ВС РК - Постановление от 24.11.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1108 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 24 қараша 6001-22-00-6ап/1108 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшы – ««NRB[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі Н[...],

жауапкер – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілі Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы ««NRB[...]»» ЖШС-нің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-не (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) 2021 жылғы 8 қыркүейктегі №11633209-21 бұйрығының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 ақпандағы шешіміне және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 мамырдағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 мамырдағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – тапсырыс беруші, Мекеме) «Алакөл ауданы Ақши [...] көлінің жағалауын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына» ашық конкурс тәсілімен 55 127 678 теңге мемлекеттік сатып алу өткізген.

Мемлекеттік сатып алудың қортындылары бойынша ең төменгі баға ұсынымы бойынша «NRB[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – өнім беруші, Серіктестік) жеңімпаз болып танылған.

2021 жылғы 17 тамыздағы конкурсының нәтижесі бойынша 41 345 000 теңге ұсынған Серіктестік жеңімпаз болып танылған.

2021 жылғы 2 қыркүйекте тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу вебпорталы арқылы талап қоюшыға қол қою үшін мемлекеттік сатып алу туралы шартты жолдаған.

Бірақ заңда көзделген мерзімде «NRB[...]» ЖШС-гі шартқа қол қоймаған.

Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі бұйрығымен Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.

Төменгі сатыдағы соттар «NRB[...]» ЖШС-нің шарт жасасудан жалтару ниеті болмағандығын анықтап талапты қанағаттандырған кезде әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алғаны негізді болып табылады.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

Сонымен қатар сот алқасы, Серіктестіктің мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілуіне байланысты 2021 жылдың қыркүйек айынан осы күнге дейін, яғни бір жыл екі айдан аса мемлекеттік сатып алуға қатыспай келе жатқандығын да назарға алады. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 ақпандағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов Судьялар Ш.Даниярова Е.Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.