәйкес сот шешімдері негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.

Заңның 35-бабының 1-тармағына сәйкес борышкер сот орындаушысының талабы бойынша оған өзінің бар мүлкі туралы ақпарат беруге, сондай-ақ табыс көздері туралы мәліметтерді хабарлауға міндетті.

Заңның 16-бабының 2-тармағына сәйкес борышкер жұмыс орнының өзгергені, сондай-ақ жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті.

Сондай-ақ, «Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығында алимент ұсталатын кіріс түрлерінің түбегейлі тізбесі айқындалған.

Сол тізбенің 7, 11-тармақтары бір жолғы сипаттағы емес азаматтыққұқықтық шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған көрсетілген қызметтер үшін алынған; заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерді алимент төлеуге міндетті ата-ананың кірістеріне жатқызады.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің

  1. тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қантардағы шешімі, Қарағанды облыстық сотының

әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Айжан Сарбагысовна Мазабекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.