Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 27.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3862 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 27 қаңтар №6003-25-00-2к/3862 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, талап қоюшының сенімді өкілі М.Баялиевтің, жауапкер А.И.Ертаевтің, жауапкер Сарыағаш қаласы әкімдігінің сенімді өкілі А.М.Оразалиеваның, жауапкер Азаматтарға арналған үкімет КЕ АҚ МКның Түркістан облысы бойынша филиалы Сарыағаш ауданы жер кадастры және тіркеу бөлімшесінің жерге орналастыру бөлімінің сенімді өкілі Н.Оразымбетовтың, «Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» ММнің өкілі Б.Н.Жандардың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Асылхан Бахтиярович Келимбетовтың жауапкерлер Любовь Викторовна Денисоваға, Алтынай Камысбековна Ертаеваға, Арман Ертаевқа, Сарыағаш қаласы әкімдігіне, «Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» ММ-не, «Сарыағаш аудандық құрылыс және сәулет бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы бойынша филиалына Сарыағаш қаласы әкімінің шешімін заңсыз деп тану, жер учаскесіне берілген актілерді жарамсыз деп тану, тиесілі емес жер учаскесіне салынған қораны және қоршауын бұзу туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі талап қоюшы өкілінің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысына және осы соттың 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Сарыағаш аудандық сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшы А.Келимбетовтың талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, Сарыағаш қаласы әкімінің «Денисова Любовь Викторовнаның пайдалануындағы Сарыағаш қаласы, Көшербай Ысқақов көшесі, №9А тұрғын үйі орналасқан жалпы алаңы 564,0 ш.м. жер учаскесін жеке меншік құқығымен беру туралы» 2019 жылғы 21 тамыздағы №246 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Жауапкер Л.Денисоваға талап қоюшы А.Келимбетовқа тиесілі кадастрлық №19-306-010-237 жер учаскесінің солтүстік батыс беткейінің 144 шаршы метр бөлігін босатып беру міндеттелген, осы жерге іргетасы бетон, қабырғасы шлакоблоктан тұрғызылған тауықхана құрылысы жауапкердің өз есебінен бұзылған.

Жауапкер А.Ертаеваға талап қоюшы А.Келимбетовқа тиесілі кадастрлық №19-306-010-237 жер учаскесінің солтүстік батыс беткейінің 122 шаршы метр бөлігін босатып, жасаған қоршауды алып тастау міндеттелген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылсын. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Шешімнің талап қоюшы А.Келимбетовтың талабын қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Бұл азаматтық іс сотта қаралғанға дейін Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылғы 17 ақпандағы шешімімен талап қоюшы Л.Денисованың талап қоюы қанағаттандырылып, М.Тлеуов пен Л.Денисованың арасындағы Сарыағаш қаласы, Ы.Көшербай көшесінде орналасқан тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі түзілген деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылғы 17 ақпандағы шешімінің күші жойылып, талап қоюшы Л.Денисованың жауапкер М.Тлеуовқа сатып алу-сату мәмілесі түзілген деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы А.Келимбетов Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы №2а2208 қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызбен облыстық сотқа жүгінген.

Арызда жаңадан ашылған мән-жайлар ретінде Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы №2а-2208 қаулысында жауапкер Л.Денисова даулы жер учаскесін 1993 жылдан бері пайдаланып келгені, ал Л.Денисованың меншік құқығы Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылы 17 ақпандағы шешімі негізінде туындағаны, бұл аталған шешімнің күші Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы №2а-1131 қаулысымен күші жойылғаны көрсетілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюшы А.Келимбетовтың сот қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сот істің мән-жайын дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік нормалардың бұзылғанын көрсетіп, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысының және осы соттың 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымының күшін жоюды, Сарыағаш аудандық сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі шешімін күшінде қалдыруды және осы дауланып отырған сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың берген түсініктерін тыңдап, азаматтық істің материалдары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігінде егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екені қарастырылған.

Талап қоюшы А.Б.Келимбетовтың өкілі - М.М. Баялиев АПК-нің 436-бабының 1-бөлігінде көрсетілген апелляциялық сатыдағы соттың дауланып отырған актілеріне 6 ай ішінде кассациялық шағым беру мерзімін өткізіп алған.

Алайда, талап қоюшы А.Б.Келимбетовтың өкілі - М.М. Баялиевтің 2025 жылғы 28 шілдеден 8 тамыз аралығында және 8-16 қыркүйек аралығында стационарлық емдеуде болғаны тиісті құжаттармен расталған. Сондықтан кассациялық сот талап қоюшы өкілі Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымына кассациялық шағым беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған деп санап, осы ұйғарымға кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтірді.

Сонымен қатар, талап қоюшы өкілінің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысына кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші тиісті дәлелдемелер ұсынылымауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылды.

Кассациялық сот талап қоюшы өкілінің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымына берілген кассациялық шағым шеңберінде қарады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

АПК-нің 455-бабаның 2-бөлігінің 3) тармақшасына сай осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының күшін жоюы шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіздер болып табылады.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысында жауапкер Л.Денисованың даулы жер учаскесін 1993 жылдан бері пайдаланып келгені және оның осы жер учаскесіне меншік құқығы Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылғы 17 ақпандағы шешімі негізінде туындағаны анық

көрсетілген.

Іс құжаттарына қарағанда Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы №2а-1131 қаулысымен Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылғы 17 ақпандағы шешімінің күші жойылып, Л.Денисованың М.Тлеуовқа сатып алу-сату мәмлесі түзілген деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Демек, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысын шығаруға бірден-бір негіз болған Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылғы 17 ақпандағы шешімінің күші жойылуы осы қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіздер болып табылады.

Апелляциялық сот талап қоюшы өкілінің сот қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқанда қазіргі уақытта Сарыағаш қаласы әкімінің 2019 жылғы 21 тамыздағы шешімі заңды күшінде екенін де негізге алған болатын. Алайда, қазіргі кезде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі заңды күшіне енген шешімімен Сарыағаш қаласы әкімінің 2019 жылғы 21 тамыздағы шешімінің күші жойылған.

Сарыағаш қаласы әкімінің 2019 жылғы 21 тамыздағы Л.Денисоваға даулы жер учаскесін беру туралы шешімі Сарыағаш аудандық сотының 2017 жылы 17 ақпандағы шешімі негізінде шыққан болатын.

Сондықтан апелляциялық сот тарапынан елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды.

Істің мұндай тұрғысында Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымының күші жойылуға, азаматтық іс осы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына АПК-нің 55-тарауына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға жолдануға, ал кассациялық шағым ішін-ара қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 126, 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Талап қоюшы өкілі М.М.Баялиевке Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымына кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Талап қоюшы өкілі М.М.Баялиевке Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысына кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруден бас тартылсын. Кассациялық шағым осы бөлігінде қараусыз қалдырылысын.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымының күші жойылсын.

Азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына АПК-нің 55-тарауына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға жолдансын.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.