№6001-24-00-6ап/1235
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 3 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нурбаев болып,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Н.А.Молдахановтың
талап қоюшылардың өкілдері А.О.Куралбаевтың, Б.И.Айтеновтың қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шардара қаласы әкімінің, «Шардара аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2022 жылғы 16 қарашадағы № 47 және № 48 нұсқамаларды заңсыз деп танып күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 тамыздағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2022 жылғы 16 қарашадағы «Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы» №47, №48 нұсқамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Істің мән-жайларына қарағанда Шардара қаласының әкімінің 2018 жылғы 12 наурыздағы №51, 2021 жылғы 28 мамырдағы №154 шешімдеріне сай Қ.Р.Жұмабекке осы қаланың Б.Тажиев көшесінде кадастрлық №19-308005-354 алаңы 3053,3 шаршы метр жер учаскесінде орналасқан шағын кәсіпкерлік нысанын кеңейту мақсатында жапсарлас жатқан 1 943 шаршы метр жер учаскесіне және кадастрлық № 19-308-005-388 алаңы 0,10455 га жер учаскесіне жапсарлас жатқан 0,163 га жер учаскесін шағын кәсіпкерлік нысанын кеңейту мақсатында жеке меншік құқығымен сатылып беру жөнінде құқық пайда болған.
Аталған шешімдер негізінде Бөлім мен Қ.Жұмабектің арасында 2018 жылғы 18 сәуірінде №28 және 2021 жылғы 15 маусымында №28 жер учаскелерін сатып алу-сату келісім-шарттары жасалған.
Жер учаскелеріне кадастрлық сәйкестендіру актілері рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуден өтіп, нысаналы мақсаты шағын кәсіпкерлік субъектісі үшін-деп айқындалған жер телімдері Қ.Жұмабекке жеке меншік құқығы тіркелген.
Шардара қаласының әкімінің 2021 жылғы 4 қарашадағы №337 шешімімен жоғарыда көрсетілген жер телімдері біріктіріліп, кадастрлық 19308-005-538 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, 2021 жылғы 25 қарашада мемлекеттік тіркеуден өткен.
Департамент тарапынан Шардара қаласының тұрғыны Б.Бекетовтің арызына сәйкес, 2022 жылғы 1 қарашадағы №110 тексеру тағайындау актісі негізінде «Шардара қаласы әкімінің аппараты» ММ-не және 2022 жылғы 4 қарашадағы №109 тексеру тағайындау актісі негізінде Бөлімге тексеру жүргізілген.
Тексеру нәтижесімен, мүдделі тұлға Қ.Жұмабекке аталған жер учаскелерін беру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43, 48-баптарының, Қазақстан Республикасының Су кодексінің 115, 125-баптарының талаптары бұзылғандығы анықталған.
Жер телімдері мүдделі тұлға Қ.Жұмабекке сауда-саттық тәртібі қолданылмастан және «Қызылқұм», «Шардара» каналдарының су қорғау белдеуіне кіретіндігіне байланысты, жауапкермен 2022 жылғы 16 қарашада даулы №47, 48 нұсқалар қабылданған.
Нұсқамаларда Қ.Жұмабекке қатысты Шардара қаласының әкімінің шешімдерін, Бөлім мен Қ.Жұмабектің арасында жасалған жер учаскелерін сатып алу-сату келісім-шарттарының күшін жою туралы көрсетілген. Бұл Нұсқамалармен келіспей, талап қоюшылар сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, даулы нұсқамаларда көрсетілген «Қызылқұм», «Шардара» каналдарының су қорғау белдеулері белгіленбеген, себебі бұл каналдар жер үсті су объектісі болып табылмайды, сондықтан оған су қорғау аймағы мен белдеулері және шаруашылық пайдалану режимі бекітілмеген.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 24 шілдедегі №200 «Су қорғау аймақтары, белдеулері, олардың шаруашылық пайдаланудың режимі мен ерекше жағдайлары туралы» қаулысының 1- қосымшасына сәйкес, «Қызылқұм», «Шардара» каналдарының су қорғау белдеулері белгіленбеген және Су кодексінің талабына сәйкес, аталған каналдар өзендерге теңестірілген каналдарға жатпайды деген тұжырымға келген.
Соттардың тұжырымдарымен келісе отырып, сот алқасы талап қоюды сенім құқығын қорғау қағидатын қолдану арқылы қанағаттандыру себептерін толықтыру қажет деп санайды.
ӘРПК-нің 13 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.
ӘРПК-нің 84 - бабының алтыншы бөлігіне сай әкімшілік рәсімге қатысушы, егер: 1) соның негізінде әкімшілік акт шығарылған құқықтық акт конституциялық емес деп танылса; 2) әкімшілік рәсімдерге қатысушы ұсынған құжаттың не мәліметтердің қасақана анық еместігі белгіленсе; 3) әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатысушының заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен, прокурордың, қылмыстық қудалау органының, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) қаулысымен белгіленген құқыққа қарсы әрекеттерді жасауы нәтижесінде қабылданса; 4) әкімшілік акт мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғайтын не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін ауыр еңсерілмес салдарға алып келуі мүмкін болса, сенім құқығын қорғау қағидатына сілтеме жасауға құқылы емес.
Мүдделі тұлға Қ.Р.Жұмабекке 2018 жылдан бастап жер учаскелеріне жеке меншік құқығы берілген.
Көрсетілген уақыттан бастап ол жер учаскені игеріп, нысаналы мақсатымен пайдаланған. Оған іс бойынша көрсетілген қағиданы қолдануды болдырмайтын негіздер белгіленбеген. Даулы нұсқамалардың екінші бөлігінде «алдағы уақытта осындай бұзушылықтарды жою және болдырмау жөнінде және жеке және заңды тұлғалардың жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы өтініштерін заңнамада белгіленген қарау тәртіптерін қатаң сақтау қажеттігі туралы іс-шаралар жүргізілсін» деп көрсетілген.
Көрсетілген бөлікте шағымданатын нұсқамалар заңды және негізді болып табылады, және олардың күшін жоюға жататын негіздер жоқ.
Әкімнің даулы нұсқамаларды шығарудың негіздерінің бірі Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұзу, атап айтқанда, Қ.Жұмабекке аукцион өткізбей жер учаскелерін беру болып табылған. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 13-бабы 1- тармағына сәйкес құқық бұзушылықтар профилактикасының және кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды орындау уәждемесінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану алдында басымдығы бар.
Аталған Кодекстің 130-бабы 3-тармағы 1) тармақшасына сай мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың міндеттерінің бірі ол құқық бұзушылықтардың, зиян (нұқсан) келтірудің профилактикасын қамтамасыз ету болып табылады.
Осыған байланысты, Қ.Жұмабекке жер учаскесін беру кезінде жол берілген бұзушылықтар орын алғанын және оларды жоғарыда көрсетілген мән-жайларға сүйене отырып күшін жоюға мүмкіндік жоқ екенін назарға ала отырып, мұндай бұзушылықтарға жол бермеу талабы жауапкердің қызметінің құзыретіне, мақсаттары мен міндеттеріне пропорционалды және тиісті болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар бойынша сот алқасы, даулы нұсқамалардың 2-тармағын заңсыз деп танылған сот актілерінің бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қою қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп есептейді.
Қалған бөлігінде сот актілері өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы қаулысы өзгертілсін.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 16 қарашадағы «Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы» №47, 48 нұсқамаларының 2-тармағын заңсыз деп танылған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қою қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Қалған бөлігінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.