ҚАУЛЫ
2023 жылғы 21 қараша 6001-23-00-6ап/988 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласының жер комиссиясының мүшелеріне мәлімдеме жасау іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, жер комиссиясының хаттамалық шешімін, жер учаскелеріне тиісті құқықтарды беруден бас тарту туралы қаулысын заңсыз деп тану, қолайлы әкімшілік акті қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Жауапкерлер Шымкент қаласының әкімі мен «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі олардың өкілдерін іске онлайн түрінде - бейнеконференцбайланыс арқылы қатыстыруды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сондықтан жауапкерлердің өкілдерін сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқа тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, М[...] Шымкент қаласы, Достық шағын ауданы, №3193 мекен жайында, алаңы 0,08 га жер учаскесіне тұрғын үй жай салған.
2022 жылы 12 тамызда талап қоюшы «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлкеттік мекемесіне жер учаскесіне құқық алуға арналған өтінішпен жүгінген.
Бұл өтініш жер комиссиясында 2022 жылы 25 тамызда қаралып, оны қанағаттандырудан бас тартылған.
2022 жылы 5 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімдігінің жер учаскелеріне тиісті құқықтарды беруден бас тарту туралы №1738 қаулысы қабылданған.
Осы әкімшілік актілермен келіспеген М[...] жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына-мән жайларды негізді ескерген.
Талап қоюшы сұрап отырған жер учаскесіне жер алу кезегінсіз құқығы қандай негізде пайда болғаны, тұрғын үй құрылысын заңдастырып алғаны туралы дәлелдемелерді ұсынбаған.
Соттардың бұл жөніндегі және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 желтоқсандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.