Қ А У Л Ы
2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-2к/800 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.Б.Тоқсанбаев,
судьялар М.Н.Ибрагимова, А.А.Даненова,
талап қоюшы Т.Т.Темірбеков, оның өкілі А.К.Дәулет, жауапкер А.Р.Баймуханова, оның өкілі А.Т.Кенжебековтің қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшылар Гүлдана Ерланқызы Жамбозова мен Темірлан Темірбекұлы Темірбековтің жауапкерлер Айкоркем Романкуловна Баймухановаға, Асхат Жумакулович Тулеусариевке ауызша мәмілені, 2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттемені жарамсыз деп тану, ақша өндіру туралы талап қоюымен қабылданған
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына жауапкер А.Р.Баймуханованың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшылар сотқа жоғарыда көрсетілген талаппен жүгінген.
Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы шешімімен талап қоюшылар Г.Е.Жамбозованың, Т.Т.Темірбековтың жауапкерлер А.Р. Баймухановаға, А.Ж.Тулеусариевке ауызша мәмілені жарамсыз деп тану, 2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттемені жарамсыз тану, ақшаны өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен жауапкер нотариус А.Айжариковаға байланысты талап қою қараусыз қалдырылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің 2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттемені жарамсыз деп тану, ақша өндіру талабынан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылған.
2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттеме жарамсыз деп танылған.
Жауапкер А.Р.Баймухановадан талап қоюшы Г.Е.Жамбозованың пайдасына 100 000 теңге, мемлекеттік баж бойынша сот шығыны 1 000 теңге, талап қоюшы Т.Т.Темірбековтің пайдасына 4 900 000 теңге, мемлекеттік баж бойынша сот шығыны 49 000 теңге өндірілген.
Жауапкер А.Р.Баймухановадан талап қоюшы Т.Т.Темірбековтің пайдасына 500 000 теңге заң көмегіне төленген сот шығыны өндірілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өзінің кассациялық шағымында Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен келіспей, облыстық сот тарапынан материалдық заң нормаларын
бұзуға жол берілгені бойынша сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұрады.
Кассациялық сот отырысында жауапкер және оның заңды өкілі шағымды толығымен қуаттап, қанағаттандыруды сұрады, ал талап қоюшы Т.Т.Темірбеков және оның өкілі А.Дәулет жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген тұжырымдарымен келіспей, қазіргі таңға дейін қарыздың ешқандай бөлігі төленбегенін айтып, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысын күшінде қалдыруды сұрады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық алқа тарапынан істі қарау барысында мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшылар Г.Е.Жамбозова мен Т.Т.Темірбеков (бұдан әрі-талап қоюшылар) ортақ некеде тұрады.
2024 жылғы 1 наурыздағы міндеттемеге сәйкес, А.Р.Баймуханова бұдан әрі-жауапкер) талап қоюшы Г.Р.Жамбозоваға жабдықтар мен жиҺаздарды 2024 жылғы 1 маусымға дейін сатып, сатып алу-сату шартын рәсімдеуге міндеттеніп, 5 000 000 теңгені алған. Міндеттеме жеке нотариус А.Айжариковамен куәлендірілген.
Талап қоюшылар талап қоюда жауапкер оларды алдап, аталған жабдықтарды пайдалану арқылы үлкен табысқа жететінін, қалай жұмыс жасау керектігін өзі үйретемін, жаныңда жүремін және ғимараттың жалға алу сомасын 550 000 теңгеден көтермейтін етіп беремін деп уәде берген. Сол себепті, тараптар арасында міндеттеме жасалған. Кейін белгілі болғандай, аталған жабдықтар тұрған ғимараттың иесі жауапкер емес, басқа адам екенін және жалға беруші ай сайынғы төлемді 550 000 теңгеден 700 000 теңгеге көтеретінін білген. Осыдан соң, заңгердің көмегіне жүгініп, соңғы аталған міндеттеменің дұрыс рәсімделмегенін, яғни өзінің қол қойғаны заңсыз екенін айтқан. Кейін нотариуске барып, міндеттемені бұзуды сұраған, алайда нотариус бас тартқан. Сол себепті, ауызша мәмілені жарамсыз, 2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттемені жарамсыз деп тануды, жаратылған ақшаны өндіруді сұраған.
Кассациялық сот, сот алқасының шешімді өзгертіп, талап қоюдың 2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттемені жарамсыз деп тану; жауапкерден талап қоюшы Г.Е.Жамбозованың пайдасына 100 000 теңге, мемлекеттік баж бойынша сот шығыны 1 000 теңге, талап қоюшы Т.Т.Темірбековтің пайдасына 4 900 000 теңге, мемлекеттік баж бойынша сот шығыны 49 000 теңге өндірген; жауапкерден талап қоюшы Т.Т.Темірбековтің пайдасына
500 000 теңге заң көмегіне төленген сот шығынын өндіру туралы жаңа шешімімен төменгі мән-жайларға байланысты келіспей, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіру қажет деп таныды.
Бірінші сатыдағы сот тараптардың арасындағы дауды шешу барысында қолданыстағы заң нормаларын дұрыс қолданған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 151бабының 1-тармағына сәйкес, мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
АК-нің 157-бабының 2-тармағына сәйкес, мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
Дауды қарау барысында тараптар арасындағы міндеттемені жарамсыз деп тануға ешқандай негіздер анықталмаған. Себебі, талап қоюшы Г.Е.Жамбозова өз еркімен сатып алуға ниет білдіріп, сату туралы жарнаманы алып тастауды сұраған. Орталыққа жолдасы екеуі келіп, сатылатын жиһаздарды көрген, нотариусқа өз еріктерімен барып, міндеттеме жасаған. Ешқандай мәжбүрлеу болмағанын кассациялық соттың отырысында талап қоюшы Т.Т.Темірбеков атап өтті. Тараптар бір мәмілеге келіп, 2024 жылғы 1 наурызда міндеттеме жасаған, жауапкер талап қоюшылардан 5 000 000 теңге алған. Яғни тараптар арасындағы сатып алу келісімі жасалған.
Кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың талап қоюшылардың талап қоюда міндеттемені жарамсыз деп тануға жататын нақты негіздерді көрсетпеуі, заң нормаларына сілтеме жасамауы, талап қоюшылардың процестік олқылығы деп көрсеткен тұжырымымен толық келіседі.
Сонымен қатар, талап қоюшылар жауапкердің жалға алу құнына қатысты уәдесін бекітетін тиісті дәлелдемелерді ұсынбаған және де ол туралы ауызша мәміле жасалды деген пікіріне де сот сын көзбен қарап, дұрыс құқықтық баға берген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 72-бабына сәйкес, яғни әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды сот отырысында келтіруі тиіс. Алайда мұндай дәлелдемелер талап қоюшылар тарапынан сотқа ұсынылмаған.
Соттың, талап қоюшының жауапкер «пайдасы мол, жүріп тұрған бизнесті алып қал» -деп өтірік айтты деген уәждерін негізсіз деп есептегені де заңды, себебі талап қоюшылар өз еріктерімен нотариусқа барып міндеттеме жасап, ақшаны өз еріктерімен жіберген, жауапкерге барып жабдықтар мен жиһаздарға инвентарлық есеп жүргізіп, алыс-беріс актісін жасаған.
Сондай-ақ, бірінші сатыдағы соттың, талап қоюшылардың жабдықтар мен жиһаздардың бағасы 5 000 000 теңге тұрмайтындығы туралы уәждерін
негізсіз деп санаған тұжырымымен де сот келіседі, себебі олардың төмен құнын анықтайтын нақты құжаттар сотқа ұсынылмаған.
Талап қоюшылардың жауапкер 2024 жылғы 1 маусымға дейін сатып алусату шартын жасау туралы міндеттемесін орындамады деген уәждеріне бірінші сатыдағы сот дұрыс құқықтық баға берген, себебі талап қоюшылар бір ай өткен соң, жауапкермен байланысқа шықпай, ғимаратқа жалға төлемеулері бизнесті әрі қарай жалғастыруға еріктері болмағанын көрсетеді, бұл мәнжайды тараптар сотта жоққа шығармаған.
Бұдан басқа, апелляциялық алқаның талап қоюшының жауапкер А.Ж.Тулеусариевтің негізсіз алған 550 000 теңгені қайтаруға міндетті деген уәжі де негізсіз. Өйткені, сотта анықталғандай талап қоюшылар ақшаны кімге, қандай мақсатпен жібергенін білген, 2024 жылғы наурызда ғимаратта бірнеше іс-шаралар өткізген.
Талап қоюшы Г.Е.Жамбозованың кәсіпкерлік іскерлікті жүргізе алмаймын, бұл жұмыспен таныс емеспін деген уәжі негізсіз, ол да жауапкер сияқты жеке кәсіпкер ретінде Салық басқармасында тіркелген. Ал Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 2-бабына сәйкес азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады .
Сондықтан, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының бұл бөлігінің күші жойылып, қалған бөлігі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай егер кассациялық сатыдағы сот істі жаңадан қарауға бермей, жасалған шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, ол тарап тиісті сот сатыларында жұмсаған шығындары туралы дәлелдемелерді ұсынған кезінде тиісінше сот шығындарын бөлуді де өзгертеді. Жауапкердің пайдасына әр талап қоюшылардан үлестік тәртіппен 12 500 теңгеден, ал мемлекет пайдасына 492 теңгеден өндірілуге тиіс.
Сонымен қатар, АПК-нің 113-бабының 1-бөлігіне сай сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығындарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Сондықтан әр талап қоюшыдан 150 000 теңгеден үлестік тәртіппен жауапкердің пайдасына барлығы 300 000 теңге өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)- тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының 2024 жылғы 1 наурыздағы №364 міндеттемені жарамсыз деп тану, жауапкер Айкоркем Романкуловна Баймухановадан талап қоюшы
Гүлдана Ерланқызы Жамбозованың пайдасына 100 000 (бір жүз мың) теңге, мемлекеттік баж бойынша сот шығыны 1 000 (бір мың) теңге, талап қоюшы Темірлан Темірбекұлы Темірбековтің пайдасына 4 900 000 (төрт миллион тоғыз жүз мың) теңге, мемлекеттік баж бойынша сот шығыны 49 000 (қырық тоғыз мың) теңге өндіру, жауапкер Айкоркем Романкуловна Баймухановадан талап қоюшы Темірлан Темірбекұлы Темірбековтің пайдасына 500 000 (бес жүз мың) теңге заңгердің көмегіне төленген сот шығынын өндіру туралы жаңа шешімінің күші жойылсын.
Қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.
Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы шешімі қалпына келтірілсін.
Жауапкер А.Р.Баймуханованың кассациялық шағымы
қанағаттандырылсын.
Айкоркем Романкуловна Баймуханованың пайдасына Гүлдана Ерланқызы Жамбозова мен Темірлан Темірбекұлы Темірбековтен үлестік тәртіппен өкілдің көмегіне төленген ақысы 300 000 (үш жүз мың) теңге және мемлекеттік баж 25 000 (жиырма бес мың) теңге, ал мемлекеттің пайдасына 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге өндірілсін.
Төрағалық етуші судья А.Б.Тоқсанбаев
Судьялар М.Н.Ибрагимова
А.А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.