Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4475 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4475 6003-25-00-2к/4475(2)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор А.Камашевтің,

талап қоюшының өкілі Ж.М.Мамырдың, жауапкер А.А.Мустафаеваның өкілі С.И.Култасовтың, жауапкер Сарыағаш қаласының әкімінің өкілі А.Оразалиеваның, жауапкер «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Б.Н.Жандардың, Н.А.Рахимовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Гульжан Мусаевна Сарсенбековаға, Айжан Алдиерқызы Мустафаеваға, Сарыағаш қаласының әкіміне, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, нотариус Усен Садуахасович Сейдановқа жер учаскесін жалға беру, жеке меншіке сатып алу-сату және жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз туралы азаматтық істі жауапкерлер Г.М.Сарсенбекованың, А.А.Мустафаеваның Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.М.Сарсенбекованың арасында 2018 жылы 27 шілдеде жасалған №145 жер учаскесін жалға беру туралы шарты, «Сарыағаш ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.М.Сарсенбекованың арасында 2020 жылы 16 қаңтарда жасалған №21 жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату шарты, Г.М.Сарсенбекова мен А.А.Мустафаеваның арасында 2020 жылғы 31 қаңтарда жасалған, нотариус У.С.Сейдановпен куәландырылып №246 тіркелген жер учаскесін сатып алусату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Осы соттың осы күнгі ұйғарымымен азаматтық іс бойынша талап қоюдың Сарыағаш қаласы әкімінің 2018 жылғы 9 шілдедегі №178 және

Сарыағаш қаласы әкімінің 2019 жылғы 9 сәуірдегі №101 шешімдерін жарамсыз деп тану туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкерлер Г.М.Сарсенбекова, А.А.Мустафаева кассациялық шағымдарында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

44-2-бабының 3 бөлігіне сәйкес, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі елді мекендердің бекітілген бас жоспарларының және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының не аумағын орналастыру схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Жер кодексінің 26-бабына сәйкес мемлекеттiк билiк органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берiлген, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік аймағы мұқтажы үшін пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихимәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елдi мекендер, астананың орманды саябақ аймағы жерiндегi ортақ пайдаланудағы, босалқы жер қорындағы, оның iшiнде арнайы жер қорының жер учаскелерi, жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншiкке берiлмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттiк меншiкте болады

«Құқықтық актілер туралы Қазақстан Республикасының» Заңының 64бабыныі 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік органдардың құқықтық актісі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс.

Осы баптың 2-тармағанда мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін құқықтық актілері қабылданған кезінен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауы тиіс.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Іс құжаттарына қарағанда, 2013 жылы 24 желтоқсанда Сарыағаш қаласының Бас жоспары бекітілген.

2018 жылғы 9 шілдеде Сарыағаш қаласы әкімінің №178 шешімімен Г.М.Сарсенбековаға Сарыағаш қаласы, Самал мөлтек ауданы аумағынан бақша өсіру үшін жалпы алаңы 0,50 га жер учаскесі 49 жылға уақытша өтеулі пайдалануға жалға берілген.

Осы шешім негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-306-019-187 сәйкестендіру актісі беріліп, 2018 жылы 27 шілдеде «Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.М.Сарсенбекованың арасында жер учаскесін жалға беру туралы №145 шарт (бұдан әрі - даулы жер учаскесін жалға беру туралы шарт) жасалған.

2019 жылғы 9 сәуірде Сарыағаш қаласы әкімінің №101 шешімімен Г.М.Сарсенбековаға бақша өсіру үшін берілген жалпы алаңы 0,50 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын үй-жайларға қызмет көрсету үшін өзгертіліп, жеке меншікке сатқан.

2020 жылғы 16 қаңтарда «Сарыағаш ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Г.Сарсенбекованың арасында жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату туралы №21 шарт (бұдан әрі - даулы жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату шарты) жасалған.

2020 жылғы 31 қаңтарда Г.Сарсенбекова мен А.Мустафаеваның арасында нотариус У.Сейдановпен куәландырылып №246 тіркелген жер учаскесін сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - даулы жер учаскесін сатып алусату шарты) жасалған.

2024 жылғы 10 желтоқсанда Сарыағаш ауданының прокуроры талап қоюшыға заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс берген.

2025 жылғы 17 ақпанда Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарының хатында кадастрлық №19-306-019-187 жер учаскесі бекітілген Бас жоспарда нысаналы мақсаты орталық стадион қаралғанын хабарлаған.

Талап қоюшы Сарыағаш қаласы әкімінің шешімімен жер учаскесін табыстау барысында Бас жоспарда орталық стадион қаралғанына қарамастан бақша өсіру үшін басқа мақсатта табысталып, жер учаскесін аукцион арқылы беруді айналып өтіп Жер кодексінің талабы бұзылғанын көрсетіп, даулы жер учаскесін жалға беру туралы шартын, даулы жер учаскесін жеке меншікке сатып алу-сату шартын және даулы жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде жер учаскесі 2018 жылғы 9 шілдеде әкім шешімімен бақша өсіру үшін уақытша өтеулі пайдалануға жалға берілген жер учаскесі, бас жоспар бойынша орталық стадион жері болғаны, кейін Бас жоспар негізінде Самал мөлтек ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, Сарыағаш аудандық мәслихатының 2018 жылғы 21 желтоқсандағы №32-315-VI шешімімен бекітіліп, жер учаскесі орналасқан аумақ күнделікті бос уақытты өткізуге арналған үй-жайлар (кәсіпкерлік аумағы) қаралғанына байланысты, талап қою қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Өйткені Жер кодексінің 109-бабына сәйкес, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжейтегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады деп көрсетілген.

АК-нің 157-бабының 3-тармағына және 158-бабының 1- тармағына сәйкес, егер мәміле заң талаптарына сәйкес келмесе, ол жарамсыз болып танылады.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың жер учаскесін жалға беру, жеке меншіке сатып алу-сату және жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануы заңды.

Жер кодексінің 102-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы және бау-бақша шаруашылығы үшiн жер учаскелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елдi мекендердiң жерiнен және босалқы жерден берiледi.

Жауапкерлердің Бас жоспарда көрсетілген орталық стадион және пайдаланудағы орталық стадион екеуінің орналасуы екі жерде, яғни бір жерге түспейді, сондай-ақ орталық стадион мен даулы жер учаскесі бір-бірімен беттеспейді, сондықтан шарттар жарамсыз болып тануға жатпайды деген уәжі келесі себептермен негізсіз.

Расында да Бас жоспарда көрсетілген орталық стадион және пайдаланудағы орталық стадион екеуінің орналасуы екі жерде.

Сонымен қатар, Сарыағаш аудандық маслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №25-201-V шешімімен бекітілген Сарыағаш қаласының бас жоспарындағы көрсетілген орталық стадион іс жүзінде қолданыстағы орталық стадион, екеуі бір нысана болып табылатындығы KAZGIPROGRAD жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің хатында көрсетілген.

Алайда 2018 жылғы 9 шілдедегі Сарыағаш қаласы әкімінің №178 шешімінде Г.М.Сарсенбековаға берілген жер учаскесінің нысаналы мақсаты бақша өсіру үшін деп көрсетілген, ал Бас жоспарға сәйкес даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты орталық стадион деп көрсетілген, сондай-ақ

даулы жер учаскесінің нақты орналасқан жерінің нысаналы мақсаты күнделікті бос уақытты өткізуге арналған үй-жайлар (кәсіпкерлік аумағы) аймаққа кіреді. Демек, Г.М.Сарсенбековаға даулы жер учаскесі берілген кезде бұл жердің нысаналы мақсаты бақша өсіру болып табылмаған.

Қаралып отырған даулы құқықтық қатынастар жер учаскесіні нысаналы мақсатымен ұштасады.

Сондықтан «Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 22 тамыздағы хатында, 2025 жылғы 2 шілдедегі қорытындысында көрсетілген жер учаскесінің нысаналы мақсатымен байланыспайтын мән-жайларға сілтеме жасауы негізсіз.

Істі қарау барысында Сарыағаш қаласы әкімі шешім қабылдағанда және Сарыағаш аудандық жер қатынастар бөлімімен жерге орналастыру жобасы бекітілген кезде Жер кодексінің 48-бабының талаптарын өрескел бұза отырып, аукционға шығарылатын жерді алғашқыда бақша өсіру үшін деп, кейіннен нысаналы мақсатын үй-жайларға (құрылыс ғимараттарға) қызмет көрсету үшін деп өзгертіп, жер учаскесін аукцион арқылы беруді айналып өткендігін өз дәлелін тапты.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкерлер Г.М.Сарсенбекованың, А.А. Мустафаеваның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.