ВС РК - Постановление от 23.04.2025 по делу 6001-25-00-3Г/1634 (Гражданское)

№ 6001-25-00-3г/1634

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23-сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Сәулет ПГС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік сатып алу шарты бойынша жұмыстарды орындау және қабылдау актісін тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Қостанай облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 30қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жұмыстардың орындалып, алайда Басқарма тарапынан орындалған жұмыстар актісіне қол қойып қабылдамағанымен негіздеген.

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 1-қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 30-қаңтардағы шешім өзгертіліп, іс бойынша талап қою ішінара қанағаттандырылған. Шарт бойынша 2023 жылғы 19 шілдедегі №43 орындалған жұмыстардың актісі 5 171 151 теңге сомасына танылған.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатының сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сатының сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Басқарма және Серіктестік арасында жалпы сомасы 6 102 093 теңгеге тұрғын емес ғимараттарды ағымдағы жөндеу жөнінде 2023 жылғы 19 шілдедегі №43 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қосымша келісімге сәйкес, жұмыс жасалу жолы және түрлері өзгертілген.

Жұмыстарды орындау мерзімі шарт қазынашылық органдарында тіркелген күннен бастап күнтізбелік 70 күн деп келісілген.

Серіктестік талап қоюында шарт бойынша 5 550 345, 56 теңгеге нақты жұмыс жасаған, бірақ жауапкер тарапынан, нақты жұмысты орындау және қабылдау актісіне қол қойып, қабылдамаған тұралы уәжін келтірген.

Басқарма Серіктестіктің шарт бойынша шарттық міндеттемелерді орындамады деген негізбен, 2023 жылғы 2 қарашада шартты бұзу туралы ескерту хабарлама берген, шартты 4 желтоқсанда біржақты тәртіппен бұзған.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 4 желтоқсандағы соттың шешімімен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы болып танылды Сот шешімі дауланбаған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын шарт бойынша жұмыстарды орындау мерзімінің 2023 жылы 28қыркүйекте аяқтап, яғни, шарттың қолдану мерзімі өтіп кеткенімен, орындалған жұмыстар актісінің мемлекеттік сатып алу порталына қойылмағанымен, орындалған жұмыстарды растайтын құжаттарды мемлекеттік сатып алудың ақпараттық сайтына орналастырмағанымен негіздеген.

Сонымен қатар, шарттың 6.1-тармағында орындаушы осы шартқа қосымшаларда көрсетілген талаптарға дәл сәйкестікте жұмыстарды тапсырыс берушіге толық тапсырған жағдайда жұмыс орындалды деп есептелетіні көрсетілгендіктен, Серіктестіктің жұмыстардың бір бөлігіне орындалған жұмыстар актісін тану үшін негіз бола алмайтынын көрсеткен. Тапсырыс берушінің орындалған жұмыстарды мердігер кезең-кезеңімен қабылдауы көзделмеген деген қорытындыға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келіспей, бірінші сатыдағы соттың шешімді қабылдау кезінде Серіктестікпен нақты орындалған жұмыстардың көлемін дұрыс тексермеген деп есептеген. Көшпелі сот отырысында объектідегі орындалған жұмыстарды зерделеп, Серіктестіктің тарапынан жұмыстар өз мерзімінде орындалғаннын және актіге қол қоймай, оларды қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді негіздерді көрсетпеген деген қорытындыға келген.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, оның істі бір жақты қарағанын уәждеген.

Өнім беруші мемлекеттік сатып алудың ақпараттық сайтында орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін және электрондық шот-фактура ресімдеу, тапсыру және қабылдау, ресімдеу, тапсырыс берушінің орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) үшін ақы төлеуі туралы ақпараттарды орналастырмағаны, бұл шарттық міндеттемелердің орындалмағанын растайтынын көрсеткен. Ал, Серіктестіктің сотқа берген орындалған жұмыстар актісі іс бойынша дәлел бола алмайды деп есептейді.

Сонымен қатар, Серіктестіктің тапсырыс берушіге тапсырылуы тиіс күннен бастап бір ай өткен соң, ол жұмыстарды қабылдаудан жалтарған кезде сот органдарына жүгіну және Тапсырыс берушіге барлық жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарлама жіберу құқығын көздейтін шарт талаптарын орындамағанын көрсеткен. Басқарма Серіктестіктің жұмыстарды беру мерзімі басталғаннан кейін бір жылдан кейін сотқа жүгінуі және хабарламаны жіберу дәлелдемелерінің болмауы оның іс жүргізу кемшіліктері болып табылады деп есептейді.

Сонымен қатар, Басқармамен актіге қол қоюдың құқықтық негіздері болмағанын, себебі шарт бұзылып, өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы болып танылатынын көрсеткен.

Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенін және жоғарыда аталған заң талаптарын негізге ала отырып, бірақ оны апелляциялық сатыдағы сот дұрыс қолданбағанын өтінішхатта келтірілген.

Сонымен қатар іс материалдарында, апелляциялық сатыдағы сотқа берілген аяқталмаған жұмыстар, сондай-ақ, кемшіліктер бойынша ескертулер көрсетілген Басқарманың актісі бар. Апелляциялық сатыдағы жұмыстардың сапасы мен құнын сот сарапшы немесе маманның тексеруінен өткізбестен, мердігердің ақпараты негізінде талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот отырысына қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 30-қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы

«Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын. Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.