6кг-12-19
Қ А У Л Ы
2019 жылғы 25 сəуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева, судьялар М. Балкен, Н. Жолдасбеков, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...] қатысуымен,
кассациялық тəртіппен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Ақтөбе облысы, [...] сотының 2018 жылғы 2 тамыздағы жəне Ақтөбе облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 22 тамыздағы қаулыларына келтірген наразылықпен түскен
Н[...] (N[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 517бабының 2-бөлігімен қозғалған əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
2018 жылғы 2 тамызда шығарылған Ақтөбе облысы, [...] сотының қаулысымен Н[...] (N[...]) ӘҚБтК-нің 517-бабы 2-бөлігіне сəйкес əкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасының шегінен əкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Ақтөбе облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгертіліп, Н[...] тағайындалған жазаның күші жойылған. Оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (60 125 теңге) əкімшілік айыппұл салынған.
Бас Прокурор орынбасарының наразылығында Ақтөбе облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 22 тамыздағы қаулысын бұзып, Ақтөбе облысы, [...] сотының 2018 жылғы 2 тамыздағы қаулысын күшінде қалдыруды сұраған.
Наразылықты қолдаған прокурордың пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
Іс құжаттарына сəйкес Қ[...] Республикасының азаматы Н[...] (N[...]) 2018 жылғы 3 мамырда Қазақстан Республикасына келіп, 5 мамырда Ақтөбе қаласы, [...] уақытша тіркелген. Ол 2018 жылғы 6 мамырда Мұғалжар ауданы Жаңажол кен орнында орналасқан «М1[...]» ЖШС базасына келіп, 2018 жылғы 26 шілдеге дейін сонда тұрған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен əкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.
Бірінші сатыдағы сот Н[...] (N[...]) кінəсі сот мəжілісінде мойындалған жəне зерттелген істегі дəлелдемелермен толық дəлелденген деген тұжырымға келіп əкімшілік жауаптылыққа тартқан.
Облыстық сот көрсетілген қаулыны өзгертіп жəне тағайындалған жазаның күшін жойып, Н[...] (N[...]) 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде əкімшілік айыппұл салған.
Жергілікті соттардың қабылдаған қаулылары негізсіз жəне заңсыз болып табылады.
ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігі мен 883-баптың 4-бөлігіне сəйкес шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот қаулысы шығарылған күнінен бастап заңды күшіне енеді жəне шетелдікті шығарып жіберуге негіз болып табылады.
Осындай қаулылар кассациялық тəртіппен қаралуы тиіс, себебі əкімшілік іс бойынша заңды күшiне енген сот қаулысының заңдылығы мен негiздiлiгiн Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы төрағасының, Жоғарғы Сот төрағасының ұсынулары немесе Бас Прокурор мен оның орынбасарларының наразылығы бойынша тексеріледі жəне қаралуға жатады (ӘҚБтК-нің 851-бабының 1-бөлігі).
Осылайша, облыстық сот əкімшілік істі қарау соттылығының шегінен шығып, заңды өрескел бұзғандығын білдірген.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 жəне 2-бөлігіне сəйкес əкiмшiлiк жаза əдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мəнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуға тиiс. Жеке тұлғаға əкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған əкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнəлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi жəне одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн жəне ауырлататын мəн-жайлар ескерiледi.
ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігінің санкциясы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен əкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге əкімшілік айыппұл түрінде жаза қолдануды көздейді.
Бірінші сатыдағы сот жаза тағайындау кезінде кінəні мойындау, кінəлінің тұлғасы жəне оның өкінуі сияқты əкімшілік құқық бұзушылық
жауаптылықты жеңілдететін мəн-жайлардың болуын ескерді. Алайда əкімшілік жолмен шығарып жіберуден ауыр емес жаза ретінде əкімшілік айыппұлды қолданудың мүмкін еместігін бірінші сатыдағы сот негіздемеді.
Істегі қабылдаушы тараптың Монтаж -01 ЖШС-нің өтініміне сəйкес аталған шет ел азматы Н[...] (N[...]) адал жəне білікті қызметкер ретінде оң сипаттай отырып, кəсіпорын соттан айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрап, оны төленуіне кепілдік берген.
Сондықтан, соттың əкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы жауаптылықты жеңілдететін мəн-жайлар болған кезде жəне жауаптылықты ауырлататын мəн-жайлар болмаған кезде негізсіз деп тану керек. Сондай-ақ, соттың əкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы қаулысын орындауы Жианронның Қазақстан Республикасына бес жыл ішінде келуінің мүмкіндігін назарға ала отырып, бірінші саты сот қаулысы өзгертуге жатады.
Осыған байланысты, алқа сот тағайындаған əкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жазаны ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігінің санкциясында көзделген 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде əкімшілік айыппұлға ауыстыру керек деп есептейді. Наразылық ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 840-бабының 2) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Н[...] (N[...]) қатысты Ақтөбе облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 22 тамыздағы қаулысының күші жойылсын. Ақтөбе облысы, [...] сотының 2018 жылғы 2 тамыздағы қаулысын өзгертіп, Н[...] (N[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасы аумағынан əкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 36 075 (отыз алты мың жетпіс бес) тенге əкімшілік айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар М. Балкен
Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.