ВС РК - Постановление от 28.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2510 (Административное)

6001-23-00-6ап/2510

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 28 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Ғ.Ө. Әлжанов,

судьялар Е.Ж.Өмірәлиев, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

М[...],

жауапкердің өкілдері М[...], А[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «СЭР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай - Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Департамент) 28 желтоқсандағы №108 хабарламаны заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 сәуірдегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Серіктестік Департаментқа 28 желтоқсандағы №108 хабарламаны заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап арызымен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 сәуірдегі шешімімен әкімшілік талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мәнжайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің кассациялық тәртіпте қайта қарауды сұраған. Әкімшілік іске қатысатын талап қоюшының өкілі М[...] келмеуі оған тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының өкілінің денсаулық жағдайы бойынша сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішхаты растайтын құжаттардың болмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылды.

Жауапкердің өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларын бұзуға жол берілмеген.

Іс материалдарынан, 2022 жылы 1 шілдеде «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесімен Серіктестікке жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындау туралы №473 бұйрығы шыққан. Тексеру мерзімі 01.01.2019-31.12.2020 жылдар аралығы деп белгіленген.

Департаментпен 2022 жылдың 28 шілдесінен 31 желтоқсан аралығында Серіктестікте құжаттық салық тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 28 желтоқсан 2023 жылы №108 санды салық тексеру актісі түзіліп, салықтық тексеру нәтижесі туралы хабарлама берілген.

Хабарламаға сай Серіктестікке заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы бойынша (әрі қарай - КТС) 38 702 239 теңге салық, 10 382 384 теңге өсімпұл, қосылған құн салығы (әрі қарай - ҚҚС) бойынша 21 315 642 теңге салық, 4 805 145 теңге өсімпұл қосымша есептелген.

Жергілікті соттар дауды шешіп, талап арызды қанағаттандырусыз қалдырған кезде Салық кодексінің 242 және 400-баптарын, Қазақстан Республикасының «БЕПҚЕТ[...]» Заңының 1-бабының 1)-тармақшасын, 4-бабыны басшылыққа ала отырып, контрагенттер «FC[...]», «TT[...]», «ППS[...]» ЖШС-гі, «NET[...]» ЖШС-гі, «Group of the COMPANIES TDA» тауардың нақты алынғанын дәлелдемегендігін назарға алып, дұрыс шешім қабылдады. Талап қоюшы ұсынған бастапқы құжаттар заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Сонымен қатар, талап қоюшы қосымша декларация беру арқылы «FC[...]», «ППS[...]» ЖШС-мен өзара есеп айырысу бойынша ҚҚС сомаларын өз бетінше алып тастағаны анықталды.

Талап қоюшының кассациялық шағымының басқа уәждері оның апелляциялық сатыдағы істі қайта қарау кезінде тиісті құқықтық бағасын берген шағымының дәлелдерімен бірдей.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының 2-бөлігіне сәйкес жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағымның қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының бөлігінде сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға осы Кодексте көзделген негіздердің жоқтығы ғана көрсетіледі.

Жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер таппайды, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Е.Өмірәлиев Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.