Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/473(2) (Гражданское)

№6003-26-00-2к/473(2)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов,

судьялар А.К.Есдаулетов, Г.М.Даулеткалиева,

талап қоюшы Б[...], оның өкілі Т[...], жауапкердің өкілі Б[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құралдары арқылы талап қоюшы Б[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықтың күшін жойып, заңсыз деп тану, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Б[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда талап қоюшының қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылуы заңды екенін, сондай-ақ оның сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғанын негізге алған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталғанын, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғанын көрсетіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы сот актілерімен келіспей, тәртіптік жаза қолдану кезінде заң талаптары сақталмағанын, жекеше қаулы негізсіз дәлел ретінде алынғанын, қылмыстық істің тоқтатылғаны ескерілмегенін, талап қою мерзімін өткізіп алуының себептері дәлелді екенін, сондай-ақ жалақы өндіру туралы талабына баға берілмегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, шағым уәждерін талқылай отырып, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық

нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, мұндай мән-жайлар кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан талап қоюшының 2021 жылғы 28 маусымнан бастап Түркістан қаласы полиция басқармасының тергеушісі лауазымында қызмет атқарғаны анықталған.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) басшысының 2024 жылғы 19 қарашадағы №792 ж/қ бұйрығымен талап қоюшы «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы негізінде қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылған.

Аталған бұйрыққа Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 16 қазандағы жекеше қаулысына байланысты жүргізілген қызметтік тексеру негіз болған.

Жекеше қаулыда талап қоюшының қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны, дәлелдемелерді толық жинамағаны, сараптамалар тағайындамағаны және істі сапасыз тергегені көрсетілген. Талап қоюшы аталған жекеше қаулыны белгіленген тәртіппен дауламаған.

Заңның 57-бабының 1-тармағына сәйкес тәртіптік теріс қылық жасау тәртіптік жаза қолдануға негіз болып табылады.

Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметтік тәртіпті өрескел бұзу жұмыстан шығаруға негіз болады.

Сонымен қатар, Заңның 57-бабының талаптарына сәйкес тәртіптік жаза қолдану кезінде теріс қылықтың сипаты мен ауырлығы ескеріледі, алайда жаза түрін таңдау жұмыс берушінің құзыретіне жатады.

Осыған байланысты, соттар талап қоюшының әрекеттерін қызметтік тәртіпті өрескел бұзу ретінде бағалап, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңды деп дұрыс тұжырымға келген.

Кассациялық шағымда көрсетілген жекеше қаулының дәлелдемелік күші туралы уәждер негізсіз.

Жекеше қаулы өздігінен жауаптылыққа тартуға негіз болмаса да, ол қызметтік тексеру жүргізуге заңды негіз болып табылады және оның нәтижелері басқа дәлелдемелермен жиынтықта бағаланған. Қылмыстық істің қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылуы да талап қоюшыны тәртіптік жауаптылықтан босатпайды, себебі Заңның 19-бабына сәйкес қызметкер әртүрлі құқықтық жауаптылық түрлеріне дербес тартылады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша сотқа жүгіну мерзімі – жұмыс беруші актісінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш ай.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179-бабының 3- тармағына сәйкес талап қою мерзімінің өтіп кетуі, егер оны қолдану туралы тарап мәлімдесе, талап қоюдан бас тартуға негіз болады.

Іс құжаттарынан талап қоюшының даулы бұйрықпен 2024 жылғы 3 желтоқсанда танысқаны, ал сотқа тек 2025 жылғы 20 маусымда жүгінгені анықталған.

Талап қоюшы мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін ұсынбаған.

Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексерудің жүргізілуі сотқа жүгінуге объективті кедергі келтірмейді, себебі тәртіптік жазаға шағым жасау құқығы одан тәуелсіз жүзеге асырылады.

Сондықтан соттардың талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартуы заңды.

Басты талап қанағаттандырудан бас тартылғандықтан, жұмысқа қайта орналастыру, жалақы және моральдық зиян өндіру туралы талап қоюлар қанағаттандыруға жатпайды.

Кассациялық шағымда келтірілген өзге де уәждер соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды және іс бойынша жаңа мән-жайларды қамтымайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларын толық әрі жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға беріп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған.

Осыған байланысты даулы сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіздер жоқ.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Төрағалық етуші Н. Ормаханов Судьялар А. Есдаулетов

Г. Даулеткалиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.