6001-23-00-3г/1089(2)
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 29 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы Б[...] жауапкерлер «ТТ[...]» ЖШС-не, «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ-на зиянды өтеу сомаларын ұлғайтылған түрде өндіру, өтеу сомаларын ұлғайтып төлеу міндетін жүктеу, сақтандыру төлемдерін, моральдық зиян өтемақыcын, шығындарды өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі Ж[...] өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы:
Б[...] «ТТ[...]» ЖШС-не (Серіктестік) және «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ-на зиянды өтеу сомаларын ұлғайтып, 9 683 317 теңге өндіруді, айына 228 942 теңгеден төлеп тұру міндетін жүктеуді, моральдық зиянның өтемі ретінде 10 000 000 теңге өндіруді, мұқтаждығына қарай емдеу, басқа да медициналық, әлеуметтік көмек шығындарын өтеуді, бес еселенген жылдық жалақысы ретінде 2 929 020 теңге өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған, «ТТ[...]» ЖШС-нен Б[...] пайдасына моральдық зиян өтемақысы ретінде 2 000 000 теңге өндірілген, талап қоюдың қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған.
Өтінішхат иесі жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша Б[...] талаптарын толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
АПК-тің 449-бабының 2-бөлігіне сай кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Анықталғандай, Б[...] 2002 жылғы 11 шілдеде «ТехэнергосервисТН» жабық акционерлік қоғамына (бұдан әрі – ЖАҚ) 3-разрядты мұнай және газ операторы қызметіне жұмысқа қабылданған, айлық жалақысы 42 450 теңге болып белгіленген.
2003 жылғы 03 шілдеде жазатайым оқиға салдарынан Б[...] өндірісте жүріп ауыр дене жарақатын алған, 2003 жылғы 21 шілдеде оған І топ мүгедектігі белгіленген, оқиғаға жұмыс берушінің кінәсі 100 % деп танылған,.
2003 жылғы 28 қазанда ЖАҚ-ның жұмысы тоқтатылып, құқықтық мирасқоры ретінде «ТТ[...]» ЖШС болып қайта құрылған.
«ТТ[...]» ЖШС 2003 жылғы тамыздан бастап 2021 жылғы тамызға дейін Б[...] жоғалтылған табысы үшін ай сайын 39 700 теңгеден төлеп келген.
2021 жылғы 01 тамыздан бастап жоғалтылған табыс сомасын ай сайын өтеу 42 500 теңгеге ұлғайтылған, яғни сол кездегі Қазақстан Республикасының ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем жүргізілуде.
Бірінші сатыдағы сот моральдық зиянды өндіру туралы талапты ішінара қанағаттандыра отырып, Б[...] ауыр дене жарақатын алуына «ТТ[...]» ЖШС-нің тікелей қатысы болмағанын, қазіргі таңда жауапкерде жұмыс көлемінің азайғаны, барлығы тоғыз штаттық бірлікте жұмыс істейтінін көрсеткен.
Сонымен қатар, талап қоюшының жоғалтылған айлық табысын Қызылорда облысы бойынша шикі мұнай және табиғи газ өндіру саласындағы мұнай және газ өндіру жөніндегі оператордың орташа айлық жалақысы мөлшеріне теңестіріп өндіру, сонымен бірге айына 228 942 теңгеден төлеп тұруды міндеттеу талабын қанағаттандырусыз қалдыруын сот 2003 жылғы қазан айында «ТТ[...]» ЖШС құрылғаннан бастап мұнай және газ өндіру операторы қызметі қысқартылған, жауапкердің қызмет көрсету түрі өзгерген, шикі мұнай және табиғи газ өндіру саласына қатысты қызметтермен айналыспайды дегенімен негіздеген.
Б[...] мұқтаждығына қарай емдеу, басқа да медициналық, әлеуметтік көмекке кеткен шығындарын өтеуді міндеттеу туралы талаптарын талап қоюшымен тиісті дәлелдемелер келтірмегендіктен, сақтандыру төлеміне қатысты бөлігі бойынша талап қоюдың мерзімі өтіп кеткендіктен қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасымен істі қарау нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді деп танылған.
Жазатайым оқиғаның нәтижесінде Б[...] өндірісте ауыр дене жарақатын алғаны, болған жағдайда жұмыс берушінің кінәсі 100 % деп танылғаны, талап қоюшыға І мүгедектік тобы диагнозы қойылғаны электрондық іс материалдарынан анықталды. Тараптар бұл мән-жайларды іс бойынша дауламайды.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 122-бабының 1-тармағына сай жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 938-бабына сай өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады.
АК-тің 943, 944-баптарына сәйкес жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi. Жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жоғалтылған табысы бөлігінде зиянды өтеу еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ оның зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады. Азаматтарға денсаулығының зақымдануына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
АК-тің 187-бабының 3) тармақшасына сай талап қою мерзімі азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады.
Ж[...] өтінішхатында жергілікті соттармен жоғарыда аталған Еңбек кодексінің, АК-нің баптары дұрыс қолданылмай, жұмысшы Б[...] денсаулығына жұмыс берушінің 100 % кінәсінен келтірілген зақымның және өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) орыны толтырылмағанын, моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтау туралы тұжырымдарымен келісуге болмайтынын, өйткені олар іс бойынша белгіленген жағдайларға сәйкес келмейтінін жазып көрсеткен.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 29-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 7, 8-тармақтарында берілген түсундірулерінде көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951, 952-баптарының талаптары бойынша моральдық зиянның өтемақы сомасын сот ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін негізге ала отырып анықтайды.
Моральдық зиян өтемақысының мөлшерін, егер оны анықтаған кезде азаматтың өзіндік мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты мәнжайлар ескерілсе, ақыл-парасатқа сай әрі әдiл деп есептеген жөн. Ақшалай
өтемақының мөлшері құқыққа қарсы әрекет жасалғаны үшін және оның зиян келтірушіге келтірілген салдары үшін жауапкершілік шарасы болады.
Соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерiн анықтаған кезде азаматқа келтiрiлген жан мен тән азабының ауырлығын, оның субъективтік бағалануын, сондай-ақ осы жағдайларды куәландыратын объективтi мәлiметтердi, атап айтқанда: өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың (өмiрi, денсаулығы, ар-намысы мен қадiр-қасиетi және т.б.) өмiрлiк маңызын, жәбiрленушiнiң басынан кешірген жан немесе тән азабының дәрежесін (дене жарақаттарының келтірілуі, еңбек қабiлетiн жоғалтуы немесе оның шектелуi және т.б.), моральдық зиянды өтеу үшiн қажет болып табылатын зиян келтiрушiнiң кiнәсiнiң түрін назарға алуы қажет.
Алайда, жергілікті соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерін анықтау кезінде талап қоюшыға келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, оның моральдық және физикалық субъективтік бағалануын, жеке мүліктік емес игіліктің – оның денсаулығы мен сапалы медициналық көмек алу құқығының өмірлік маңыздылығын куәландыратын объективті деректерді ескермегенін көрсетуде өтінішхат иесі.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі Ж[...] өтінішхаты электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.