6001-23-00-6ап/1788
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 16 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы өкілі А[...], жауапкер өкілі К[...], мүдделі тұлғалар өкілдері А[...], С[...], Ж[...], Ш[...], Қ[...],
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма, КММ) жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) қойған тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрықтың күшін жою жайлы талап қою бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 мамырдағы қаулысына талап қоюшымен келтірілген кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Басқарма сотқа жауапкердің тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы 2022 жылғы 19 қыркүйектегі №31-НҚ бұйрықтың күшін жою жайлы талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы жеке ұйғарымымен Департаменттің тарапынан жіберілген бұзушылықтарға Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің назары аударылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылып, апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымының күші жойылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлға қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Сот отырысына қатысушылардың түсіндірмелерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғандай, 2022 жылдың наурыз айында «ҚГ[...]» ЖШС-гі Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне арызбен жүгініп, Қызылорда облысының сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Арызда сұйытылған мұнай газын (бұдан әрі - СМГ) бөлуде комиссия бірқатар нарық қатысушыларына артықшылықтар жасап отырғанын алға тартқан.
Арызды қарау нәтижесімен Департамент 2022 жылғы 11 сәуірде заң бұзушылықтарға жол бермеу және тоқтатуды талап етіп, Басқармаға хабарлама берген.
Хабарламаның орындалмауына байланысты Департамент 2022 жылғы мамырда бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамадағы бұзушылық белгілерін анықтау мақсатында тергеп-тексеру тағайындаған. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды қалыптастырылып, 2022 жылғы 19 қыркүйектегі бұйрықпен (бұдан әрі - даулы бұйрық) бекітілген.
Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі - өнім беру жоспары) қалыптастыру тәртібі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 22 қазандағы №68 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларымен (бұдан әрі - №68 Қағида) реттеледі.
Аталған Қағидаға 2022 жылдың 22 қаңтарында өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, электрондық сауда алаңдарынан тыс өнім беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газын алушылар қатары жаңа субъектілермен толықтырылған.
Осы өзгеріс енгізілгенге дейін СМГ алушылар ретінде газ желісі ұйымдары мен өнеркәсіптік тұтынушылар ғана көрсетілген болса, өзгерістен кейін олардың қатарында газ толтыру станцияларының иелері; топтық резервуарлық қондырғылардың иелері; газ толтыру пунктерінің иелері; автогаз құю станцияларының иелері қосылған.
Осы өзгерістерге сәйкес Комиссия 2022 жылғы 16 ақпандағы отырысында СМГ өндірушілерден автокөлікпен тасымалдайтын кәсіпкерлік субъектілерінен сақтау (ауыстырып тиеу) шарттарын талап етпеу, жаңадан қосылған субъектілердің өткен кезеңдерде өткізген СМГ көлемінің болмауына байланысты олардың әр автогаз құю станциясы үшін бірайлық орташа тұтыну көлемі ретінде 42 тонна СМГ қарастыру жөнінде шешім қабылдаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімді қабылдау барысында Қазақтан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 20-тарауын басшылыққа ала отырып, Департамент тарапынан шағым келтірілген бұйрықты қабылдау барысында заңмен көзделген талаптар сақталғаны туралы заңды қорытындыға келген.
Сонымен қатар, Комиссияның қызметін ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі №372 бұйрығымен бекітілген СМГ беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережесімен реттеледі.
Осы ережемен келесі талаптар бекітілген:
комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады, комиссия хатшысы комиссияның жұмыс органы қызметкерлерінің арасынан анықталады және оның мүшесі болып табылмайды, комиссияны жергілікті атқарушы орган құрады;
жергілікті атқарушы орган жыл сайын ( мерзім Комиссия құрамы бекітілген күннен бастап есептеледі) комиссия құрамын қайта қарайды және өзектендіреді;
комиссия отырысында бейнежазба жүргізіледі, комиссия отырыстарының бейнежазбалары комиссия отырысы өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органның ресми интернетресурсында орналастырылады;
комиссияның отырыстары, егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының
жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі, комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
Бұл ретте жергілікті атқарушы орган болып табылатын Басқармамен комиссия отырысының заңдылығы қамтамасыз етілмеген.
Атап айтқанда оның құрамы 2022 жылғы 13 қыркүйекке дейін қайта қаралмаған және өзектендірілмеген, оның отырысы барысында кворумның болуы қамтамасыз етілмеген, комиссия мүшесі ретінде бекітілмеген тұлға қатыстырылған, комиссиясының отырысында аудио-, бейнежаба жүргізілмеген және ол ресми интернет-ресурсында орналастырылмаған.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.
Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында жергілікті соттардың сот актілері заңды әрі негізді, өйткені дауланып отырған бұйрықты қабылдау барысында Департамент тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы, жол берілмеген.
Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды. Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасы» КММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.