ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 шілде 6001-23-00-6ап/2747 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар –Е.Ж.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
талап қоюшы Ж[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігінің, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің әрекеттерін, әрекетсіздіктерін заңсыз деп танып, талап қоюшының кадастрлық №[...], №[...], №[...] жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдауды мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысына талап қоюшы Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігінің, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің әрекеттерін, әрекетсіздіктерін заңсыз деп танып, өзіне тиесілі кадастрлық №[...], №[...], №[...] жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдауды мәжбүрлеу туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Жауапкерлер сот отырысына келмей, сотқа қатыспау себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшының пікірін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2006 жылғы 20 желтоқсандағы Шымкент қаласындағы жер телімдерін сату жөніндегі аукционның негізінде Ж[...] Жаңа базар аумағы, Шымкент-Шаян бағыты аймағында 0,0600 га (кадастрлық №[...]), 0,0452 га (кадастрлық №[...]), 0,3093 га (кадастрлық №[...]) жер учаскесі сауда бутиктерін жобалап құрылысын жүргізу үшін 2 400 000 теңгеге сатылаған.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 23 желтоқсандағы №1646 қаулысымен бекітілген Шымкент сити егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша №[...], №[...], №[...] жер телімдері көпшілік пайдаланатын көше енділігіне және көп қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан.
2022 жылғы 8 қарашада және 7 желтоқсанда талап қоюшы жауапкерге жер телімдерінің мемлекет мұқтажына алынатыны жөнінде мәлімет беру жөнінде өтінішімен жүгінген.
2022 жылғы 23 қарашада №24-10-06/15137 санды «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММнің хатымен Ж[...] өтініші Шымкент қаласының құрылыс басқармасына жолданған. 2022 жылғы 22 желтоқсанда «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-нің хатымен Ж[...] жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алуға қаулы қабылданбағаны хабарланған. Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырырып, төменде көрсетілген мән-жайларды негізді ескерген.
Жер кодексінің 84 – бабына сай жер телімі мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Мемлекет мұқтажы үшін жер пайдаланушыдан жер телімін мәжбүрлеп алып, иеліктен шығару, оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның қаулысы негізінде жүргізіледі.
Осы қаулы тапсырыс беруші тиісті өтінімді және жерге орналастыру жобасын жер кодексінің 151-бабының 4-тармағына және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министірінің 2015 жылғы 6 мамырдағы №379 бұйрығының 5-тармағына сәйкес ұсынған жағдайда қабылданады.
Кәзіргі таңда, кадастрлық №[...], №[...], №19309-061-4676 жер телімдеріне қатысты шаралар қолданылмаған, жобалаусметалық жұмыстары жүргізілмеген және бюджеттен қаражат қарастырылмаған.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар Е.Өмірәлиев Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.