ВС РК - Постановление от 13.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/2292 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2292

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 13 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, жауапкердің өкілі Т.Қ.Қанатовтың қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қанағат Балтабайқызы Қалибайдың жауапкер «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қоғам) хаттамалық шешімді заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 мамырдағы ұйғарымы мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қ.Б.Қалибай жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 мамырдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

ӘРПК-тің 136-бабының бірінші бөлігінің талабына сай дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Іс материалдарын анықталғандай, Қ.Б.Қалибайға Америка Құрама Штаттарында «магистратура» бағдарламасы бойынша «Үлкен деректерді талдау, салалар бойынша предиктивті талдау» мамандығында оқу үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясы шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2022 жылғы 12 шілдедегі №22-32-3.3 шешімімен берілген.

Талап қоюшы 2023 жылғы күзгі семестрде магистр дәрежесін алу үшін міндетті төрт кредитті төлеу туралы өтінішімен Е-өтініш сервисі арқылы Қоғамға жүгінген.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссиясы отырысының 2023 жылғы 3 қарашадағы № 158 хаттамасы бойынша талап қоюшының «Болашақ» бағдарламасы есебінен 2023 жылғы күзгі семестрде магистр дәрежесін алу үшін міндетті төрт кредитті төлеу туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкерге Комиссия отырысының 2023 жылғы 3 қарашадағы № 158 хаттамасы ресми түрде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінен 2023 жылдың 24 қарашасында № 06-01-06-01-11/7081-И кіріс хатымен келіп түскен.

2023 жылы 1 желтоқсанында талап қоюшының электрондық поштасына және 5 желтоқсанда Outlook корпоративтік поштасына шешім жіберілген. Алайда талап қоюшы сотқа талап қоюмен 2024 жылғы 19 сәуірінде жүгінген. Соттар талап қоюды кері қайтарып, талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруге талап қоюшы негізді себептер келтірмегендігін көрсеткен.

Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.

ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 мамырдағы ұйғарымы мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Қанағат Балтабайқызы Қалибайдың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.