ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 сәуір 6001-25-00-6ап/229 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
мүдделі тұлға жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) Заара Хаджимамедовна Бабамамедованың өкілі М.Ж.Абуованың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы ЖК Карлыгаш Тасбулатовна Камбарованың жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), Шымкент қаласы білім басқармасы «№59 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №59 мектеп), Шымкент қаласы білім басқармасы «№125 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №125 мектеп), Шымкент қаласы білім басқармасы «№71 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №71 мектеп), Шымкент қаласы білім басқармасы «№87 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №87 мектеп) қорытындылар туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жою, конкурс нәтижелерін қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 тамыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК З.Х.Бабамамедованың кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №11983275-1 санды «Тамақтандыру қызметтерін сатып алу № 59 мектеп»; 2024 жылғы 26 сәуірдегі №11958797-1 «Тамақтандыру қызметтерін сатып алу № 125 мектеп»; 2024 жылғы 14 маусымдағы №11937901-1«Тамақтандыру қызметтерін сатып алу № 71 мектеп» қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған, конкурс бойынша қайта қорытынды жасау міндеттелген.
2024 жылғы 27 маусымдағы «Тамақтандыру қызметтерін сатып алу №87 мектеп» №11937745-1 қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану, күшін жою, конкурс бойынша қайта қорытынды жасауды міндеттеу туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюшы ЖК К.Т.Камбарованың 2024 жылғы 1 шілдедегі №11983275-1 санды «Тамақтандыру қызметтерін сатып алу №59 мектеп» бойынша қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану, күшін жою, конкурс бойынша қорытындыны қайта жасауды міндеттеу жөніндегі талап қоюды қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылған.
Бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға ЖК З.Х.Бабамамедова кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлға Департамент өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқарманың өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасы отырысына
келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы мүдделі тұлға ЖК З.Х.Бабамамедованың өкілі М.Ж.Абуованың кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқармамен №№59, 71, 87 және 125 мектептерде білім алушыларға тамақтандыру қызметтерін сатып алу туралы конкурс өткізілген.
№59 мектеп бойынша : конкурсқа 19 әлеуетті өнім беруші қатысқан. 2024 жылғы 27 сәуірдегі қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК Жолтаева – 22 баллмен жеңімпаз атанған, ЖК Мамбеталиева – 2 орын (22 балл), ЖК Назарова – 3 орын (22 балл), ЖК Пайзиева – 4 орын (21 балл), «Базис» ЖШС-гі – 5 орын (20 балл), ЖК Юлдашева – 6 орын (19 балл), ЖК Камбарова – 18 баллмен 7 орын алған.
№71 мектеп бойынша : конкурсқа 11 әлеуетті өнім беруші қатысқан. 2024 жылғы 27 сәуірдегі қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК З.Х.Бабамамедова – 22 баллмен жеңімпаз атанған, ЖК Бейсебаева – 2 орын (22 балл), «Мега энергосервис» ЖШС-гі – 3 орын (18 балл), ЖК Камбарова - 4 орын (18 балл), ЖК Ахметова – 18 баллмен 5 орын алған.
№87 мектеп бойынша : конкурсқа 13 әлеуетті өнім берушілер қатысқан. 2024 жылғы 27 сәуірдегі қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК Назарова - 22 баллмен жеңімпаз атанған, «Базис» ЖШС-гі –2 орын (20 балл), ЖК Камбарова – 3 орын (18 балл), ЖК Жолтаева – 4 орын (18 балл), ДК Жабагибаев 17 баллмен - 5 орын алған.
№125 мектеп бойынша : конкурсқа 15 әлеуетті өнім беруші қатысқан, 2024 жылғы 26 сәуірдегі қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК З.Х.Бабамамедова – 22 баллмен жеңімпаз атанған, ЖК Назарова – 2 орын (22 балл), ЖК KanEl – 3 орын (22 балл), ЖК Ахметова - 4 орын (20 балл), «Базис» ЖШС-гі – 5 орын (20 балл), ЖК Камбарова – 18 баллмен 6 орын алған.
Конкурсқа қатысушылардың шағымдарымен Департамент камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаламар жолдаған. Олар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі апелляциялық департаментімен қаралған.
Осыған сәкес, ұйымдастырушымен №59, №71, №87 мектептер бойынша екінші қорытындылар туралы хаттамалар жарияланған.
№59 мектеп бойынша : 2024 жылғы 1 шілдедегі қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК Мамбеталиева – 22 баллмен жеңімпаз атанған, ЖК Назарова – 2 орын (22 балл), ЖК Пайзиева – 3 орын (21 балл), ЖК Юлдашева – 4 орын (19 балл), ЖК Камбарова – 18 баллмен 5 орын алған.
№87 мектеп бойынша : 2024 жылғы 27 маусымдағы қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес, ЖК Жабагибаев - 22 баллмен жеңімпаз атанған, ЖК Назарова – 2 орын (22 балл), «Базис» ЖШС-гі – 3 орын (20 балл), ЖК Камбарова – 4 орын (18 балл), ЖК Жолтаева – 18 баллмен 5 орын алған.
№71 мектеп бойынша : 2024 жылғы 14 маусымдағы қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК З.Х.Бабамамедова – 22 баллмен жеңімпаз атанған, ЖК Бейсебаева – 2 орын (22 балл), «Мега энергосервис» ЖШС-гі – 3 орын (18 балл), ЖК Камбарова - 4 орын (18 балл), ЖК Ахметова – 18 баллмен 5 орын алған.
Конкурстар қорытындыларымен келіспеген ЖК Камбарова жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Жоғарыда көрсетілгендей бірінші сатыдағы сот №№ 59, 125 және 71 мектептер бойынша конкурстар қорытындысын заңсыз деп танып, ал №87 мектеп бойынша талап қою бөлігін қанағаттандырудан бас тартқан.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің №59 мектеп бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы бөлігінің күшін жойып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдаған.
Сот актілеріне ЖК З.Х.Бабамамедовадан басқалары кассациялық шағым бермеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК З.Х.Бабамамедова шағымы шегінде қаралады.
Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен ішіара келісіп, өзгерту енгізгенде, мына мән-жайларды негізді ескерген.
ЖК З.Х.Бабамамедова мен Досыбай А., Туймебекова Г., Досыбаева А., Абдулақызы Ш. арасында 2023 жылы 4 қаңтардан бастап аспаз ретінде еңбек шартары мен жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар рәсімделген, еңбек шарттарының аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсаны деп белгіленген.
Қалған аспаздар А.Зорина, М.Михтилуев, А.Алимов 2022 жылғы 5 қаңтардан (бір жылдық мерзімге), 2023 жылғы 4 қаңтардан (бір жылдық мерзімге), еңбек шарттары мен жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтармен аспаз қызметіне тағайындалған, ал А.Жүніс 2024 жылғы 4 қаңтардан еңбек шарты және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық негізінде аспаз қызметіне тағайындалған, аталған жұмысшылармен еңбек шарттарының аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсаны деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ енгізіп отыруға міндетті. ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылдың 27 қарашасында берген мәліметіне сай еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен алынған мәліметтерінде ЖК З.Х.Бабамамедованың аспазшылары – О.Досыбай, Г.Туймебекова, А.Досыбаева, Ш.Абдулақызы, А.Зорина, М.Михтилуев, А. Алимовқа қатысты еңбек шарттарының 2023 жылдың 31 желтоқсанында бұзылғандығының тіркелгендігі (мерзімдері бітуіне байланысты) көрсетілген. Сонымен қатар, аспаз А.Жүніспен еңбек шарты бойынша қандай да бір мәліметтердің «enbek.kz» порталында тіркелмегендігі анықталған.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 25-тармағында конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші еңбек ресурстарының болуы біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс екендігі көзделген.
Қағиданың 7- қосымшасының ескертпесіне сай әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп жарияланған және (немесе) шартқа сәйкес ағымдағы конкурсты өткізу кезеңінде қызмет көрсететін және (немесе) басқа ұйымда қызметін жүзеге асыратын бұрын өткізілген конкурстарда әлеуетті өнім беруші ұсынған аспаздардың болуы туралы мәліметтерді ұсынған кезде конкурстық комиссия балл қоймайды. Қызметкерлер туралы мәліметтерді тексеруді конкурсты ұйымдастырушы веб-порталда жүзеге асырады.
Осы нормалардың мазмұнынан әлеуетті өнім берушілер қызметкерлерінің бір құрамымен Қағидада көрсетілген бірнеше нысандарда бір уақыт кезеңінде білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруына жол берілмейді. ЖК З.Х.Бабамамедова конкурстарға жалпы саны 26 аспаз ұсынған. Сондықтан ЖК З.Х.Бабамамедованың №71, №125 мектептер бойынша конкурсқа ұсынған аспазшыларына конкурстық комиссиямен бал берілмеуі тиіс болған (аспазшының болуына және оның еңбек өтілі бойынша). Жоғарыда аталған мән-жайлар ЖК З.Х.Бабамамедоваға ол қатысқан конкурстар бойынша негізсіз жоғары баллдар қойылуына әкеп соқтырған. Қағиданың 72-тармағының 1) тармақшасына сай әлеуетті өнім беруші егер ол конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмесе конкурсқа қатысуға жіберілмейді, конкурсқа қатысушы, конкурс жеңімпазы ретінде таныла алмайды.
Соттардың басқа әлеуетті өнім берушілер жөніндегі және басқа да келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 тамыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Заара Хаджимамедовна Бабамамедова жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын .
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.