№6003-25-00-2к/4630 (3)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілі Ж.Ш. Сенгирбаеваның, жауапкердің өкілдері А.Б. Қартбайдың, Б.Б. Бекмурзаның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысы білім басқармасының «Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жеке кәсіпкер Руслан Борисович Палиенконы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі жауапкердің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ:
«Маңғыстау облысы білім басқармасының «Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Мектеп) жеке кәсіпкер Р.Б. Палиенконы жосықсыз берушілердің тізбесіне енгізу туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер Р.Б. Палиенко мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тыңдап, келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Жергілікті соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарынан талап қоюшы балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға тауарлар сатып алу қызметі бойынша конкурс жариялағаны анықталған.
2025 жылғы 17 ақпандағы конкурс қорытындыларына сәйкес, 11 лот бойынша жеке кәсіпкер Р.Б. Палиенко женімпаз болып танылған.
Конкурсқа қатысқан басқа тұлғалар талап қоюшыға «Е-Otinish.kz» платформасы арқылы түскен шағымында жеке кәсіпкер Р.Б. Палиенконың конкурстық өтініміндегі біліктілік талаптарында дұрыс емес ақпарат бар екенін көрсеткен.
Біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берілген жағдайда мұндай өнім берушілер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.
Осы Қағидада жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру тәртібі айқындалған.
Қағидалардың 4-7 тармақшаларына сәйкес, оған конкурс жеңімпазы деп таныған жағдайда шарт жасасудан жалтарған; олармен жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған; біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) енгізіледі.
Конкурсты ұйымдастырушы (тапсырыс беруші) осы Қағидалардың 4- тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында қарастырылған жағдайларда мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді және (немесе) тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды беруші (әлеуетті берушінің) тарапынан бұзушылық фактілерін білген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өнім берушіні жосықсыз өнім беруші деп тану туралы сотқа жүгінеді.
Конкурсты ұйымдастырушы (тапсырыс беруші) жосықсыз өнім беруші деп тану туралы күшіне енген сот шешімін алған күнінен бастап үш жұмыс күн ішінде оны Тізбеге қосады және интернет-ресурсқа орналастыру үшін білім беру саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) жібереді.
Уәкілетті орган Тізбені алған күннен бастап оны бір жұмыс күн ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырады.
Демек, Қағидалардың талаптарына сәйкес, уәкілетті орган жосықсыз қатысушылардың тізімін қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.
Осыған байланысты, жауапкерді жосықсыз қатысушылардын тізіміне енгізу туралы талап қою АПК-нің 277 -бабының 1) тармақшасына сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпайды, сондықтан іс бойынша іс жүргізуі тоқтатылуға жатады.
Бірақ, бірінші сатыдағы сот істі қарап, талап қоюшының талаптарын қанағаттандырып, жауапкерді жосықсыз деп тану туралы шешім қабылдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен келісіп, өзгеріссіз қалдырған.
Алайда, талап қоюшы бастапқыда тізімге енгізу туралы талап қойғанына қарамастан, сот қойылған талаптың мәнін қате айқындап, жаупкерді жосықсыз деп тану туралы талап қою ретінде қараған. Сот талап қоюдың нысанасын өз бастамасымен өзгерткені азаматтық процестік заңнама талаптарының елеулі түрде бұзу болып есептеледі.
Аталған бұзушылықтар сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімінің және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Бастаубаев
Судьялар Н.О. Косанов
М.Т. Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.